Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық шарттар жасасу мен олардың жүзеге асу мәселелері қаралды.
Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов облыс кәсіпорындарындағы жалақы берешектерін анықтау және жою, өндірістік жарақаттанушылықты төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Ұжымдық шарттармен өңірдегі кәсіпорындардың жалпы санының 71,4 пайызы қамтылды. Жамбыл облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада үшінші орында.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 195 кәсіпорын 24472 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 24 пайызға арттырған. Бұл көрсеткіш бойынша көшбасшылар үштігіне Тараз (30 кәсіпорын), Байзақ ауданы (60), Шу ауданы (33) кіреді.
Жиында Еңбек қатынастары саласында атқарылған жұмыстар туралы Тараз қаласының және аудандардың әкімдері, кәсіпорын басшылары, «Жамбыл облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов есеп берді.
– Аудандық әкімдіктер, еңбек инспекциялары, кәсіподақтар жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы нормаларын сақтауына қатысты мәселелерді бірлесіп шешулері керек. Ұжымдық шарттардың талаптарын орындау, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, жалақыларды уақытылы төлеу мәселелері назардан түспеуі тиіс. Кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарындағы жағдайды тұрақты түрде зерттеп, құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде құзырлы органдарды хабардар ету, еңбек жанжалдарының алдын алу шараларын қабылдау қажет,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы кәсіпорындарда жұмыс орындарының, жалақының қысқаруына жол бермеу және өндірістік жарақаттану жағдайларын болдырмау бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Б. Сапарбаев жақын арада ірі кәсіпорын басшыларының қызметкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауға қатысты есептерін тыңдайтынын ескертті.