Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда 23 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүруде

0 271

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында 46 жаңа үлгідегі нысан салуға нақты қажеттілік айқындалған. Соған сәйкес, 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 жобаның құрылысы қолдау тапқан. Оның 10-ы осы жылға, 20 нысан 2024 жылға жоспарланған. Қалған 15 нысан 2025-2026 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте жан-жақты айтылды. Жиында алдымен аймақ басшысы биылғы он айдағы экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып өтті.

Басқосудың күн тәртібі бойынша баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асуы және денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің орындалуы туралы хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарына 389 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді. 341 БМСК және 38 ауруханалық нысанда 15 726 медициналық қызметкер (оның ішінде 3 478 дәрігер, 12 248 орта буын қызметкерлері) қызмет атқаруда.

– Бүгінгі күнге облыста дәрігерлер тапшылығы 2022 жылы 106-дан 80 бірлікке төмендеді. Қазірге дейін өңірге 101 жас маман келді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, 2023 жылдың 1 қаңтарынан денсаулық сақтау ұйымдарындағы 11 896 медициналық қызметкерлерінің жалақысы 20-30 пайызға көтерілді. Ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша, облыстағы денсаулық сақтау нысандарының тозу пайызы 40,3-ті құрады,-деген басқарма басшысы материалдық базаны нығайту бойынша 3 жылға 3,2 млрд. теңгеге 45 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынатындығын тілге тиек етті.

Келесі кезекте сөз алған құрылыс басқармасының басшысы Данияр Темірбеков ағымдағы жылы құрылыс басқармасы тапсырысшы болып табылатын 23 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 3,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, жыл қорытындысымен 18 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланғандығын жеткізді. 5 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі болып табылады.

Тапсырылатын 18 нысанның 10 нысаны «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқталады.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 38,3 пайызға дейін төмендейді деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізеді деп күтілуде.

Облыс әкімі денсаулық сақтау саласы мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бірақатар өзекті мәселелерге назар аудартты.

Кейбір көрсеткіштерді орындаудағы кемшіліктер бойынша аудан әкімдерінен жауап алған аймақ басшысы ана және нәресте өлімі, қызылша ауруының өршуі, халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағытындағы шараларды күшейту, нысандардың құрылысының кешігуіне қатысты сын-ескертпелер жасады. Сондай-ақ, көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызметтің сапасын арттыру, құрылыс жұмыстарының сапасымен мерзімін бақылауға алу бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша  бірқатар қаулы жобалары қаралып, қабылданды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.