Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысы экономикалық өсім бойынша республикада үшінші орында тұр

0 161

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстың ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, COVID-19 індетіне қарсы вакцинациялау барысы талқыланды.

Ағымдағы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша Жамбыл облысы еліміздегі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар арасында үшінші орында тұр.

Пандемия, карантиндік шектеулерге қарамастан, нақты сектордың тұрақты өсімі сақталуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 2,6 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2, құрылыс – 10,2, тұрғын үй – 18,5, жеке инвестиция – 25,3 пайызға, көлік – 7,7, сауда – 6,6 пайызға өскен.

Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуетін толық пайдалану керектігін баса айтты. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге талдау күнделікті жүргізіліп, бюджет қаражатының уақтылы игерілуін қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы тиіс.

– Жыл қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштер республикалық деңгейден төмен болмауы тиіс, – деп талап етті аймақ басшысы.

Кеңес барысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау барысы да талқыланды. Соңғы мәліметтер бойынша, халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау жоспары 98 пайызға орындалған. Тиісті іс-шараларды уақытылы жүргізу нәтижесінде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы сақталуда.

22 қарашадан бастап Қазақстанда бұған дейін екпе қабылдаған азаматтарды қайта вакцинациялау науқаны басталды. Иммундық қорғанысты нығайту үшін вакцинаның бір дозасын алу керек. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының талаптарына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында QazVac препаратымен ревакцинация бойынша егу жұмыстары жүргізілуде. 8 желтоқсандағы жағдай бойынша 1236 тұрғын қайта вакцинацияланған.

Облыста Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен жасөспірімдерді, жүкті және емізулі баласы бар әйелдерді вакцинациялау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Pfizer бірінші компонентімен 5517 жамбылдық қамтылған.

– Вакцинация –тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді жолы. COVID-19 індетіне қарсы  вакцина қабылдаудың маңызы мен тиімділігі туралы халықты дұрыс ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев санитарлық талаптардың барынша сақталуын қамтамасыз етуді, ол бойынша мониторингтік топтардың тиімділігін күшейтуді, екпе орталықтарының, медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлерінің дайындығын тексеруді тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.