Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жалынды жастардың жаршысы

0 343

«AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Жамбыл облыстық «АR-AI» жастар газеті ақпарат айдынына ақ желкенін керіп, асқақ рухпен келді. Назым Хикметтің «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!» деп өрілетін өлең жолдарын ұран еткен басылымның 2005 жылдың 13 қазанында жарық көрген алғашқы нөмірі ә дегеннен ерекше дизайнымен, жанр алуандығымен, бай мазмұнымен, ең бастысы ресми реңктен ада еркін стилімен ерекшеленді.

Әлі есімде, 2004 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, жер-жерде жастар орталықтары мен қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. Бұл тоқсаныншы жылдардағы терең тоқыраудан енді ғана еңсе тіктеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліне бастаған кезең еді. Сол уақытта облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы қызметін атқарған Масат Берік сынды идеология саласына жауапты тұлғалардың мекеме-кәсіпорын құрумен шектелмей, республика бойынша алғаш рет жастар газетін шығаруды қолға алуы тың бастама әрі айтулы оқиға болды.
Басылымның ең алғашқы нөмірінде сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қайратына кім шыдар, Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын жырлағандай, біз жастарға сенеміз. Өйткені, елдің ертеңі, тірегі – солар. Бүршік – ағашты, гүл – бүршікті, жеміс – гүлді терістейді. Бұл – Гегельдің атақты терістеу заңы. Демек, өмір жылжып, дана халық айтқандай «ат тұяғын тай басып» отырады. Ал жан-жақты білімді, парасатты ұрпағы бар елдің мәртебесі қашанда жоғары.
Құрметті жастар, қадірлі оқырман!
Қолдарыңызға бүгін бірінші саны тиіп отырған облыс жастарының үні «Ар-Ай» газеті осындай игі мұраттарға, асқақ армандарға қызмет етсе екен. Өзінің аты айтып тұрғандай жас ұрпақтың Арын биік ұстауына, әппақ Айдай таза болуына, әппақ Айдай айналасына арайын төгіп, шұғыласын шашып тұруына ықпал етсе екен деймін.
Газетке ғибратты ғұмыр, алғашқы санына атсалысқан жас ұжымына шығармашылық табыс тілеймін», – деп ізгі лебізін жолдады.
Қазір ойлап отырсам, сол тұста Масат Әшімұлы «Жастардың өз басылымы болуы керек» деп бастама көтермесе, осы жұмысқа өзі жан-тәнімен кіріспесе, қазынадан қаржы бөлгізу үшін талай табалдырықты тоздырып, табандап тұрып алмаса, «AR-AI» газеті ашылар ма еді, ашылмас па еді, кім білсін?! Атпал азамат бұл шаруаның барлығын шынайы жанашырлық пен шығармашылықты ұштастыра жүріп атқарды. Мен қайраткер қаламгердің қарамағында сайлауалды науқандарда, кейіннен өзі ашқан «AR-AI» газетінде қызмет атқарғанымда оның әрбір іске асқан жауапкершілікпен, үлкен ыждаһаттылықпен, салмақты көзқараспен кірісетіндігін талай мәрте аңғардым. Жастар басылымы ашылғанда да Масат Әшімұлының бас редактор тағайындау мәселесіне баса мән бергені ақиқат. Осы орайда таңдаудың жазушы Болат Бекжановқа түсуі де тегін емес. Сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын қос тұлға бірін-бірі қолдап, идеялық жақындықпен қатар рухани үндестіктің де үлгісін көрсете білді.
Басылымның алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов оқырманға арнау сөзінде: «Әр басылымның өзіндік кескін-келбеті мен ұстанымы болатыны белгілі. Газетіміздің болмысынан жастық жалын, өткірлік, ақиқатшылдық, тіпті жастық албырттық мінез де көрініс тауып жатса, ол жеңіліс емес, жеңіс деп бағалар едік. Шығыс жұртына ортақ Назым Хикметтің жалынды жыр жолдарын түйіндеп: «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деген тұжырымды басты сөз етіп алдық.
Жалындайтын да, жанатын да кезіміз келді. Кез келген өзіндік ойы бар, айтары бар жастар үшін «Ар-Ай» – ашық мінбер. Өнер өлкесіне, ғылым айдынына бет түзеп, желкен көтерген жастың өзін-өзі танытатын, өзі арқылы өрелі елін танытатын сәті де – осы. Тағы да айтамыз, газет бұқара халықтікі. Біз қашанда сіздермен біргеміз. Алғыр ой, асыл сөздеріңізді күтеміз, әрбір газет оқырманы, әрбір газет иесі – жас талап!» деп басылымның бағыт-бағдарын айқындап көрсетті. Осындай шынайы қолдау шығармашыл жастардың шабытын шарықтатты. Қиялына қанат бітірді. Сенімділік пен серпіліс сыйлады.
Расында да «AR-AI» газетінің қалыптасып дамуы жолында Болат Үмбетәліұлының сіңірген еңбегі өте зор. Жұмысты 0-ден бастап ұйымдастырудың машақатының аз болмайтыны айтпаса да түсінікті. Болат Бекжанов басылымның бас редакторы ретінде шығармашылық құрамды жасақтап, талантты жастарды қызметке қабылдады. Жас ақындардың жарқырап көрінуіне жағдай жасады. Сол уақытта Сарысу аудандық «Сарысу» газетінде еңбек етіп жүрген мен де редакциямен тығыз байланыс орнатып, өз жазбаларымды жолдадым. Ол дүниелерім жастар басылымының алғашқы нөмірлерінде жарық көріп жатты. Көп ұзамай Болат ағамыз мені де жұмысқа шақырды. Дегенмен, ол уақытта осы ортадан табылудың орайы келмеді.
Жарық көре бастағанына 20 жыл болған жастар басылымына бірнеше бас редактор басшылық етті. Алғашқы бас редактор Болат Бекжановтан кейін 2011-2012 жылдары – Оралхан Дәуіт, 2012-2017 жылдары – Гүлнұр Ембердиева, 2017-2018 жылдары – Масат Берік, 2018-2021 жылдары – Дәулет Төленді, 2021-2022 жылдары Біржан Сөктай редакция тізгінін ұстады. Журналистика саласында өзіндік орны бар осы аталған тұлғалардың бәрі де «AR-AI»-дың көшін алға бастап, аянбай еңбек етті. Оқырманға олжа боларлық ойлы дүние ұсынуға күш салды.
Екі онжылдықтың бедерінде жастар басылымы талай таланттың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдаған шеберханаға айналды. Бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлердің де редакцияда қызмет атқарғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың қатарында «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалы, Мәдениет саласының үздігі Есет Досалы, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, ақын Хамит Есаман, белгілі блогер Өркен Кенжебек, Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің жауапты хатшысы Нұржан Қадірәлі, осы басылымның белді қызметкерлері Марат Құлибаев, Қамар Қарасаева, Эльмира Байназарова – «AR-AI»-дың мақтаныштары. ҚР Президенті Әкімшілігі баспасөз қызметінің сарапшысы Шынболат Күзекбаев, ел газеті – «Егеменде» еңбек етіп жүрген әріптестеріміз Жасұлан Сейілхан, Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, «Orda Life» Youtube-арнасының жетекшісі Серік Жолдасбай, облыстық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, осы басылым бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, журналист Арайлым Шабденова, мемлекеттік қызметшілер – Тұңғыш Жанұзақов, Ерболат Пәрмеш, Болатжан Ахтанберді, республикалық «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Шапағат Әбдір, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС цифрлық контент орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Рахымбай, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім басшысы Фариза Кенжебаева, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы баспасөз қызметінің жетекшісі Шынболат Сейдуалиев, Қордай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Елдар Боранбек, тағы да басқа көптеген әріптесіміз редакцияның жұмысын жандандыруға сүбелі үлесін қосты. Жалпы, 20 жыл ішінде жастар басылымында 100-ден астам адам еңбек етіпті. Ұжымның тарихында әрбір әріптесіміздің өзіндік қолтаңбасы бар.
Редакцияның жұмысы қай кезде де қарбаласқа толы. Басылым бетінде «Біз де студент болғанбыз», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Білгім келген бір сұрақ», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Менің анам», «Өнеге өрнектері», «Дала дәптері», «Ойтамызық» айдарлары тұрақты жариялануда. Сонымен қатар «Шамшырақ», «Диагноз», «Айна», «Жалын», «Жанартау», «Парасат-пайым», «Тіршілік», «Талбесік», «Көңілашар», «Зерде», «Топжарған», тағы да басқа арнаулы беттер бойынша мазмұнды мақалалар топтамасы ұсынылуда. Сондай-ақ жедел ақпарат тарату мақсатында газеттің сайты қайта жасалып, техникалық тұрғыдан нығайды. Редакцияның әлеуметтік желілердегі парақшалары да сәт сайын жаңартылып тұрады.
Мемлекеттік тапсырыс көлемінің өсуіне байланысты жастар басылымы 2023 жылдан аптасына екі рет, 12 бет болып шыға бастады. Ынтымағы жарасқан ұжым бұл өзгеріске де бірден бейімделді. Еңбек өнімділігінің екі есе артуы бізді одан бетер ширатты.
Осындай жұмыстарды жүзеге асыру барысында редакция қызметкерлері кәсіби біліктілік пен шығармашылық ізденісті ұштастыра білуде. Бұл тұрғыда бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов пен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева ұжымға ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қабілеттерін танытуда. Аға тілшілер – Нұрым Сырғабаев, Айжан Өзбекова, тілшілер – Құралай Сейсенбекқызы, Ақтоты Жаңабай, Мұқағали Балтабай, Асан Тілемісов, Сымбат Қуаныш түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүр. Ал бас дизайнер Ғани Сүгірәлиев, дизайнер-беттеуші Гүлназира Бектұрсынова газеттің кескін-келбетінің көз тартарлықтай көркем болып шығуына көңіл бөледі. Фототілші Алтынбек Қартабай да өз ісінің хас шебері. Ал қырағы корректор Ғалия Садықова газет бетінде қате кетпеуін қадағалайды. Arainfo.kz сайтының контент-редакторы Еңлік Әбдірәсіловаға жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес.
Бір сөзбен айтқанда, ақпарат аламанына атой салып келген «AR-AI» газеті арада қанша уақыт өтсе де алғашқы бағытынан айныған жоқ. Қайта уақыт талабы мен оқырман сұранысын ескере отырып, тың тақырыптарды қамтып келеді.
Уақыт уыста тұрмайды. «Жамбыл облысында жастар газеті ашылды» деп бөркімізді аспанға ата қуанғанымыз күні кеше сияқты еді. Содан бері зымырап 20 жыл өте шығыпты. Адам өміріне қатыстыра айтсақ, 20 жас – ат жалын тартып мінген азаматтың жасы. «AR-AI» да бастапқы кезеңінен бүгінге дейін біраз белесті бағындырды. Осы уақыт аралығында басылым облыс басшыларының, құрылтайшылардың, серіктестердің, тұрақты авторлардың, оқырманның, барша газет жанашырларының қолдауын айқын сезініп келеді. Ол үшін айтар алғысымыз шексіз.
Лайым, жастар газетінің ғұмыры ұзақ, алар асуы көп болсын деп тілеймін!

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
облыстық «AR-AI» жастар газетінің
бас редакторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.