Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында әлеуметтік оңалту орталығы ашылды

0 641

Таразда Мүгедектер күні қарсаңында 150 орынды Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы игілікке берілді.
Орталықтың ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты.

Ең алдымен облыс әкімі жамбылдықтарды мүмкіншілігі мол орталықтың ашылуымен  құттықтап, әлеуметтік саладағы жоспарлы жұмыстарға тоқталып өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес қазан айының екінші жексенбісі – «Мүгедектігі бар адамдар күні» болып белгіленген болатын. Бұл Мемлекеттің еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға айрықша назар аударып отырғандығының көрінісі.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Бүгінде ерекше қажеттілігі бар жандардың жағдайын жақсартып, қоғамда тең мүмкіндіктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету, олардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, құқықтарын қорғау, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау бойынша түрлі шаралар қолға алынған.

Президентіміз өз Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», – деп атап өткен болатын.
Осындай ізгі қамқорлықтың нәтижесінде республика аумағында мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен бейімдеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыста да тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді облыс басшысы Ербол Қарашөкеев.
Облыс бойынша 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Қажетті арнайы оңалту құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында ағымдағы жылы 3,6 миллиард теңгеге тиісті бұйымдар алынуда. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу шаралары да жүзеге асуда. Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну мақсатында өңірімізде 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс атқарады, онда 1 689 азамат қызмет алуда. Атқарылатын қызметтерге 7,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі  Назгүл Сағындықова сөз алып, ел аумағында Семейде және екіншісі Әулиеата өңірінде осындай заманауи орталық ел игілігіне айналғанын айрықша атап өтіп,  облыс басшылығы мен мердігерлерге алғысын жеткізді. Әлеуметтік оңалту орталығын салу үшін 5,5 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Салтанатты шарада орталықтың лентасы қиылып, аймақ басшысы мен вице-министр жаңа нысаннның жұмысымен жан-жақты танысып шығып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер ұйым «ТаразСтрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Орталықтың жалпы аумағы — 4,932 гектарды құрайды.  5 блоктан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спорт залы, 3 қабатты емдеу корпусы, ас блогы, 2 қабатты стационар бар.

І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға  физио-емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, емдік уқалау, галокамера, бассейн, жарықпен емдеу, жеке және топтық сабақтар, патронаж, компьютерлік техникаға баулу, кесте тоқу және бисер, тігін,  табиғи материалдармен жұмыс жасау,  қолданбалы өнер, фитотерапия, мүсін шеберханасы, кескіндеме, аяқ киім тігу, жөндеу, ағаш күйдіру, музыкаға баулу, театр студиясы, кітапхана,  зейнетақы, жәрдемақылар, жеңілдіктер түрлерін алуға көмек ету, заңды тұрғыда кеңестер беру, хат жазу мен жолдауға көмек беру қызметтері қамтылған.
Әлеуметтік қызмет түрлері қызмет алушының денсаулығына байланысты 43 күннен бастап 6 айға дейінгі мерзімде жартылай стационар жағдайында көрсетіледі. Орталықта жыл сайын 1000 мүгедектігі бар адам оңалтудан өтеді деп жоспарлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.