Жамбылдықтар XVII жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Нұрдәулет Жұмағалиді қошеметпен қарсы алды.
Алдымен параспортшыны жақындары мен жанкүйерлері «Әулие-Ата» халықаралық әуежайынан құшақ-құшақ гүл шоқтарымен күтіп алып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан соң «Тараз-Арена» спорт кешенінде салтанатты шара ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Өңір басшысы жүзу шеберін айтулы жеңісімен құттықтап, жамбылдықтардың атынан алғыс білдірді.
– Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі додада ел мерейін еселеп, қазақстандықтардың сенімін ақтадың. Әсіресе, Жамбыл жұртының абыройын асқақтаттың! Барша жерлестерің сені мақтан тұтады!
Әлемнің ең басты спорт сайысында күшті ерік-жігер мен табандылық танытып, нағыз ер азаматқа тән мінез көрсеттің! Рекорд жаңарттың! Сен нағыз батырсың!
Бүгінде Паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атынып, айтулы жетістікке жеттің.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісті жолын лайықты жалғай бересің деп сенеміз!
Бұйырса, 2028 жылы өтетін Паралимпиада ойындарында алтыннан алқа тағып, Әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды көкте желбіретуіңе тілектеспін! – деді облыс әкімі.
Нұрдәулет Жұмағалиға жазғы Паралимпиада ойындарындағы жоғары көрсеткіші үшін демеушілердің тарапынан 2 бөлмелі пәтер мен Toyota Camry 75 автокөлігінің кілті табысталды. Жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа да ілтипат көрсетіліп, Haval M6 автокөлігінің кілті берілді.
– Сіздердің қолдауларыңыз бен жылы сөздеріңіз жеңіске жетуіме ықпал етті. Жанкүйер болған баршаңызға алғысым шексіз! Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде топ жарып, ел сенімін ақтайтын боламын, – деді Нұрдәулет Жұмағали.
Салтанатты шарада параспортшының жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаев та құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына 4 жамбылдық спортшы ел намысын қорғап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Оның ішінде Нұрдәулет Жұмағали мен Зульфия Габидуллина (пара жүзу), Өмірәлі Нышан (пара таеквондо) және Салтанат Әбілхасымқызы (пара жеңіл атлетика) бар.