Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл журналистикасының ұстаханасы

0 382

Халықтың көзі, құлағы һәм тілі – журналистер. Олар сондай-ақ билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл саланың көп ізденісті талап ететіні тағы бар. Сондықтан болар бұл өткен дәуірде де, қазір де өз құндылығын жоғалтпай келе жатыр. Келешекте де сол тұғырдан түспейтініне сеніміміз кәміл.

«Төртінші билік» өкілдерін дайындауда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің орны ерек. Аймақтағы БАҚ-та кәсіби журналистер тапшылығын шешу мақсатында ширек ғасырға жуық уақыт бұрын аталған білім ошағында арнайы мамандық ашылған болатын. 2000 жылы сол кездегі университет ректоры Уалихан Бишімбаевтың қолдауымен және белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының бастамасымен «Әлем тілдері» факультетіне қарасты «Қазақ әдебиеті» кафедерасының жанынан ашылған мамандыққа алғашқы жылы 9 студент қабылданады.
Қазіргі таңда «Қазақ филологиясы және журналистика» кафедрасы журналистика мамандығы бойынша бакалаврлар даярлайды. Қапаш Тасболатов, Зәуре Дидайқызы, Зиба Құламанова, Балзия Шегетайқызы сынды білікті мамандардың бағыт-бағдар беруінің нәтижесінде талапкерлердің қатары көбейіп, бір жылда 100-ге жуық студент оқуға қабылданады екен. Бүгінгі күнге дейін мыңдаған түлек ұядан түлеп ұшқан. Олардың дені республикалық БАҚ-тарда, сан түрлі қызметте жемісті еңбек етуде. Атап айтсақ, алғашқы түлектердің бірі Алмас Садубаев қазір облыстық ішкі саясат басқармасын басқарса, Нұрадин Рақай «31» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқаруда. Сондай-ақ Жасұлан Әбдіхалық, Аруна Ортай, Данияр Әлімқұл сынды қаламы қарымды әріптестердің есімі көпке мәлім.
– Жақсы журналист жақсы іздемпаздан шығады. Осы мамандық ашылған 22 жылдың ішінде өзінің көздеген мақсатына толығымен жете алды. Біріншіден талай жастың журналистикаға ден қоюына септігін тигізді. Олардың бірқатары еліміздің медиа кеңістігін мойындатты. Ендеше алдағы уақытта да кафедра оқытушылары жемісті еңбек етуге дайын. Олар үшін тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген шәкірттерінің асқақ абыройы ғана төгілген тер мен жасалған жұмыстың өтеуі болып қала береді, – дейді оқу орнының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуре Сағыбай.
Кафедра жанында профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Ұлт және әдебиет» атты әдеби мектебі, профессор Қапаш Тасболатұлы атындағы «Педагогикалық шеберлік» мектебі, сонымен қатар «Жас журналистер клубы» да жұмыс істейді. Университет қабырғасындағы оқу-тәрбие, мамандар даярлау, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды нәсихаттап, оқытушылар мен студенттердің шығармаларын таныстырып отыратын айына екі рет шығатын «Университет тынысы» газеті де білімгерлердің тәжірибе жағынан толысуына мол мүмкіндік беруде.
1996 жылдан бастап жарық көріп келе жатқан басылымда оқи жүріп, жұмыс істеп, шыңдалып шыққан журналистер аз емес. Сондай-ақ 2016 жылы студенттерге арнап ашылған телестудияның да жас дарындарға берері мол. Мұнда студенттердің тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасалған. Айталық, сапалы бейнероликтер түсіретін соңғы технологияның жетістіктерімен толықтай жабдықталған. Телестудияда қазақ және орыс тілінде университеттің жаңалықтар топтамасы әзірленеді.
Ерекше атап өтерлігі, университет кафедрасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттерімен тығыз байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасуда.
Бүгінде Жамбыл журналистикасының ұстаханасына айналған оқу ордасына тек өзіміздің өңірдің ғана емес өзге де аймақтардың жастары қызығушылық танытуда. Облыстағы журналист кадрлардың тапшылығын шешуге де зор үлес қосып отырған оқу ордасының әлі де алар асуы биік деп сенеміз.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.