Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аймақтағы ардагерлермен кездесті.
Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлермен атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталды.
Е.Солтыбаев ардагерлер кеңесі қазіргі таңда 100 мыңнан астам мүшесі бар жоғары әлеуетке ие ұйым екенін атап өтті.
– Аймақтағы қоғамдық шаралар мен бастамаларға аға буын өкілдері белсенді түрде атсалысуда. Жас ұрпақ тәрбиесінде де алдыңғы қатардан көрінетін ардагерлер өздерінің өмірлік өнегелері мен тәжірибелерін, ақыл-кеңестерін бөлісуден талмай келеді,-деген ол қариялардың еліміздің даму жолындағы игі істерден шет қалмайтынын атап өтті.
Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 26 қатысушысы қалған. Оларға Жеңіс күні қарсаңында мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетілетін болады.
Облыс әкімі ардагерлердің өңірдің өркендеуіндегі еңбегі орасан екенін баса айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстағы қолға алынған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да тоқталып өтті. Басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану, ол туралы тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу, инвестиция тарту, ауыл әкімдерінің жұмысын күшейту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру екенін жеткізді.
Өз кезегінде өзге де ардагерлер сөз алып, орамды ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Олар қарттардың емдеу-сауықтыру орындарымен қамтылуын, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы тұрақтылық секілді бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
Облыс басшысы сұрақтарға жауап беріп, қарияларға қолдау шаралары жалғасатынын, жиында көтерілген барлық ұсыныстар ескеріліп, мәселелер назарға алынып, нақты жұмыстар атқарылатынын атап өтті.