Тексеру нәтижесінде 160 нұсқама беріліп, құрылыс саласындағы түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 504 әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік жауапкершілікке 399 тапсырыс беруші, 30 мердігер ұйым, 15 жобалаушы, 5 сараптама ұйымы, 2 геологиялық зерттеу ұйымы, сондай-ақ 34 техникалық және 19 авторлық қадағалаушы тартылды. Жалпы сомасы 130 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Бақылау барысында құрылыс сапасына ерекше назар аударылды. Құрылыс нормалары мен талаптарын сақтамаған 6 мердігер ұйым, 11 жобалау ұйымы және 2 геологиялық зерттеу ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бірқатар техникалық және авторлық қадағалаушылардың сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды.
Заң талаптарын бұзу фактілері бойынша кейбір ұйымдар аккредиттеу куәліктерінен айырылып, 4,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде заң талаптарына сәйкес келмейтін 10 құрылыс нысаны бұзылды. Оның ішінде 8 нысан Тараз қаласында, 1 нысан Жуалы ауданында және 1 нысан Талас ауданында орналасқан.
Құрылыс сапасын арттыру мақсатында облыс аумағындағы нысандарда профилактикалық бақылау жұмыстары да жүргізілді. 2025 жылы құрылыс нысандарына 150 мониторинг жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша барлық қатысушыларға тиісті ескертулер берілді.
Сонымен қатар, құрылыс саласын дамыту және нарықтағы бәсекелестікті арттыру мақсатында лицензиялау және аттестаттау жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы құрылыс-монтаждау, жобалау және іздестіру жұмыстары бойынша жалпы 26 лицензия берілді. Ал инжинирингтік қызметтермен айналысатын мамандарға 125 аттестат табысталды.
Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан бақылау шаралары өңірдегі құрылыс сапасын арттыруға және қауіпсіз әрі талапқа сай нысандардың салынуын қамтамасыз етуге бағытталған.