Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жан-жақты жоспар жүйелі жұмысқа жол ашады

0 379

Елімізде қарқынды жүзеге асып жатқан «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты көпшілікке тиіп жатыр. Нәтижесінде, республика көлемінде қаншама ауданның тірлігі тіктеліп, әлеуеті артып келеді. Солардың қатарында Сарысу ауданы да бар. Өткен жылдың бедерінде әсіресе, коммуналдық шаруашылықты жүйелеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды.

Өткен қыс ел есінде қытымыр қылығымен қалатыны сөзсіз. Елімізде «кәрі құданың» шатақ мінезі салдарынан жылу беру жүйелерінде бірқатар мәселелер туындағаны белгілі. Дегенмен, аудан орталығы Жаңатас қаласын жылумен қамту ісі ойдағыдай жүргізілді. Осылайша, шағын қалаларды жылумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша бөлінген жоспардағы 1 634 700,0 мың теңге толық игерілді. Жылу жүйелерінің қолданылуын ұйымдастыру бағдарламасы бойынша 20 369,0 мың теңге бөлініп, қалалық жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өтті.
Ауылдарды таза ауыз сумен қамту ісі де аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Осыған орай, елді мекендердегі су жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 10 782,0 мың теңге бөлінген еді. Оның 7 422,0 мың теңгесіне Жайылма, Игілік, Әбілда елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыз суына зертханалық талдау жұмыстарына 3 382,0 мың теңге төленді. Сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін дамыту бойынша жоспарланған 26 244,0 теңге ауылдардың ауыз су жүйесін жаңғырту және жаңа құрылыстар салуға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға, мемлекеттік сараптама өткізуге жұмсалды.
Соңғы жылдар көлемінде аймақтардың санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге барынша көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта ауданымызда елді мекендердін санитарлық ахуалын қамтамасыз ету бойынша 16 602,0 мың теңге бөлінген. Нәтижесінде, Жаңатас қаласының ішінде санитарлық тазалық жұмыстарына 10 000,0 мың теңге, экологиялық есептер және әр түрлі зертханалық талдауларға 6 602,0 мың теңге төленді.
Аудандағы елді мекендердің өркениет игілігінен кенде қалмауына ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында іске қосылған «Ауыл – ел бесігі» жобасының да шарапаты мол болып отыр. Мәселен, өткен жылы аталған бағдарламасы аясында 211 413 мың теңге қаралып, елді мекендердің ішкі көше жолдарын орта жөндеуден өткізу жұмыстарына жұмсалды.
Аудандағы бірқатар ауылдардың орталықтан едәуір шалғайда орналасқаны өздеріңізге белгілі. Осыған байланысты тұрғындардың қалаға кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатымен жоспарлы жұмыс басталған еді. Нәтижесінде, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялау бағдарламасы бойынша «Жаңатас-Жайлаукөл» бағыты мен Жаңатас қалаішілік бағыттарын субсидиялауға қаралған 16 296 мың теңге толығымен жұмсалды.

Бұдан бөлек, коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы аясында Жаңатас қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын электр қуатымен жабдықтау құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге бөлінген 1 232,0 мың теңге толығымен игерілді. Сол секілді, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламасы бойынша Жаңатас қаласында Цемент зауытына электр желісін тарту жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген 28 000,0 мың теңге және облыстық бюджеттен бөлінген 41 623,0 мың теңгеге толық игерілді. Ал «Qazaq soda» зауытына су жүйесін тарту бойынша республикалық бюджеттен 2 000 000,0 мың теңге және облыстық бюджеттен 222 000,0 теңге бөлініп, бұл қаражат та толығымен игерілді.
Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері желісінің жалпы ұзындығы 525,57 шақырымды құрайды. 2022 жылы аудандық жол саласына 578,9 миллион теңге бөлінген еді. Аталған қаржыға бас-аяғы 21 жол жөндеу жобасы іске асырылды. Оның ішінде, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен – 2, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен – 15, жергілікті бюджет есебінен 4 жоба орындалды. Сондай-ақ бөлінген қаржыдан 35 миллион теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық және қалаішілік жолдарды қысқы-жазғы күтіп ұстау жұмыстарына қарастырылған. Оның аясында шұңқырларды жөндеу, жаңа жол белгілерін орнату, жасанды кедергілер қою, жол сызықтарын сызу және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жұмыстары жүргізілді.
Ал биыл аудандық жол саласына 616,8 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа барлығы 11 жол жөндеу жобаласын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен Шағалалы ауылына кіре беріс жолын, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен жалпы ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын Саудакент ауылындағы Сармолдаев, Ш.Уәлиханов, Абылай хан көшелерін жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Сол секілді осы жоба шеңберінде Жаңаталап ауылындағы Р.Сатенұлы, Данияров көшелерін орташа жөндеуден өткізіп, Данияров көшесін жарықтандыру жоспарда бар. Сондай-ақ Ұйым ауылындағы Сағынтаев көшесі, Жайылма ауылындағы Т.Рахым және Жаңа көшелері, Тоғызкент ауылындағы Төреқожа, Бетпенбет, С. Датқа көшелері де жөндеу көрмек.
Сонымен қатар Жаңаталап, Тоғызкент ауылдарына кіреберіс автожолдарды жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл жұмыстарға 139,9 миллион теңге жұмсалады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтінім берілді.
Жыл соңына дейін жолаушылар көлігі саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілмек. 2022 жылғы 14 желтоқсандағы Жамбыл облыстық мәслихатының 2015 жылғы 25 қыркүйектегі № 40-13 «Жамбыл облысының әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу және мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы № 23-9 шешіміне сәйкес ауданда 8 маршрут әлеуметтік маңызы бар деп танылған болатын. Осы жылдың 27 қаңтар күні жоғарыда айтылған 8 маршрутқа тасымалдаушыларды анықтау мақсатында конкурстық комиссия өтті. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап ауданішілік «Жаңатас-Жайлаукөл», «Жаңатас-Игілік, Саудакент», «Жаңатас-Жайылма, Саудакент», «Жаңатас-Тоғызкент-Әбілдә», ауданішілік «Жаңатас- Ә.Бүркітбаев-Үшбас-Арыстанды», «Жаңатас- Ұ.Сыздықбаев-Ақтоғай» бағыттары және қалаішілік «Орталық базар-Шоқай Датқа көшесі», «5А шағын аудан-Ертегі әлемі аялдамасы-Әулие ата көшесі» бағыттары қатынауда. Ал 2024 жылға «Жаңаталап-Ұйым-Жаңатас» және «Қызылдихан-Маятас-Жаңатас» бағыты бойынша әлеуметтік маңызы бар маршрут ашу жоспарланып отыр.
Тоқырау жылдары Жаңатас қаласынан үдере көшкен халықтан қалған көппәтерлі үйлер ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып, тозып кеткені баршаға мәлім. Алайда соңғы 10 жылға жуық уақыт көлемінде жөндеуге келмейтін үйлер сүріліп, жарамдысы қайта жөнделіп, баспана кезегінде тұрған азаматтарға беріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Мәселен, бүгінде аудан орталығындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитетінің «Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың бюджеттеріне кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге кредит беру» бюджеттік бағдарламасына қатысты 2023 жылға бюджетті нақтылау мақсатында 12 көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына жалпы 409,9 миллион теңгеге Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік ұсыныс берілді. Сондай-ақ тағы 8 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджетке 11,6 миллион теңге көлемінде сұраныс тасталды.
Жоғарыда айтқанымдай, аудан ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету алдыңғықатарлы жұмыстардың бірі болып отыр. Осыған орай, 2023 жылға республикалық және облыстық бюджеттен аудандағы 6 ауылдың ауыз су жүйесінің құрылысына, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстарына 1 846,178 миллион теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес конкурс тәсілдері жүргізуге өтінім беріліп, мердігер анықтау жұмыстары жүруде. Аталған жұмыстар аясында Саудакент ауылының ауыз су жүйесін 614,3 миллион теңгеге, Тоғызкент ауылының ауыз су жүйесін 409,4 миллион теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Шағалалы және Үшбас ауылдарды ауыз су жүйесін құрылыс жұмыстарына 494,3 миллион теңге, Ақтоғай ауылының ауыз су жүйесінің қайта жаңғырту жұмыстарына 328,0 миллион теңге қаралып отыр.
Бұдан бөлек, Жайылма және Маятас ауылыдарының су құбыры желілерін күрделі жөндеу жұмыстарына 390 597,3 мың теңгеге, Ақтам мен Майлыкөл ауылдарына КБМ орнатуға тиісті облыстық басқармаға өтінім берілді,
Ауданды газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатқанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Осы жұмыстар аясында Шағалалы ауылын газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 98 миллион теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда бөлім тарапынан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес конкурс тәсілдері жүргізуге өтінім берілді, мердігер анықтау жұмыстары жүруде.
Жаңатас қаласында орналасқан қалалық қазандықты газдандыру жұмысын жүргізуге 2023 жылға 558,0 млн теңге қаралып, бөлім тарапынан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес конкурс тәсілдері жүргізуге өтінім берілді.
Жоғарыда атап өткендей 2023 жылға Жаңатас қаласында Цемент зауытына электр желісін тарту жұмыстарына және «Qazaq soda» зауытына су жүйесін тарту бойынша республикалық бюджеттен 2 338 143,0 мың теңге қаржы қаралып, жұмыстар жалғасын табуда.

Дәуренбек ШАЛБАЕВ,
Сарысу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,
жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.