Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамыл облысында жаңа құс фабрикасы іске қосылады

0 901

Тараз қаласының іргесінде соғылып жатқан құс фабрикасын желтоқсан айында іске қосу жоспарланған. Онда жылына 21 мың тонна өнім шығарылатын болады.
«АСА АГРО» ЖШС салып жатқан құс фабрикасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, үш жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайды. 2,6 гектар аумақты алып жатқан нысан заман талабына сай жасалып, арнайы құрал-жабдықтармен қамтылады екен.
«Қазір өңірдің Жамбыл, Байзақ аудандарында құс фабрикалары салынуда. Оны ірі бірнеше компания жүзеге асырып жатыр. Жалпы алдағы жылдары құс еті экспортын арттыратын боламыз», – дейді басқарма басшысы.
Ал «АСА АГРО» ЖШС директоры Төлебай Меңдіоразов құс фабрикасындағы үш нысанның жұмысын желтоқсан айында іске қосылатынын жеткізді.
«Бір кездері тауарлы сүт өндіретін фабрика болған ғимарат ұзақ жылдар бойы қаңырап, бос тұрған әрі әбден тозығы жеткен екен. Қазір оны құс фабрикасына ыңғайлап, қайта жөндеу үстіндеміз. Суды алыстан тасымас үшін алдымен ұңғыма қазып, су мұнарасын орнатып алдық. Фабрикаға қажетті құрал-жабдықтар Германиядан жеткізілді. Жыл соңына қарай фабрика алғашқы өнімін бере бастайды», – деді ол.
Т.Меңдіоразовтың сөзіне қарағанда, мұнда жылына 21 мың тонна құс еті сауда орталықтарына шығарылатын болады. Әр нысанда балапандар 42 күнде күтіп-бағылады. Бұл мерзімде балапандар тиісті салмақ жинайды. Фабриканың әр базасына 3 жұмысшыдан бекітілген. Ал келесі жылы 4 баздың құрылысы жүргізіледі. Бұл өндіріс қуатын екі-үш есеге арттырады екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.