Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында «Есірткісіз болашақ» жастар спартакиадасы өтті

0 41
Жамбыл облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында «Есірткісіз болашақ» атты жастар спартакиадасы ұйымдастырылды. Спорттық шара жасөспірімдерді белсенді өмір салтына баулып, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін маңызды бастамалардың бірі болды.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесіп өткізді. Спартакиада орталықтың спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған облыстың әр ауданынан келіп білім алып жатқан мектеп оқушылары қатысты.

Жарыс бағдарламасы он түрлі спорттық әрі ойын-сауық кезеңінен тұрды. Қатысушылар қаппен секіру, доппен эстафета, арқан тарту, секіртпемен секіру секілді командалық тапсырмалар бойынша бақ сынасты. Сайыстарда жылдамдық пен ептілікпен қатар командалық бірлік пен өзара қолдау да басты рөл атқарды.

Шараның ашылу салтанатында «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығының директоры қатысушыларға сәттілік тілеп, адал бәсеке мен жарқын әсерлерге толы ойын болуына ниет білдірді. Сондай-ақ ол жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылданып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды.

Спартакиада аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп оқушыларына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар жасөспірімдерге есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы айтып, есірткі заттарын насихаттау, жарнамалау, тарату және өткізу әрекеттері үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірді.

Шараның құрметті қонағы ретінде кикбоксингтен спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионаты мен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Жамбыл облысы полиция департаментінің инспекторы Талант Оралбаев қатысты. Ол жастарды спортпен белсенді айналысуға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.

Сонымен қатар қатысушыларға Жамбыл облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы мамандарының көрсетілімдері ұсынылды. Қызметтік иттердің есірткі заттарын анықтау қабілеті мен шартты құқықбұзушыларды ұстау элементтері көрсетіліп, бұл бөлім оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Алғырлар» командасы иеленді. Екінші орын «Жалын» командасына бұйырса, үшінші орынды «Жеңіс рухы» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, сондай-ақ «Есірткісіз болашақ» жазуы бар естелік футболкалар мен бейсболкалар табысталды.

Мұндай іс-шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және қоғамдағы зиянды құбылыстардың алдын алуға үлкен үлес қосады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.