Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда жыл басынан бері 220 көлік апаты тіркеліп, 31 адам қаза тапқан

0 1  147
Жыл басынан бері Жамбыл облысында 220 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 31 адам қаза тауып, 300-ден астамы түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.
Облыстың бас полицейінің айтуынша, аталған апаттардың 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Сондай-ақ, мас жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының саны 16,7 пайызға артқан.
«Жүргізілген талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының көпшілігінің негізгі себептері жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзуы болып табылады, яғни жылдамдық режимін асыра пайдалану, маневр жасау ережелерін бұзу, жол белгілерін сақтамау, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтуді бұзу.
Ал сол апаттарда қаза болған балалардың саны ерекше алаңдатушылық туғызуда, өткен жылмен салыстырғанда олар 4 есеге өсті. Менің ойымша, бұл жағдайда олардың әрқайсысының артында бала өмірі тұрғанда сандар туралы айтудың да қажеті шамалы. Атап өту керек, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасында қаза тапқан бірде-бір жолаушы бала көлікте балаларды арнайы ұстау құрылғысында болмаған. Ата-аналар көбінесе автокөлік орындығын сатып алуды кейінге қалдырады, бірақ бұл баланың өмірінен немесе денсаулығынан қымбат емес екенін есте ұстаған жөн» – дейді полиция генерал-майоры.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда мемлекет апаттылықты азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрландыруға өте көп қаражат бөліп отырғанын айтады. Алайда жүргізушілердің тәртібі төмен болғандықтан өзінің өмірі үшін ғана емес, басқа адамдардың тағдыры үшін де жауапты екенін түсінбейінше, мұның барлығы айтарлықтай нәтиже бермей отыр екен.
«Біз жол-көлік оқиғаларының санын 17 пайызға, қаза тапқандардың санын 26,2 пайызға, ал зардап шеккендердің санын 22,8 пайызға төмендете алғанымызға қарамастан, әрбір өлім оқиғасы жеке отбасы үшін де, жалпы қоғам үшін де қайғылы әрі орны толмас шығын деп санаймын.
Сондықтан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, өйткені тек бірлескен күш-жігермен ғана біз жол қозғалысының әрбір қатысушысының өмірі мен денсаулығын сақтай аламыз.
Құрметті достар, сіздерден өмірде болған оқиғалар негізінде ҚР ІІМ түсірген жол қозғалысы ережесін сақтаудың маңыздылығы туралы осы бейнероликтерді барынша таратуды сұраймын. Мүмкін осылайша біз бір өмірді болса да құтқарып қала аламыз» – дейді А. Баймурзин өз жазбасында.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.