Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдық жастар тазалықты жақтайды

0 821

Аймақта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Жалпыұлттық шараға облыс тұрғындары, мемлекеттік мекемелер, оның ішінде әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік, туристік мекемелер, ірі сауда орындары мен мейрамхана иелері атсалысуда.

Осыған орай облыс жастары Тараз қаласындағы «Астана» (12) шағынауданы, №26 тұрғын үй аумағына «Таза аула» экологиялық акциясын ұйымдастырды. Шараға қатысушылар тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Табиғатты қорғау, ел аумағындағы елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облысымызда жүйелі жүзеге асуда. Қаланың тыныс-тіршілігіне серпін беріп жүрген жастар қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамайтынын осылай дәлелдеп жүр. Олардың мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, қоғамға, әсіресе жас буынға үлгі көрсету. Сондықтан, мұндай бастамаларға үлес қосу – мен үшін құр міндет емес, жүрек қалауы, – дейді белсенді жас М. Мырзатай.
Осындай бағыттағы іс-шаралар облыстың барлық аудандарында да өткізілді. Атап айтқанда, Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылында және Талас ауданы, Қаратау қаласында орталық саябақта «Таза Like» акциясы ұйымдастырылса, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында «Жаз Ата» саябағы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында «Жастар» аллеясына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері платформа арқылы 259 өтінім түскен. Телеграмм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болған.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясына аймақ бойынша 106 мың адам, 60 ірі және 400-ден аса шағын кәсіпорын қатысты. Шара аясында 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79,2 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 2,7 шақырым көше жолдары, 803,8 шақырым арық жүйелері мен каналдар және 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтары тазаланып, 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.