Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл журналистикасының жарқын жолы

0 269

Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі бүгін де өзекті. Әрине, әдебиет – ардың ісі десек, журналистика – әділдіктің қанаты деуге болады. Билік пен бұқараның арасына алтын көпірге айналған басылымдарға бүгін де зор жауапкершілік жүктелген. Бұл қатарда Жамбыл журналистикасының алар орыны ерек.

Жамбыл журналистикасы туралы сөз болғанда ең әуелі есімізге биыл жарық көргеніне 106 жыл толған облыстық «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Знамя труда» газеті түседі. Аталмыш газет 1919 жылдан бастап Әулиеата атқару комитетінің және уездік комитетінің атынан жарық көре бастаған. «Аулие-Атинский вестник» атауымен оқырманға жол тартқан басылымның алғашқы редакторы кеңестік жазушы Анна Алматинская болды. Заман ағымына сай әр жылдары газеттің атауы «Беднота», «Профессиональный вестник», «Дехканин», «Радиограммы РОСТА», «Вольная беднота», «За пятилетку», «Сталинский путь», «Коммунист» болып өзгеріп отырған. Жарты ғасырға жуық уақытта бірнеше мәрте аты өзгерген басылым 1963 жылдың 1 маусымынан бастап қазіргі атауы қалыптасты.
Осы аралықта басылым облыстағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі мен мақсат мүддесін алдыңғы қатарға шығарып, билік тарапынан жіберілген кемшіліктерді журналистиканың нәзік мақамына салып, сатира, мысалдар мен фельетондар арқылы сынап отырды. Тіпті, осы кезеңде Иван Перов деген жалпы лақап атпен әртүрлі авторлардың жарияланымдары жарық көріп тұрды. Сол арқылы журналистер жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақ ұйымдары мен түрлі деңгейдегі бастықтардың жұмысындағы кемшіліктер мен орындалмаған жоспарларды нысанаға алды. Газеттегі мұндай тың стиль 60-шы жылдардың аяғына дейін сақталыпты.
Журналистердің тынбай істеген жұмысының нәтижесінде 1979 жылы газет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ал 2019 жылы жүз жылдық қарсаңында басылым ұжымы өңірлік журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы алғысына ие болды.
Аталған үнпараққа әр жылдары Иван Попашенко, Георгий Фоменков, Балла Иордания, Мария Чернова, Владимир Шпак, Светлана Соболева, Светлана Манько, Владимир Стебелев, Владимир Козыренко, Альфред Славутский, Амантай Айзахметов, Лариса Чепкасова, Мыңайдар Мырзагужинов, Любовь Фоминская, Наталья Перфильева, Көкен Оршабеков, Василий Мазур, Михаил Те, Лариса Қонысбаева, Сәуле Сейдахметова, Жарылқасын Нұралиев секілді қаламы қарымды журналистер қызмет атқарды.
Басылымның жүз жылдан астам тарихында белгілі журналистер – Г.Череватов, Дмитрий Рябов, Лев Негрышев, Николай Токарев, Бенджамин Чундеров, Ирина Маликова, Людмила Перекольская, Игорь Неволин, Бекет Момынқұл, Татьяна Борисенко бас редактор болды. Бүгінгідей жаңа ақпараттық технологиялар дәуірінде оқырмандар қатарын арттыру мақсатында 10 жылдан астам уақыт бойы «Знамя труда» сайты жұмыс істеуде.

Ұзақ жылдар бойы облыстық газет жамбылдықтардың бірнеше буынына, туған өлкенің және жалпы республиканың тарихына шежіре жасақтады. Қазір де нөмірден нөмірге дейін газет жерлестерінің жетістіктерін жариялап, жемісті еңбек пен қуанышын бөлісіп, өзекті мәселелерді өткір көтеріп, адамгершілік және патриоттық тәрбиеге ықпал етіп жүр. Сапалы журналистиканың, баспа нарығы мен интернеттің жаңа технологияларын пайдаланудың арқасында облыс баспасөзінің рейтингін қалыптастыруға айрықша үлес қосуда. Қазіргі таңда ғасырдан астам тарихымен танылған «Знамя труда» еліміздегі ең беделді орыс тілді басылымдардың бірі саналады.
Сонымен бірге Жамбыл журналистикасының дамыуында алар орыны ерек, ғасырдан астам тарихы бар басылымдардың бірі – облыстық «Aq jol» газеті. Аталмыш газеттің жүз жылдық шежіресін жасап шыққан белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы өз еңбегінде: «Журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғаны туралы біраз деректер бар. Осы еңбекте: «…Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын. Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келе қалады. 1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады. Анна Владимировна қазақ тілін білмейтінін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады…» – деп жазыпты.
Ғасырдан астам тарихы бар газеттің бас редакторы Оралхан Дәуіттің айтуынша, газет Жамбыл облысы ғана емес еліміздің журналистика саласының дамуына үлес қосқан ата басылым.
– Газеттің алғашқы атауы – «Кедей еркі», алғашқы бас редакторы – Анна Алматинская. О баста осы басылымның тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1 мамыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бірліктің мерекесін жақсы ырымға балағаны анық. Міне, «Aq jol» газеті содан бері бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Өз тарихында газеттің атауы тоғыз рет өзгеріпті. Бір өкініштісі, газеттің 1922-1939 жылдар аралығындағы тігінділері облыстық мұрағатта жоқ болып шықты. Шамасы Ташкентте сақтаулы болса керек. Жүз жылға жуық тарихында бұл басылымға талай редакторлар басшылық жасады. 1922 жылғы «Кедей еркі» аталған кезінен бері газетті Анна Алматинская (1922-1924), Сыдық Абланов (1924-1936), Ғабды Аманғалиев (1936-1938), Жайық Бектұров (1939-1942), Ғайса Сармұрзин (1943-1959), Төленді Оңғарбаев (1959-1961), Беген Байсақалов (1963-1964), Баттал Жаңабаев (1965-1985), Арғынбай Бекбосын (1985-1995), Әлдихан Қалдыбаев (1995-2004), Мақұлбек Рысдәулет (2004-2010), Ғалым Қасабай (2010-2013), Қуаныш Иембердиев (2013-2014), Көсемәлі Сәттібайұлы (2014-2017, 2018-2020), Қуат Әуесбай (2017-2018), Хамит Есаман (2022-2025) сынды азаматтар басқарды.
Бұл бас редакторлардың қолтаңбасы газеттің сарғайған тігінділерінде жатқаны анық. Осы жылдар ішінде газеттің мазмұны жаңарып, сапасы артты. Талай таланттардың тұсауын кесті. Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі – Кемел Тоқаев 1948 жылы осы газетте журналист болып еңбек еткен, – дейді О.Дәуіт.
Астын сызып айта кететін тағы бір дүние, кезінде коммунистік режимнің тұсында-ақ бұл басылым Кенесары ханды ақтап жазған мақалалар берді. Бүгін де күллі қазақ қадір тұтатын ұлтымыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа тағылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы «Aq jol» газеті болатын. Бұл туралы Арғынбай Бекбосын өзінің «Тағдыр етсе Алла…» атты кітабында жан-жақты тарқатып жазған.
«Өзімнің педучилищеде дәріс алған ұстазым, парасат-ұстамы аса тағылымды Әкім Садықбеков ағамыздың «Қонаевтың кінәсі не?» деген мақаласын жариялап жібердік. Ел дүр ете түсіп, хат дегеніңіз борап кетті. Жариялаудан жазбадық. Редакция қызметкері Қыстаубай Байтуов Димекеңе екі рет барып, ол кісімен сұхбат жүргізді. Жалпы осы бір азаматтық абыройлы іске Қыстаубай үлкен үлес қосты. Кейінірек мен де Димаш ағаға сәлем беріп: «Адам – Алатау» атты көлемді сұхбат-очерк жаздым. Ол брошюра түрінде жүз мың дана болып басылып, қалың жұртқа таралды», – деп жазады А.Бекбосын.
Сол жылдары белгілі журналист Жақсылық Сәтібеков Бішкекке Асанбай Асқаровтың сотына барып, газетке «Асқаровтың соты» атты очерк жариялаған екен. «Еңбек туынан» соң оны Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басқан. «Үнсіздіктің іргесі бұзылды. Асқаровты қорғау жөнінде қоғамдық комитеттер құрылды», – деп жазыпты Арғынбай ағамыз.
Осылайша ғасырдан астам белесті бағындырған басылым 2020 жылдың маусым айында үш газеттен біріккен «Aulieata-media» ЖШС-нің құрамына енді. Медиа-холдингтің өзіндік өрнегімен көш бастағанына бес жылдың белесіне шығуға жақын. Облыстық үш газет пен «Жамбыл инфо» сайты және СММ топтың басын қосқан бұл серіктестіктің алар асуы әлі алда екені сөзсіз. Өйткені уақыт өткен сайын серіктестік заманға сай құрылғанын дәлелдеп келеді. Аз уақыттың ішінде үш ұжымның бухгалтерия, шаруашылық, жарнама бөлімдері қосылып, ортақ бөлімге айналып, кейбір штаттар қысқартылып, заманға сай ықшамдалды. Кейбір бөлімдер қайта құрылды. Осындай күрделі өзгерістердің арқасында қаржы үнемделді. Қазір үш облыстық газеттің ұжымы бір ғимаратта отыр. Қызметкерлер бір-бірімен араласып, ұжымның әр қуанышын бірге бөлісіп, бір отбасының баласындай тату-тәтті еңбек етуде.
– Редакцияда бүгінде негізінен жастар еңбек етуде. Дегенмен де облыстық «Aq jol» газетіне жастар соңғы рет 2005-2006 жылдары жұмысқа орналасқан екен. Сол жылдары келген Ф.Әбдікерімова, Т.Сұлтанбеков, Б.Сатыбалды бүгінде қырық жасқа жақындап қалған журналистиканың белді, беделді мамандары саналады. Әрине, одан кейін де бірлі-жарым түлектер келген. Бірақ бірден лек болып, тобымен келген жастар осы ғана. Қанша дегенмен, жастың аты – жас. Олар осы саланың соңғы жетістіктерін тез меңгереді. Сондықтан алдағы уақытта журналистикадағы кадр мәселесін редакция, әкімшілік және оқу орындары бірлесіп шешпесе, бірнеше жылдан кейін редакцияларда тіптен тілші қалмайтын түрі бар. Яғни оқу орындарымен меморандумға қол қойып, студент жастар редакцияда жұмыс істеп, жас маман ретінде олардың еңбекақысына бюджеттен тиын-тебен қарастырылса деймін. Ал жалпы Жамбыл журналистикасы ешкімнен кем емес. Мектебі мықты. Ақпаратты жылдам әрі нақты беру жағынан қамшы салдырмайды, – дейді Оралхан Дәуіт.
Сонымен қатар «Aulieata-media» ЖШС-не қарасы үш газеттің бірі – жалынды жастардың жаршысына айналған Жамбыл облыстық «AR-AI» жастар газетінің өңірдің журналистика саласының дамуында алар орыны ерекше. Тәуелсіздік таңымен бірге түлеп, 2005 жылдың 13 қазанында жарық көрген басылымға сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!» – деп Мағжан ақын жырлағандай, біз жастарға сенеміз. Өйткені, елдің ертеңі, тірегі – солар. Бүршік – ағашты, гүл – бүршікті, жеміс – гүлді терістейді. Бұл – Гегельдің атақты терістеу заңы. Демек, өмір жылжып, дана халық айтқандай «ат тұяғын тай басып» отырады. Ал жан-жақты білімді, парасатты ұрпағы бар елдің мәртебесі қашанда жоғары», – деп ізгі лебізін жолдаған екен.
Ал басылымның алғашқы бас редакторы, марқұм Болат Бекжанов оқырманға арнау сөзінде: «Әр басылымның өзіндік кескін-келбеті мен ұстанымы болатыны белгілі. Газетіміздің болмысынан жастық жалын, өткірлік, ақиқатшылдық, тіпті жастық албырттық мінез де көрініс тауып жатса, ол жеңіліс емес, жеңіс деп бағалар едік. Шығыс жұртына ортақ Назым Хикметтің жалынды жыр жолдарын түйіндеп: «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деген тұжырымды басты сөз етіп алдық.
Жалындайтын да, жанатын да кезіміз келді. Кез келген өзіндік ойы бар, айтары бар жастар үшін «Ар-Ай» – ашық мінбер. Өнер өлкесіне, ғылым айдынына бет түзеп, желкен көтерген жастың өзін-өзі танытатын, өзі арқылы өрелі елін танытатын сәті де – осы. Тағы да айтамыз, газет – бұқара халықтыкі. Біз қашанда сіздермен біргеміз. Алғыр ой, асыл сөздеріңізді күтеміз, әрбір газет оқырманы, әрбір газет иесі – жас талап!» –деп басылымның бағыт-бағдарын айқындап көрсетіпті.
– Алғашқы нөмірде «Қорамсақ» айдарымен Бұқар жыраудың даналық сөздері, «Тартыста тақым керек, Алайда, ақыл керек…» тақырыбымен танымдық картина, Тараз педагогикалық институтының студенті Жұлдыз Бейсектің «Біз – жастармыз!» өлеңі жарық көрген. Сол кездегі Жамбыл облыстық ішкі саясат департаментінің директоры Масат Берікпен «Замана тегершігі кері айналмайды немесе келешекке хат» тақырыбындағы сұхбат та жастар басылымының мән-маңызын аңғартып тұр. Ақын Мұхтар Шахановпен «Ұлттың ең жанды жері, жүрегі – тіл», Халық жазушысы Шерхан Мұртазамен «Мен ұлтшылмын деуден қорықпаймын», М.Әуезов атындағы театрдың актеры Азамат Сұранбаевпен «Өнер қиын емес, өмір қиын» тақырыбындағы сұхбаттар да орамды ойға, пайымды пікірге толы. «Поэзия» бетінде ақындар – Маралтай Райымбекұлының, Азамат Есалының, Ерлан Жүністің, Өрнек Құлекевтің, Салтанат Әбдімомынованың, Наталья Морянованың, Денис Попадыктың өлеңдері жарияланса, «Шашбаулым» бетінде пайдалы кеңестер мен қыз-келіншектер шығармашылығына орын берілген. Сонымен қатар «Біз де жігіт болғанбыз», «Анекдот» айдарларымен қызықты әңгімелер, қылжақты сөзжұмбақ, «О, тоба» айдарымен таңғажайып оқиғалар туралы деректер оқырман назарына ұсынылған. «Спорт» бетінде жерлестеріміздің жетістіктері қамтылса, түрлі-түсті 12-бет өнер әлеміне арналған. Мұнда дәстүрлі әншілермен қатар эстрада жұлдыздарының жаңалықтары топтастырылған, – дейді аталған газеттің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков.
Жарық көре бастағанына 20 жыл болған жастар басылымына бірнеше бас редактор басшылық етті. Алғашқы бас редактор Болат Бекжановтан кейін 2011-2012 жылдары Оралхан Дәуіт, 2012-2017 жылдары Гүлнұр Ембердиева, 2017-2018 жылдары Масат Берік, 2018-2021 жылдары Дәулет Төленді, 2021-2022 жылдары Біржан Сөктай редакция тізгінін ұстады. Журналистика саласында өзіндік орны бар осы аталған тұлғалардың бәрі де «AR-AI»-дың көшін алға бастап, аянбай еңбек етті. 2022 жылдың 11 тамызынан бастап бұл қызметті Т.Сұлтанбек атқарып келеді.
– Жастар басылымы осы жылдар аралығында талай таланттың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдаған шеберханаға айналды. Бүгіндегі есімдері елге белгілі қаламгерлердің де редакцияда қызмет атқарғаны белгілі. Олардың қатарында ақын, «Мерзім» газетінің бас редакторы Азамат Есалы, ақын, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, белгілі блогер Өркен Кенжебектің қаламын үштаған осы басылым еді. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Қадірәлі, осы басылымның аға тілшілері Есет Досалы, Қамар Қарасаева мен Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Марат Құлибаев – «AR-AI»-дың түлектері.
ҚР Президенті аппаратының сарапшысы Шынболат Күзекбаев, ел газеті «Егеменде» еңбек етіп жүрген Жасұлан Сейілханов, Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибеков, «Orda Life» Youtube-арнасының жетекшісі Серік Жолдасбай, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, осы басылым бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, республикалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы Шынболат Сейдуалиев, мемлекеттік қызметшілер – Ерболат Пәрмеш, Болатжан Ахтанберді, Қордай аудандық мәдениет үйінің директоры Елдар Боранбек, тағы да басқа көптеген әріптестеріміз редакцияның жұмысын жандандыруға, газеттің мазмұнын байытуға, оқырманға олжа боларлық дүниелер ұсынуға сүбелі үлес қосты, – деген Т.Сұлтанбеков биыл «AR-AI» газеті үшін айтулы белес екенін, алдағы күзде басылымның шыға бастағанына 20 жыл толатынын тілге тиек етіп, осынау мерейлі сәтті атап өту үшін меншік иесі – «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қорыта айтқанда бүгін де облыстық «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына енген «Знамя труда», «Aq jol» және «AR-AI» жастар газетінің алар орыны алда, еліміздің ақпарат саласының дамуына зор үлес қоса береді деп сенеміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.