Жамбыл облысында шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, өндіріс саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы өңір экономикасының өсіміне серпін беріп келеді. Кәсіпорындар түрлі салада сұранысқа ие өнім шығарып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқаруда.
Өңірдегі табысты жобалардың бірі – «Тараз» индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан «Jeti Bulaq» ЖШС-нің битум эмульсиясын өндіру жобасы. Кәсіпорын 2023 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп, жол құрылысы саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржылай қолдауымен іске асқан.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 9600 шаршы метрден астам дайын битум эмульсиясын қамтиды. Ұжымда небәрі 15 қызметкер жұмыс істегенімен, өндіріс көлемі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тиімділігімен ерекшеленуде.
«Тараз» индустриялық аймағы өңірде өнеркәсіптік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылған. Бұл алаң жаңа өндірістерді ашуға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, инновациялық жобалардың іске асуына жол ашады.
Осындай өндірістік жобалар Жамбыл облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып қана қоймай, оның инвестициялық тартымдылығын арттыруда. Шағын және орта бизнес субъектілері экономиканың қозғаушы күшіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірде сұранысқа ие өнім түрлерін көбейтуде.
Индустриялық аймақтардың дамуы мен инновациялық жобаларды қолдау нәтижесінде Жамбыл облысында заманауи өнеркәсіптік кластер қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық деңгейде бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.