Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр

0 43

Жамбыл облысында 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымы қалыпты режимде өтуде. Бұл туралы өңірлік брифинг барысында жауапты сала өкілдері мәлімдеді.

Облыс көлемінде жылыту маусымының өтуін үйлестіру мақсатында арнайы штаб құрылып, аудандар мен Тараз қаласында жергілікті штабтар тұрақты жұмыс жүргізуде. Ай сайын ұйымдастырылатын штаб отырыстарында жылу беру барысы жіті бақылауға алынып отыр.

Бүгінде облыста 9 негізгі жылу энергетикалық кешен мен 590 автономды қазандық жұмыс істейді. Осы жүйелер арқылы 1 855 көпқабатты тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етілуде. Барлық жылу көздерінде белгіленген температуралық режим сақталып, отын-энергетика кешендері штаттық жағдайда жұмыс істеуде. Апаттық-диспетчерлік қызметтер тәулік бойы кезекшілікте.

Жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 754 мың Гкал жылу энергиясы өндірілген. Сонымен қатар, жоспар бойынша 1,2 млрд текше метр газ тұтыну көзделген. Қажетті резервтік мазут қоры 21 мың тоннаны құрайды. Мәселен, Жаңатас қаласында 12,8 мың тонна мазут жеткізіліп, оның 9 мың тоннасы пайдаланылған. Қазіргі таңда орталық қазандықта 48 тәулікке жететін 3,8 мың тонна мазут қоры бар.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан. Бюджеттік мекемелер үшін 56,2 мың тонна, ал тұрғындар үшін 134,9 мың тонна көмір жеткізілген. Өңірдегі теміржол тұйықтарында қосымша 6,5 мың тоннаға жуық көмір қоры бар. Жалпы, жылыту маусымы барысында көмір тапшылығы тіркелген жоқ.

Маңыздысы, осы кезеңде жылу жүйелері мен инженерлік инфрақұрылымдарда техногендік апаттар орын алмаған. Бұл – жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесі.

ҚР құрылыс нормаларына сәйкес, облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Қазіргі таңда оның 154 тәулігі өтті. Ауа температурасы тұрақты түрде +8°C-тан жоғары болған жағдайда маусымды аяқтау қарастырылған. Алдын ала болжам бойынша, жылыту маусымы сәуір айының 10–15 күндері аралығында аяқталады. Сонымен бірге, денсаулық сақтау және мектепке дейінгі білім беру нысандарында жылу беру қажеттілікке қарай жалғасады.

Алдағы кезеңде келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары бірден басталады. Жоспарға сәйкес, жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіліп, қазандықтар мен жабдықтарға толық тексеру жасалады.

Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып, оған 1,1 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Самал» және «Алатау» мөлтек аудандарындағы ішкі жылу желілерін жаңарту жобасы басталады. Бұл жұмыстардың жалпы құны – 1,2 млрд теңге.

Бұдан бөлек, «Таразэнергоорталық» АҚ-да РК-4 қазандығын жаңғырту арқылы қосымша қазан орнату жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тараз және Шу қалаларында 3 жоба жүзеге асырылып, 5,8 шақырым жылу желілері жаңартылады. Сондай-ақ, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС тарапынан 20,6 млрд теңгеге 1450 шақырымнан астам электр желілері мен 4 қосалқы станса қайта жаңғыртылмақ.

Сонымен бірге, Тараз қаласын тұрақты электрмен қамтамасыз ету мақсатында басталған екі ірі жоба биыл аяқталады. Атап айтқанда, бірнеше тұрғын алқап пен саяжайларды электрмен қамтуға арналған қосалқы станса құрылысы және 15-шағын аудандағы жаңа станса іске қосылады.

Жалпы алғанда, жоспарланған бұл жұмыстар өңір тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда Жамбыл облысында жылыту маусымының өту барысы тұрақты бақылауда және қалыпты жағдайда жалғасуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.