Ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Таразға тарту» жобасы аясында жаңаша түрленген «Үшбұлақ» жағалауының ашылу рәсімі өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Шарада сөз алған Бердібек Машбекұлы көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Елбасымыз тарихымыздың темірқазығына балаған киелі Тараз жері бүгінде туризм мен мәдениеттің ордасына айналып келеді. Осы мақсатта қыруар жұмыстар атқарылып, игі жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Таразға тарту» жобасы өзінің жемісін беріп шаһарымыздың келбетіне сән қосуда. Барлығымыз ашылуына куә болып отырған «Үшбұлақ» жағалауы – «Казфосфат» ЖШС-нің өңірімізге жасаған тартуы. Осылайша көне шаһарымыз тағы бір тамаша демалыс орнымен толығуда. Әлбетте бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта «Зербұлақ» жағалауын да абаттандыру көзделуде. Әрине осындай игі істердің орындалуы ең алдымен бабалар аңсаған азаттығымыздың арқасы екені даусыз, – деген аймақ басшысы «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Нұрхан Нұрланұлына облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Әрі қарай сөз тізгіндеген серіктестік басшысы аймақ басшылығына алғысын жеткізіп, жылы лебізін жолдады.
Бұдан кейін облыс әкімі көпшілікпен бірге жағалауды аралап көрді. Құны 300,0 миллион теңгені құрап, жалпы ауданы 72 000 м2-қа жететін нысанда тұрғындардың бой жазып, сейілдеуіне барлық жағдай жасалған. Жағалауда демалуға арналған орындықтар қойылып, жалпы ұзындығы 91 метрді құрайтын каналдың оң және жақ беткейлерін жалғайтын аспалы жаяу жүргіншілер көпірі орнатылған. Ал нысанның басты назар аударарлық орны – канал суларындағы жасанды серуендеу аралы. Бұл диаметрі 19 метр дөңгелек пішінді көлемді құрылым. Ол негізгі серуендеу аллеясына көпір арқылы қосылады. Сондай-ақ көпір төсемінің бетіне коррозиядан қорғайтын және тайғанауға қарсы жабын ретінде қалыңдығы 10 мм-ге дейінгі тартан жабыны төселген. Әсіресе, жыл санау жүйесіне енген жануарлардың әсем мүсіндері көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Заман талабына сай халыққа қолжетімді ортаны қамтамасыз ету де мұнда басты назарға алынған. Сонымен қатар қоқыс жәшіктері, жарық шамдары мен сәндік тақтайшалар орнатылып, жағалаудың жан-жағы толықтай безендірілген.
Құрбанәлі Шахабай.