Жуырда Астана қаласында жастардың кәсіптегі шеберлігін анықтайтын «WorldSkills Kazakhstan-2023» VIII республикалық чемпионаты өтті.
Аталған сайысқа Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттері 28 құзыреттіліктің 8-і бойынша қатысты. Осы ретте бұл қатысушылардың барлығы чемпионаттың колледжішілік, облыстық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен студенттер екенін айта кеткен жөн.
Байқау нәтижесінде «Шанақты жөндеу» құзыреттілігі бойынша Рауан Тасу (жетекшісі – Темірлан Дүйсенбеков) 1-орынға қол жеткізіп, оқу ордасының ғана емес, өңіріміздің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ «Мобильді робототехника» құзыреттілігінен Антон Авилькин, Данил Емельянов (жетекші-сі – Нұрсұлтан Жаманбаев), «Визуалды мерчендаизинг» құзыреттілігінен Розанна Базарбаева (жетекшісі – Гүлназ Абдыкалыкова), «Кірпіш қалау» құзыреттілігінен Мұстафа Байбол (жетекшісі – Берік Шуйншали), «Мехатроника» құзыреттілігінен Искандар Абдуллаев, Владимир Попов (жетекшісі – Ротмир Хаиров) «Үздік маман» номинациясымен марапатталды.
– Мұндай чемпионатта топ жару – біз үшін зор мақтаныш. Әрине, бұл талай жылғы дайындық пен еңбектің нәтижесі. Бұл жеңіс біздің шеберлігімізді шыңдап қана қоймай, жауапкершілігімізді арттырады. Ендігі мақсатымыз – Францияда өтетін әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, жеңіс тұғырына көтерілу, – дейді Рауан Тасудың жетекшісі Темірлан Дүйсенбеков.
Бұл чемпионат – маман даярлаудың инновациялық үлгісі мен озық тәжірибесін көрсететін білім сайысы. Осындай үлкен жобаларда студенттеріміз және оларды дайындайтын мамандарымыздың шыңдалатыны белгілі. Сондықтан алдағы уақытта да білікті маман даярлауда талмай еңбек етеміз.
Лейла Есентаева,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі
автомеханикалық бөлімінің меңгерушісі