Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында тағы жарылыс болды ма? Министрлік түсініктеме берді

0 243

Салалық ведомство тарс еткен дыбыс естілген кезде үш әскери қызметкер бөлім аумағында болғанын растады, бірақ оларға медициналық көмек қажет болмаған.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі 29 тамыздағы жарылысқа ұқсас тарсылдан кейін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің аумағында тағы үш әскери қызметкер жарақат алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін бұл ақпаратты БАҚ қорғаныс министрлігі бас инспекция басқармасының бастығы, полковник Жұмабек Хасеновке сілтеме жасап таратқан болатын. Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі подполковник Дина Мухаринованың айтуынша, 29 тамызда сағат 12.20 шамасында шынымен де жарылуға қауіпті заттан тарс еткен дыбыс шыққан және сол кезде қойма аумағында үш адам болған.

«Профилактикалық мақсатта олар Тараз әскери госпиталына тексерілуге жіберілді. Дәрігерлер оларды қарап шыққаннан кейін ешқандай жарақат алмағанын анықтады. Содан соң әскери қызметшілер қызмет орнына оралды»,  – деді Мухаринова.

Қазіргі таңда 26 тамызда өрт шығып, артынан бірнеше жарылыс болған әскери бөлімнің маңында аумақты тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Жүргізіліп жатқан іс-шаралар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға жіті назар аударылған. Бұл жұмысқа тартылған әскери қызметшілер арнайы қорғаныс костюмдерінде жұмыс істеп жатыр.

26 тамызда кешке Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі қоймадан өрт шықты, бір сағаттан кейін қоймада оқ-дәрілер жарыла бастады. Кем дегенде 10 жарылыс болды. Төтенше жағдай салдарынан 15 адам қаза тапты. Зардап шеккендердің саны – 90 адам, олардың көпшілігі – алғашқы жарылыстардан кейін әскери қызметкерлерге көмекке ұмтылған құтқарушылар мен өрт сөндірушілер.

Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары Таразға көшірілді – барлығы 1200 адам. Осы оқиғадан кейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен босатылды, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

nege.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.