Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда ұлыстың ұлы күні қалай жаңғырды?

0 155

Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, ізгіліктің дәнін сеуіп, мейірімнің шуағын шашатын Наурыз мерекесінің қазақ тарихында алар орны ерек. Араздасқан ағайынды татуластырып, дүйім елді ынтымаққа шақыратын ұлық мейрамды еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін асыға күтеді. Алайда қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде Наурыз мерекесін тойлау қылмыс саналғаны шындық. Десе де, Одақтың іргесі сөгіліп, азаттықтың ақ таңы атқан соң, Ұлыстың ұлы күні жаңаша сипат ала бастады. Ал Жамбыл жерінде бұл мейрам қалай жаңғырды? Өткенге көз жүгіртсек…

Ардагер журналист, сол тұста қалалық мәдениет бөлімін басқарған Мәскеу Нохрабеков әз-Наурыз мерекесі Жамбылда 1988 жылы кең көлемде аталып өткенін айтады.
– Сол жылдары басылым беттерінде Наурыз мерекесін ұлттық мейрамға айналдыру жөнінде ұсыныстар айтыла бастады. Содан «Бұл мейрамды бірінші болып неге Жамбылда мерекелемеске?» деген ұсыныспен қалалық және аудандық партияның атқару комитетіне шықтым. Алайда ондағылар мұны елемеді. Сонда да бұл ойымнан қайтпай, профессор Қапаш Тасболатовқа Наурыз мейрамы туралы мағлұмат алуға бардым. Ол маған бар білгенін айтып, әдет-ғұрыптарын түсіндірді. Содан Фурманов көшесінің бойынан екі жерден қазан көтеріп, наурыз көже пісіріп, №9 ықшамауданындағы мектеп жанына киіз үй тігіп, алтыбақан құрдық. Ертесіне мені қалалық партия кеңесі шақыртып, «ұлттық мерекені насихаттады» деген желеумен қатаң сөгіс берді. Бірақ 1989 жылы Қазақстан Компартиясының орталық комитетінің бұйрығымен Наурыз ұлттық мереке болып бекітілді. Осыдан бастап ұлық мейрамды жасырмай, ашық тойлайтын күн туды. Сол жылғы мерекеде 3 мыңнан астам адам қатысқан қойылым көрсетіліп, 400-ден аса киіз үй тігілді. Тұңғыш рет ұлттық киімдер мен ертегі кейіпкерлерінің киімдерін тіктіріп, Қордай ауданынан көрініске қажетті 3 күйме жасатып, Жамбыл ауданынан арнайы 50 сәйгүлік алдырдық. Бұған қоса, Талас ауданының Ойық ауылынан жеткізілген 15 түйе тағы бар. Осынау зор дайындықпен басталған мейрам күні атқару комитетінің төрағасы мен қалалық партияның бірінші хатшысының халыққа құттықтауын 10 мың дана етіп шығарып, оны ұшақпен қалаға шаштық. Бұдан бөлек, осы күні автобустар барлық бағытта тегін қатынап, қала тұрғындарына саябақтар мен сауықтыру орындары ақысыз қызмет көрсетті, – дейді Мәскеу Нохрабеков өткен күнді еске алып.
Сондай-ақ оның айтуынша, алғашқы мерекелік шараның ашылуына Роза Рымбаеваның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» әнінің үнтаспасы қойылған екен. Ал «Атшабар» аумағына киіз үйлер тігіліп, тұңғыш рет ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, тай көтеру, теңге ілу сынды ұлттық ойындар ойнатылған. Мерекелік шараны «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп, «Жасарған Жамбыл жері» атты фильмді көрерменге ұсынған.
Жаңғырған Ұлыстың ұлы күнін сол жылдары Меркі аудандық мәдениет бөлімін басқарған Дүйсенәлі Бықыбаев та ерекше еске алады.
– 1987 жылы желтоқсан айында ауданның мәдениет бөліміне басшы болып тағайындалдым. Содан Наурыз мерекесін тойлауға дайындықты бастадық. Ең алғаш болып керуенді көш түзеткен де біз болатынбыз. Меркінің орталығындағы мәдениет үйінің маңынан жан-жаққа үлкен думанның басталғанын хабарлап, жаршы жібердік. Ауылдың ішіндегі ашық алаңға киіз үй тігіп, сахна қойдық. Әр ауылдық округтің басшыларына тапсырма беріп, концерттік бағдарлама дайындаттық. Ауылдың өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, өнерлерін паш етті. Бюджетке де, тұрғындарға да ешқандай салмақ салынбады. Халықтың Наурызды сағынып қалғанын олардың шаттық ұялаған жүздерінен аңғару қиын емес еді. Таудың беткейінде әп-сәтте дүбірлі той басталды да кетті. Бір жағында әнші-бишілер өнерлерін көрсетсе, екінші жағында балуандар күресіп, жұрт қошеметіне бөленіп жатты. Бұдан бөлек, ұлттық ойындарымыз көпшілік назарына ұсынылды. Тіпті өзге ұлттың өкілдері де белсене атсалысты. Оларға бұл мейрамның негізгі мәні ұлттарды ұйыстыру екендігін барынша түсіндірдік. Кейін мереке жалпыхалықтық сипат алды. Сол жылдары кейбір елді мекендерде ағайын арасындағы араздық, руаралық талас-тартыс та қылаң беріп жүрген. Ұлыстың ұлы күні солардың барлығын татуластырып, жұртшылықты жұдырықтай жұмылдырып жібердік. Мұның бәрін бейнетаспаға түсіріп, тарихқа мол мұра қалдырдық, – дейді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов та сол кездегі халықтың Наурызды тойлауы күні бүгінгідей көз алдында екенін айтты.
– 1988 жылы мен мектепті жаңа бітірген бозбала болатынмын. Жалпы мектеп қабырғасында оқып жүргенде, туып-өскен жерім Мойынқұм ауданындағы Құмөзек ауылында Ұлыстың ұлы күні бар сән-салтанатымен аталып өтті. Ауылдың орталығына дастарқан жайылып, киіз үй тігіліп, халық ұлттық киімдерін киіп, мәре-сәре болатын. Жастар жағы алтыбақан теуіп, асық ойнайтын. Студент болып қалаға келген жылдары да халқымыз осы ынтымағынан ажыраған жоқ. 1991 жылы қазіргі «Тараз-Арена» спорт кешенінің орнында шамамен 100 шақты киіз үй тігілді. Бір ерекшелігі – киіз үйлердің өзінің атауы болатын. Мәселен, біреуін «Мойынқұм ауылы», екіншісін «Талас ауылы» деп атады. Ол кезде Жамбыл педагогикалық институтында білім алып жүргенмін. Шара барысында сахналық көрініс қойып, ұлттық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсеттік.
Азаттық таңы атқан соң Наурыз мейрамы жаңаша кейіпке енді. Алайда жастарымыз әлі де бұл күннің маңыздылығын түсіне алмай жүрген секілді. Себебі арамызда әз-Наурызды тек киіз үй құрып, оюлы шапан кию деп түсінетіндер бар. Сондықтан өскелең ұрпақтың санасына Ұлыстың ұлы күнінің қадір-қасиетін барынша ұғындыруымыз қажет, – дейді Ерболат Байұзақұлы.
Есте жоқ ескі заманнан бастау алып, бүгінгі күнге жеткен Наурыз мерекесін жамбылдықтар осылайша бірлікпен, жұдырықша жұмылған татулықпен жаңғыртқан. Енді кейінгі ұрпақ та ұлық мерекенің қадірін ұғынып, ғасырлар белесінде ұлықтасын деп тілейміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.