Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда жарқын істер жетерлік

0 120

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді. Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды тиімді іске асырудың арқасында негізгі саладағы көрсеткіштердің серпінді өсуі қамтамасыз етілген.

Айталық, 2022 жылы жалпы өңірлік өнім 2 триллион 749 миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен өңірдегі экономикалық өсім 103 пайызды құраған.
– Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту десек, ағымдағы жылдың осы жылдың төрт айында өңірге 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 7,4 пайызға өскен. Жалпы биыл Жамбыл облысына 572 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы 85,4 миллиард теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар жуырда ғана Жамбылда өткен «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 млн АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 миллион АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған.
Форум шеңберінде екі кәсіпорын, бір демалыс орталығы өз жұмысын бастаса, бір зауыттың іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тарту 4, жер мәселесі 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапқан.
Бұған қоса облыстың күн, жел және су арқылы электр станцияларын салуға әлеуеті өте жоғары десек, бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf», қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниялары ауқымды жел электр станцияларын (1 ГВт) салуға ниет білдіруде.
Жамбыл облысында ағымдағы жылдың төрт айында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102,9 мың бірлікті құрап, 37,7 пайызға артқан. Жалпы өткен жылдың қорытындысымен осы салада жұмыспен қамтылғандардың саны 151,9 мың адам, яғни 22,6 пайызға ұлғайған.
Аймақ басшысының айтуынша, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 198 жобаға 10,7 миллиард теңге несие берілген. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 70,7 миллиард теңгеге 190 жоба қаржыландырылған.
Облыс әкімі өз сөзінде асыраушы сала – ауыл шаруашылығын қолдауға ағымдағы жылы 27,4 миллиард теңге қаржы бөлініп отырғанын да атап өтті. Аталған салада ағымдағы жылы салада 11 миллиард теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ биыл облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 770,4 мың гектарға жетуде. Жыл қорытындысымен саладағы өнім көлемін 10, ал техникамен жаңару деңгейін 12 пайызға арттыру міндеті тұр.
– Жалпы 2025 жылға дейін 181,2 млрд теңгеге 1964 жұмыс орны құрылатын 23 инвестициялық жобаны іске асыруды межелеп отырмыз.

– Өңірде қант өндірісін дамытуға да аса мән берілуде. Мысалы, қант қызылшасы алқабының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұлғайтып, 10 мың гектарға жеткізіп отырмыз. Бұл да өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізері сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының суармалы жер көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста суармалы егіс алқабын ұлғайту үшін ауқымды шаралар қолға алынған. Ол үшін арнайы Жол картасы бекітілді. Карта аясында 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде.
Халықаралық қаржы институттары арқылы 40 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Осы орайдағы жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар аймақта қазіргі таңда құны 13,2 миллиард теңгені құрайтын 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның 2 564 пәтерлі 45 үйі биыл тапсырылмақ. Облыстағы аудан орталықтары мен Тараз қаласында жаңа массивтер мен ықшамаудандар да бой көтеруде.
– Жалпы жыл басынан бері 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар облыс жастарының баспана мәселесін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» атты өңірлік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында былтыр 40 жас отбасы 500 млн теңгеге баспаналы болса, биыл 2 млрд теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беруді көздеудеміз, – деді аймақ басшысы.
Өңірде тұрғын үй мәселесін тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, ертеден жалғасып келе жатқан игі дәстүр «Асар» әдісімен де шешу қолға алынған.
Мәселен, жоба басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасына қоныс тойын тойламақ. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарды бірлікке, қайырымдылық пен мейірімділікке үндеу.
Ағымдағы жылы 3,3 миллиард теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, биыл 1 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым нысанын іске асырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 869 жер телімін тарату және әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделуде. Сондай-ақ халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша биыл 13,6 миллиард теңгеге 54 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 32 елді мекенге ауыз су тартылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 92,0 пайыздан 96,5 пайызға дейін артады деп күтілуде.
Ал 16 жоба аясында қосымша өңірдегі 18 елді мекенге табиғи газ тартылуда десек, нәтижесінде 2025 жылы көгілдір отынмен халықтың қамтылу үлесі 90,2 пайыздан 92,0 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
2023 жылы автожол саласын дамытуға 24,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5 миллиард теңгеге артық.
– Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр жөнделген елді мекен көшелері 367 шақырым болса, биыл 550 шақырымды құрап отыр. 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен және 777,3 шақырым жол орта жөндеумен қамтылатын болады, – деді аймақ басшысы.
Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97 пайыздан 98 пайызға дейін жетеді.
Міне, осындай атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек еткен Нұржан Молдиярұлы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды жауап берді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.