Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия

Мұнда балалар сабақ та оқиды, бассейнге де барады

0 1  332

Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер ашылып, ескі мектептерді жаңарту мәселесі қарқын алды. Білім мекемелерін оқу процесіне қажетті құралдармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалмауда. Айта берсек, білім беру саласында ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар көп. Бірақ облыстағы жалғыз жүзу бассейні бар мектеп Тараз қаласында орналасқан дегенді естіп, таңдай қақтық.

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында жүзу бассейні бос тұрған жоқ. Себебі жүзу сабағы балалардың оқу процесіне енгізілгеніне жиырма жылдан асқан. Демек, білім ордасының түлектері жүзуді жетік меңгеріп шығуда. Бірі білсе, бірі білмейтін шығар, Тараз қаласында ашылған алғашқы қазақ мектебі де осы 1934 жылы негізі қаланған Жамбыл атындағы білім ошағы еді. Кеңес үкіметі тұсында шағын ғана мектеп-интернатына алыс-жақын ауылдардан білім алуға келетін балалар көп болған деседі. Қазақ мектептерінің қара шаңырағына айналған №5 мектепте бассейн құрылысы 1983 жылы басталып, 1988 жылы пайдалануға берілген. Біз осы тұста мектепті жаңартып, тіпті бассейн салуды ойластырған 1970-1983 жылдар аралығында қалалық атқару комитетінің төрағасы, кейін мектеп директоры болған ҰОС ардагері Тілеуқабыл Төребеков екенін айта кеткеніміз ләзім. Ол 1987 жылға дейін мектеп басшылығында құрылыс жұмыстарын жіті бақылаған. Егемендік алған жылдары мектептің оқу процесіне эксперимент ретінде жүзу сабағы енгізілген. Үш жылдық эксперимент 2001 жылға дейін жалғасқан. Міне, осыдан кейін-ақ мектептегі барлық оқушы жүзу пәні бойынша арнайы курстан өтіпті. Жүзу сабағы бойынша үздік оқушылар анықталып, мектепте төрт бірдей спорт сыныбы ашылған. Дәл осы тұста олимпиадалық спорт түріне енетін су добы ойынына дайындық басталған. Сол жылдары мектепте жүзу және су добынан Ұлттық құрама сапына дайындық топтары құрылыпты. Тағы бір қызықты ақпар, сонау 2000 жылы Сидней Олимпиадасының жүлдегерлерімен өткен кездесуде еліміздің жүзу және су добы бойынша бас жаттықтырушысы А.Крюков аталған мектептің жұмысы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндапты. Сонда Елбасы бұл бастамаға қолдау білдірген екен. Осылайша Тараздағы тұңғыш қазақ мектебі бүгінде балалардың суда жүзіп, салауатты өмір салтын ұстануын оқу үрдісінде үйлесімді жүзеге асырып келеді.
Өткен аптада суда жүзу сабағы бойынша құрлықтағы жаттығуларды аяқтаған мектеп оқушылары енді білімін практика жүзінде шыңдайды. Жүзу сабағын бассейн меңгерушісі Бейбіт Молдабеков бастаған тағы бес нұсқаушы жүргізеді. Олар – өз ісін жетік білетін мамандар. Осыдан бір жеті бұрын жүзу сабағына қатысатын 1-4 сынып оқушылары Тараз қалалық «Дельфин» жүзу бассейнінің жоғары санатты жаттықтырушысы, жүзуден ел чемпионатының қола жүлдегері Дамир Ешенқұловпен кездесті. Дөңгелек үстел отырысында спорт шебері оқушыларға суда жүзудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ білім ордасының түлегі ретінде мектепте бір ай бойы балаларды жүзуге машықтандыруға дайын екенін айтты. Кейін сабақ барысында жүзуге икемі бар ынталы балаларды іріктеп, «Дельфин» бассейнінде тегін дайындауға сөз берді. Әрине, біз мұны мектеп түлегінің балғын балаларға қамқорлығынан деп түйдік. Себебі Дамир – жүзуді алғаш осы мектептен үйреніп, кейін үлкен жетістікке жеткен спортшылардың бірі. Балалардың салауатты өмір салтын қалыптастырып, дені сау болып жетілуіне үлес қосып жүрген суда жүзу сабағының мұғалімдері алдағы уақытқа үлкен жоспар құрып отыр. Оның бір шетінде жүзумен кәсіби түрде айналысатын талантты балаларды тәрбиелеу деген абыройлы міндет те тұрғаны жасырын емес.
– Мектептің тарихына бір сәт тоқталсақ, жүзуді осында бастап, кейін спорт шебері атанып, тіпті Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен білікті спортшылардың тізіміне тап келеміз. Солардың қатарында ел чемпионатының жүлдегері Дамир Ешенқұлов, Ұлттық құрама қатарында байрақты бәсекелерге қатысқан Ернұр Қойлиев сынды азаматтар бар. Бүгінде көбі жүзуден жоғары санатты жаттықтырушы. Біз балалардың спортқа ынтасын оятып, жүзудің түрлі тәсілін үйретеміз. Сабаққа 1-сыныптан 4-сынып оқушылары тегіс қатысады. Тек денсаулық жағдайына байланысты анықтамасы бар балалар суға түспейді. Енді жылыту маусымы басталып, құрлықтағы жаттығуларды аяқтадық. Суға түсу маусымы басталды. Негізі жүзу сабағын практика жүзінде жыл бойы өткізуге де болар еді. Өкінішке қарай, бізде жылыту аппараты жоқ. Әзірге бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалып отыр.
Әрине, суға түскенде адамның барлық дене мүшесі қозғалып, ширақтық пайда болады. Адамның өзі 70 пайыз судан тұрады. Бірақ байқамаса, су да қауіпті болуы мүмкін. Егер бала мектеп табалдырығынан жүзуді үйренсе, кейін ұмытпайды. Әрі қауіпсіздік ережелерін де қатаң сақтайды. Оқу жылының бірінші тоқсанында балалар құрғақта жасалатын жаттығудың барлығын үйреніп алды. Енді екінші, үшінші тоқсанда әр сынып аптасына бір рет суға түседі. Бассейнде қауіпсіздік ережелері мен санитарлық талаптар қатаң сақталады. Киінуге, жуынуға арналған бөлмелер мен шаш кептіруге арналған құрылғы да дайын. Біздің есеп бойынша бастауышта 31 сынып болса, аптасына шамамен мыңға жуық оқушы суға түседі, – дейді Бейбіт Тілеуқұлұлы.
Жаз шыға балалар қаладағы бассейндерге ағылады немесе үй маңында көлді айналсоқтап шықпайды. Бірақ елде суға шомыламын деп ажал құшқан балалар да жоқ емес. Мұндай жазатайым оқиғалар көбіне қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан орын алатыны рас. Бір қарағанда суда жүзу оңай көрінгенімен, малтудың да түрлі тәсілі бар. Жүзуден сабақ беретін мұғалімдердің де басты міндеті сол, жаттығуға көп көңіл бөлуден тұрады. Мысалы, аяқ, қол бұлшық еттеріне арналған және имитациялық жаттығулар бар. Сондай-ақ суда шомылудың жебе, жұлдыз, көпіршік, балық, қалтқы жаттығуларын күнделікті қайталау маңызды. Бассейн меңгерушісінің айтуынша, биылдан бастап жүзуден сәрсенбі және сенбі күндеріне қосымша факультатив ашу жоспарланыпты. Оған жүзуге ынталы бастауыш сыныптағы кез келген оқушы қатысса болады.
Суда жүзу сабағында санитарлық талаптарды сақтай отырып, жазатайым жағдайда алғашқы көмек көрсетуге әркез дайын отыратын медбике де бар.
– Бассейннің температурасы – -27-30 градус, яғни стандартқа сай. Оның тазалығы санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қатаң бақылауда. Біз қазір мамандардың көмегімен судың құрамын экспертизадан өткізіп, жіті қадағалаудамыз. Ең бірінші кезекте санитарлық талаптардың сақталуына аса мән береміз. Балалар бассейнге арнайы шомылуға арналған киіммен түседі. Судың деңгейі баланың бойынан аспайды. Олар алғашқыда жүзу тақтайшалары мен арнайы доптарды пайдаланады. Менің бассейнде медбике болып жұмыс істеп жүргеніме бес жылдан асты. Осы уақыт аралығында ешқандай келеңсіз оқиға орын алмады. Себебі қауіпсіздік мәселесі – қашанда басты орында, – дейді суда жүзу сабағының медбикесі Дария Смағұлова.
Бүгінде Жамбыл атындағы мектептің даңқын асқақтатып, жүзу спортымен кәсіби деңгейде айналысып жүрген өрендер баршылық. Олардың қай-қайсысы да болашақта бәсі жоғары бәсекелерде топ жаруды көздейді. Аталмыш мектептің түлектері мұғалімдердің үмітін ақтап, ел чемпионатында жүлде алып, әлемдік аренада атой салады деген үміт те басым. Сол жолда балаларға ерте жастан жүзуді үйретіп, спортты насихаттаудан қол үзбейтін білім ордасының болашағы баянды, келешегі кемел болсын деп тілейміз!

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.