Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында жаңа нысандар ашылуда

0 382

25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніне орай Жамбыл облысында жаңа нысандар ел игілігіне берілуде.

Айталық, Байзақ ауданы Темірбек ауылдық округіне қарасты «Шахан» ауылында  шағын футбол алаңы пайдалануға берілгені – ауылдықтарға тамаша тарту болды.

Футбол алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков  қатысып, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары, осы топырақтың алыс-жақындағы түлектерінің демеушілігімен қолданысқа беріліп отырған спорт алаңының ашылуымен құттықтады.

Сонымен қатар, осы ауданға қарасты Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Жаңа ғимаратта учаскелік полиция пункті кеңсесі мен инспектордың отбасына арналған қызметтік тұрғын үй бірге қамтылған.

Жаңа ғимараттың ауданы – 108 шаршы метрден асады, кеңсеге телефон және интернет байланысы тартылған, жиһаз,  тұрмыстық техника және жұмысқа қажеттінің барлығы бар. Жақаш елді мекені  ауылдық округтің орталық ауылы болып табылады, құрамында Қосы батыр, Көкөзек ауылдары да бар. Аталған округке учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алихан Симбиев қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері ауылдық округте ауыр қылмыстар тіркелмеген.

Учаскелік полиция пункті «Жұртқа жақын полиция» қағидаты және полицияның сервистік жұмыс моделі шеңберінде ашылып отыр. Учаскелік полиция инспекторының жұмыста тәулік бойы болуы ең бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ.

Осы секілді, Т.Рысқұлов ауданында да алғашқы модульдік полиция бекеті ашылды.

Аудан тұрғындарының тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында салынған полиция бекетінің ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысты.

Жаңа бекетте полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, аумақты патрульдеу, азаматтарды қабылдау үшін тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады, бұл азаматтарға кез келген уақытта көмекке жүгінуге немесе толғандырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аталған ауданда мереке қарсаңында «Достық үйі» ашылды.Жерігілікті тұрғындардың өтініші бойынша қысқа мерзімде бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліп отыр.

Бүгінгі таңда ауданда 20-дан астам өзге ұлт өкілдері тату тіршілік кешуде. Енді аудандағы 10 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында, өздерінің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, қоғамдық келісімді сақтау жолында белсене еңбек етпек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.