Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында мыс концентратын өндіретін ірі кәсіпорын іске қосылды

0 1  174

Жамбыл облысында жылына 98,6 мың тонна мыс концентратын өндіруге қуатты Шатыркөл кен байыту фабрикасының техникалық іске қосылуы өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен бірге жаңа кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерімен танысып, аралап көрді.

Мыс концентраты өндірілетін фабрика қазан айының соңына дейін толық жобалалық қуатына шығады деп көзделуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалып, техникалық тұрғыда алғашқы өнімдерін шығаруды бастады.

Ербол Қарашөкеев өңірде тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынып, ірі өндіріс ошақтары ашылуда.

Соның бірегейі, бүгін өздеріңіз көріп отырған мыс концентраты зауыты.

Кәсіпорында негізінен жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Билік тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, — деді облыс әкімі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Аймақ басшысының айтуынша, Жамбыл облысында 2024-2028 жылдары аралығында құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 70 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Ағымдағы жылы 228,4 млрд теңгеге 1 432 жұмыс орнын құра отырып, 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 5 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асады.

Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев өндірістің мүмкіндігінше қауіпсіз және экологиялық таза болатынын жеткізді.

– Өндірісте мыс кенін байытудың әлемдегі ең зиянсыз технологияларының бірі қолданылады. Шаң тұту тиімділігі 99 пайыз коэффициенті құрайтын заманауи аспирация жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Cонымен қатар өнімді тасымалдау көлемін азайту арқылы жолдағы шаң айтарлықтай төмендейді. Ал жақын елді мекендер кәсіпорынның әсер ету аймағынан 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Фабрикада технологиялық процестерді басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйелері енгізіліп отыр. Бұл жұмыс тиімділігін арттырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға ықпал етеді,-деді басқарма төрағасы.

Бұл жобаны жүзеге асыруға 94 млрд теңге инвестиция салған. Фабрикада жылына 1,2 млн тонна кен өңделіп, 98,6 мың тонна мыс концентраты (мыс құрамы 24%) шығарылады деп күтілуде. Шикізат Шатыркөл және Жайсан кен орындарынан алынады.

Фабриканы соққан отандық «AAEngineering Group» ЖШС. Жаңа жоба бойынша 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың 60 пайызынан астамы облыс тұрғындары болмақ.

Зауытта өрт сөндіру депосы, медициналық пункт, заманауи өрт дабылы, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесі қарастырылған.

Сонымен бірге ұсақтау-сұрыптау кешені, бас ғимарат, жатақхана мен асхана, зертхана, жөндеу-механикалық шеберхана, қалдық қоймасы және тағы басқа нысандар бар.

Айта кетейік, Жамбыл облысында тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 6 айында салада 54,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,8%-ға жетіп отыр. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 13,1% құрайды.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.