Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалындаған жастықтың ұмытылмас кездері-ай…

0 791

Студенттік жылдарым шырайлы Шымкент қаласында өтті. Ауылдан шықпаған ұяң баламыз. Әлі есімде… Оқу басталған жылдың соңғы айлары болса керек, әйтеуір, қара күз еді, сабақтан кейін біздің топтың қыздары тұратын жатақханаға бардық.

Қыздар дереу шай қойып, дастархан жайды. Жігіттер шағын ғана дастарханның басында сығылысып отырып, ортадағы табаға ұяла-ұяла қол созамыз. Кейін білдім ғой, табадағы қуырылған пияз екен. Ауылда әжеміздің қолынан айналдырған екі-үш-ақ түрлі тамақ ішіп үйреніп қалған мен ащы пиязды осылай дәмді қып дайындауға болатынын бірінші мәрте білдім. Сөйтсем, бұл нағыз студенттердің тамағы екен. Кейін үйреніп алдық қой.
Екінші курста оқып жүргенде тісім қатты ауырды. Медициналық картішкімді алып, студенттік емханаға барып едім. Үстіне ақ халат киген ұзын бойлы, қарулы келген жігіт ағасы тісімді әрі-бері көрді де: «Мұны жұлу керек», – деді бірден. Ол кезде емханада қарапайым «Новокаин» деген дәрінің өзі жоқ. Дәрігер: «Ертең новокаин алып, қайтадан кел», – деп шығарып салып тұрды да, «Тоқтай тұршы», – деп тісімді қайтадан көріп, «Жігітсің ғой, мына бір тісіңді дәрісіз-ақ жұлып тастауға болады, шыдайсың ба?» – деді. «Жоқ, ертең келейін», – деп айтуға да болар еді, бірақ, дәрігердің қасындағы медбике қыз көзі жәудіреп қалған сүп-сүйкімді қыз екен. Содан ұялдым. Оның үстіне дәрігер «Жігіт емессің бе?» деп тұр… Амал жоқ, өзімше жігіттігімді көрсетіп «Пажалыста…» деп арнайы орындыққа қайтадан отыра кеттім. Бірақ, дәрігер мен медбике қыз азу тісімді жұламын деп қатты қиналды. Тіпті, омырауыма қан шашырап кетті. Тістің жартысы сынып кетіп, басы майысқан темірмен күшке салып, әбден шұқылады. Бірақ, қанша қиналсам да «қыңқ» деп дыбыс шығармадым. Қайдан шығарасың, тура қарама-қарсы әлгі қыз отырып алған. Қолында мақта, «Шыдаңыз» деп күліп қояды.
Қысқасы, тіс жұлынды, дәрігер арқамнан қағып, «Жарайсың, жігіт екенсің, шыдадың. Ертең тағы кел, жұлынатын тағы бір тісің қалды», – деп шығарып салды. «Енді көрмегенім сен бол» деп іштей күбірлеп, шығып бара жатыр едім, дәрігер медкартішкемді бермей қойды. Амал жоқ, екі-үш күннен кейін қайтадан келдім. Бұл жолы сұлу медбикенің орнында түрік пе, әлде күрді ме, әйтеуір мұрты өсіп кеткен үлкен әйел жүр екен. Сол «Новокаинды» тісіме екті, аздан кейін тістің еті жансызданды. Енді дәрігер тісті жұлайын десе, бір шырқыраймын ғой. Тіпті, дәрігердің қолын тас қып ұстап алып, тісті жұлуға еш мүмкіндік бермеймін. Дәрігер медбикеге: «Новокаин салдың ба?», – дейді, анау «Иә» деп басын изейді. Сонымен не керек, тісті жұлып біткенше дәрігерді әбден қинадым. Ол кісі қатты қапа болды. Содан кейін мұндай жағдайда жас жігіттер үшін дәрі емес, сұлу қыз күшті екен ғой деп ойладым.

Бақыт Рашева деген апайымыздың мінезі қызық болатын. Көңілді кезінде одан асқан мейірімді адам жоқ, ал бірнәрсеге ренжісе, мінезі тас болып қалатын. Күн сайын алғашқы сабаққа кейбір студенттер кешігіп келеді. Оларға Бақыт апай анау айтқандай ренжи қоймайтын. Созақтан келген Кәмшат деген қыз да осылай ойлап қалса керек, бірде сабақтан кешігіп қалып: «Апай, кешіріңіз», – деп арт жаққа өте беріп еді, апай: «Тоқта, неге кешігіп жүрсің?», – деп дүрсе қоя берді. Мұндайды күтпеген байғұс қыз: «Апай, мен жолда келе жатыр едім…», – деп, әрі қарай не айтарын білмей мүдіріп қалды.
– Иә, жолда не болып қалды?
– Апай, мен жолда келе жатыр едім…
Кәмшат ары қарай не өтірік айтарын білмей, жанарымен жер шұқылап тұр.
«Айтсай, не болды жолда келе жатқанда…», – деп апай да тықақтап қоймады. «Апай, мен жолда келе жатыр едім…», – деп Кәмшат сәл ойланып тұрды да «… ауырып қалдым» деді үстінен үлкен жүк түскендей.
Бүкіл аудитория ду етіп күліп жіберді. Кәмшаттың әртістігіне апайдың өзі де мырс етіп күліп жібергенін білмей қалды.
– Енді жазылдың ба? – деді.
– Иә.
– Бар, орныңа отыр.
Тағы бір есімде қалған қызықты айта кетейін. Социология деген пәннен сабақ беретін ағай татар болатын, қазақшаны жақсы білмейтін. Кей кездері студенттерден қазақша сөздің орысша аудармасын сұрап отыратын. Сол кісі біздің топтан емтихан алып отырған. Билетте «Мәдениет деген не?» деген сұрақ бар екен. Сол билетті алған студент жігіт жарытып жауап бере алмады. Ағай ең болмағанда «3» деген баға қояйын деп ары-бері «сүйреді», ана жігіттің жауабы еш көңілінен шықпады. Болмаған соң ағай аудиторияда отырған студенттерге қарап: «Мына бала мәдениет дегенді білмей отыр. Қане, кім біледі мәдениет дегенді?», – деді. Үш-төрт студент жамырай қол көтерді. Солардың ішінде, әсіресе, Айжан деген қыз: «Ағай, мен айтайыншы, мен айтайыншы…», – деп, тіптен орнынан тұрып кетті.
«Ал, Айжан айтсын…», – деді ағай да.
Сонда Айжан орнынан тұрып: «Мәдениет дегеніміз культура ғой» деді аузын толтырып. Айжанның жауабына ағайымыз күлкіден құлап қала жаздады.
Студент кезімде ағамның үйінде тұрдым. Шымкент қаласының Цемент зауыты аумағы жағында Нефтебаза деген көше болатын. Бәрі жер үйлер, ығы-жығы орналасқан, көшелері тар, кейбір тұстарына, тіпті, көлік кіре алмайтын. Өте ескі, ұсқынсыз үйлер бір-біріне жапсарлас салына берген.
Көктемнің бір күнінде сабақтан шыға салып, салып ұрып үй жаққа келе жатқанмын ғой. Аяғымдағы төпли көктемнің жаңбырынан көз ашпай, шалшық суға әбден малшынып, кеңейіп кеткен болатын. Кей кездері галош сияқты салп-салп етеді. Оны білдірмес үшін ақырын-асықпай жүру керек.
Бұл жолы қарын аш әрі түс қайта тағы бір жерге бару керек болды ғой деймін, аяқ киімімнің салпылдағанына қарамай зымырап келемін. Нефтебазаның Құдай бере салған тар көшесінде жас балалар доп қуып ойнап жүр екен. Қастарынан өте бергенде бір баланың шіреніп тепкен добы тура шалбарыма кеп тигені. Шалбарымда доп-домалақ болып балшықтың ізі қалды. Жалт қарадым. Сірә, түсім ызғарлы көрінді ғой деймін, балалардың бәрі безіп, лезде шарбақтардың арасына зып етіп кіріп кетті. Бар ойым үйдегі ақ нан мен сары май болып тұрғанда майда балалармен салғыласып жүремін бе?
«Ой, әкеңнің…» деп мен де шіреніп тұрып допты оң аяғыммен аспанға бір тептім. Доп көкке ытырыла көтеріліп, әуеде сәл ілініп тұрғандай болды да, оң жағымдағы үйдің биік қақпасының ар жағына топ ете қалды. Оның артынан ілесе кеткен қара төплиім, ол да көкке көтеріліп, жан-жағына бір көз жүгіртіп алғандай аспанда сәл кідірді де, шаншылып кеп сол жағымдағы үйдің темір шарбағынан асып барып жоқ болды.
Әп-сәтте болған іске аузым ашылып, аңтарылып тұрып қалдым. Артынша ес жинап, бір аяғыммен секіріп әлгі үйдің қақпасының аузына барсам, үлкен құлып тұр. Іштегі ит арсылдап, шылбырын үзердей боп ауланың ана басы мен мына басына кезек-кезек жүгіреді. Сонымен лезде мүсәпірдің күйін кешіп көшенің бойында бір аяғымды көтеріп тұрдым. Әлгінде ғана зып етіп жоқ боп кеткен балалардың бастары енді әр жерден жылтың-жылтың етіп шығып, мені көріп жырқ-жырқ күледі.
Ең сорақысы көшені бастарына көтеріп, тура қасымнан бір топ студент қыздардың өткені болды. «Там дяденька стоит…» деп әлгі балалар оларға мені қолмен шұқып көрсеткенін айтсаңызшы…
Мұндай ұялмаспын…
Алда келе жатқан Студенттер күні құтты болсын!

Оралхан ДӘУІТ,
журналист, жазушы,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.