Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында кәсіпкер әйелдердің үлесі артып келеді

0 488

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жамбылдық іскер әйелдермен кездесті.
Басқосуда аймақ басшысы ер азаматтармен қатар еңбек етіп, қоғамның ілгерілеуіне елеулі үлес қосып жүрген белсенді әйелдердің еңбегін айрықша атап өтті.
Облыс әкімі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің шағын және орта бизнесті дамытудағы жемісті жұмысына тоқталып, нәзік жандылардың игі істеріне жергілікті әкімдік тарапынан қолдаудың үзілмейтінін баса айтты.

– Кәсіпкерлікті қолдау – атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда бизнес саласында жүрген қыз-келіншектер аз емес. Облыста әйелдер басшылық ететін кәсіпкерлік субъектілердің үлесі 42 пайызды құрайды. Әрине, біз сіздерге ерекше көңіл бөлуді жалғастыра береміз. Бүгінгі кездесудегі мақсат – өңірді өркендету бағытында меже-міндеттерді орындау, кәсіпкер әйелдердің жұмысында туындаған мәселелерді бірлесіп шешу үшін ой бөлісіп, талқылау, – деді аймақ басшысы.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңірде өткен жылы әйел кәсіпкерлерді дамыту орталығы ашылғанын, осылайша, ауылдық жерлердегі қыз-келіншектерді бизнеске баулу басталғанын жеткізді. Оның айтуынша, әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті арасында меморандумға қол қойылған. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске қосылған «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы аясында 50-ге жуық әйел кәсіпкер жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, «Мен кәсіпкер» жобасының шеңберінде 274 қызмет көрсетілсе, 698 азаматшаға кеңес берілген.
Кездесуде бірқатар іскер әйелдер облыс әкіміне өздерінің жұмыстары жайында айтып, ой-ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен, жеке кәсіпкер Наталья Мухина «Трансформация» жобасының іске асырылу барысына тоқталса, «Жадыра» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнәр Дәулетбаева мал шаруашылығын кеңінен дамыту қажеттігін атап өтті. Ол өз сөзінде бүгінгі қоғамда қарапайым шопан, малшы назардан тыс қалып жатқанын жеткізді. Сол себепті, «Еңбек мобильділігі орталығы және мансап орталықтары» арқылы «Шопан» бағдарламасын жүзеге асыру қажет. Бұл өз кезегінде қадірі кеткен кәсіпке қызығушылықты арттыруда зор пайдасын тигізбек. Сондай-ақ, облыстық бөлшек сауда компаниялары ассоциациясының басшысы Виктория Усманова эко-дүкен салуды ұсынса, жеке кәсіпкер Анар Үмбетова қолөнер шеберлерін дамыту ісінде шетелдермен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласына да, малшылық кәсіпке де тиісті деңгейде көңіл бөлінуі қажеттігін баса айтып, жауаптыларға бір айдың ішінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды. Облыс әкімі салалық басқармаларға өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісін жетілдіру бағытында ауылдықтырға мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын, өзге де көмек түрлерін алу жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, көтерілген барлық ұсыныстардың назарға алынатынын, іскер әйелдер кеңесінің мүшелерімен тұрақты түрде кездесіп отыратынын жеткізді.
Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев көктем мерекесімен құттықтапбірқатар іскер әйелдерге облыстың әлеуметтік-қоғамдық өмірін жақсартуға қосқан зор үлесі және кәсіпкерлерлік саласындағы елеулі еңбегі үшін Алғыс хаттар табыстады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.