Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім жүйесінде бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін алдымен маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру керек. Құзыреттілік бұл – кәсіби әрекет тәсілдерді жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі. Болашақ маман иелерінің бойында білімділік, біліктілік, саналық, жауапкершілік қасиеттерді сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда «WorldSkills» чемпионаттардың рөлі зор.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 2014 жылдан бастап «WorldSkills International» (WSI) халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болып табылады. Қазақстанның «WorldSkills» қозғалысына қосылуы жаңа талаптарға сәйкес ТжКБ кадрларын даярлаудың ұлттық жүйесін қайта қарау үшін негіз болды.
«WorldSkills» халықаралық чемпионаттарына қатысу жұмысшы мамандықтарын дайындаудағы өзекті әлемдік трендтерді зерделеуге, сондай-ақ отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін салыстыруға және бағалауға мүмкіндік береді. «WorldSkills» басты мақсаты жұмысшы мамандықтарының дәрежесін арттыру және дәріптеу болып саналады. «WorldSkills» қозғалысы жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге тартады, сондай-ақ әлемдік аренада еліміздің мамандарының кәсіптік дағдылары мен құзыреттіліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Елімізде техникалық және жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру үшін 2015 жылдан бастап өңірлік және республикалық деңгейлерде «WorldSkills Kazakhstan» (WSK) чемпионаттары өткізіледі. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Д.И.Абдраимовтың басшылығымен студенттеріміз «WorldSkills» өңірлік және республикалық чемпионаттарына жыл сайын қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің құзыреттілік орталығы «WorldSkills» чемпионаттарына қатысушыларды халықаралық стандарттар бойынша дайындайтын жаттығу лагері алыңы болып табылады, сондай-ақ кәсіби бағдар беретін мансап орталығына айналды.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстық колледж студенттері арасында экономикалық өсім мен дербес даму үшін құзыреттіліктердің маңыздылығын көрсету, кәсіби құзыреттілікті арттыру, жоғары білікті мамандардың дәрежесін көтеру мақсатында «WorldSkills Zhambyl-2023» өңірлік чемпионаты өткізілді. Чемпионатқа Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің студенттері 10 құзыреттілік бойынша қатысты. «Кузов жөндеу», «Жеңіл автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету», «Веб-технология», «Графикалық дизайн», «Электромонтаж», «Пісіру технологиялары», «Аспаздық ісі», «Киімді үлгілеу және дизайн», «Кірпіш қалау», «Зертханалық және химиялық сараптау» құзыреттіліктері бойынша басқа колледждерден келген қарсыластарымен бәсекелестік жағдайда өздерінің білімдері мен тәжірибелерін көрсетті. «WorldSkills Zhambyl-2023» чемпионаты нәтижесінде колледж студенттері 3 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен марапатталды. «WorldSkills Zhambyl-2023» өңірлік чемпионатының жеңімпаздары маусым айында Астана қаласында өтетін республикалық «WorldSkills Kazakhstan-2023» кәсіби шеберлік чемпионатына жолдама алып, өз құзыреттіліктері бойынша бақ сынайды. Бұл чемпионат – маман даярлаудың инновациялық үлгісі мен озық тәжірибесін көрсететін білім сайысы. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі студенттері алдағы чемпионатта алған білім, біліктерін өмірде шығармашылықпен қолдана алатын, бәсекеге қабілеттілігін, әлемдік білім кеңістігінде кәсіптік дағдылары мен құзыреттіліктерін жоғары деңгейде көрсететініне сенімдіміз.
Мирас Сейітбек,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Сәулет және байланыс» бөлімінің 2-курс студенті