Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жалынды жастар шаһар тазалығына үлес қосты

0 170

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бастау алған болатын. Бүгінде аталған науқан жалпыхалықтың сипатқа ие болды. Бұл туралы ел Президенті  өткен жылы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнағанЖолдауында айрықша атап өтті.

– Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек.

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті», – деді Мемлекет басшысы.

Айшықты акция биыл да жалғасын тауып отыр. Әсіресе, бұл игі іске жамбылдық жастар сүбелі үлес қосуда. Айталық, күні кеше «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында белсенді жастар облыстық көпбейінді балалар ауруханасының маңына экологиялық акция ұйымдастырды. Шараға қатысушылар аурхана айналасын қоқыстардан тазартып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Бұл іс-шара – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Жастардың мұндай экологиялық бастамаларға белсене қатысуы – олардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – табиғатты сақтау арқылы ел болашағына өз үлесімізді қосу. Осындай шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатты аялауға деген көзқарасты өзгертеді деп сенемін,» – деді белсенді жас А.Әлиасқар.

Осындай бағыттағы іс-шаралар облыстың барлық аудандарында да өткізілді.

Жалпы «Таза Қазақстан» акциясына 106 мың адам және 60 ірі кәсіпорындар мен 400 аса шағын кәсіпорындар қатысты.

Іс-шара аясында 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79,2 мың тұрғын үй ауласы, 2,7 шақырым көше жолы, 803,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар және 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 6,1 мың  тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.