Тайландтың Бангкок қаласында қарашаның басында жалауы желбіреген су добынан Азия чемпионаты күні кеше өз мәресіне жетті. Жалпы сары құрлық бәсекесінің жүлдесіне ең мықты деген Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония, Сингапур және жарыс қожайыны Тайланд құрамалары таласқан болатын.
Ойындар айналмалы жүйе бойынша өтіп, жартылай финалға төрт құрама жолдама алған-ды. Қазақстан әйелдер құрамасы ақтық ойында бақ сынау мүмкіндігі сарапқа салынған сында жапониялық құрамаға есе жіберді. Ал қола жүлде үшін болған кездесуде жарыс қожайыны тайландтық командадан 14-6 есебімен басым түсіп, Азия чемпионатының қола жүлдесін еншіледі. Сонымен қатар 2023 жылдың мамыр айында Жапонияның Фукуока қаласында өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. Сондай-ақ Дарья Муравьева су добынан Азия чемпионатының «Үздік шабуылшысы» атанды.
Дәл осы дүбірлі додада ел намысын арқалаған ерлеріміздің де мерейі үстем болды. Қазақстан ерлер құрамасы үшінші орын үшін өткен матчта Иран құрамасын 8:5 есебімен тізе бүктірді. Осылайша олар сары құрлық додасының қоласын еншілеп, әлем чемпионатының жолдамасына ие болды. Су добынан ел құрамасы сапында жамбылдық C.Шонжигитов , Э.Цой, М.Ламаев, А.Пуставалов сынды спортшыларымыз өнер көрсеткен болатын.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының құрама командасы толығымен, 100 пайыз тараздық «Айша бибі» су добы клубынан құралған.