Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалқаулық жақсылыққа апармайды

0 507

Масылдық психология – кез келген қоғаммен біте қайнасқан дерт. «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер кеше де, бүгін де болған. Бұл қоғамның дамуы мен өркендеуін тежемесе, ілгері жылжытпайтыны тағы анық. Екі қолына бір күрек ұстауға талпынбаса да, қоғамды, мемлекетті кінәлап, көмек күтетіндердің саны азаяр емес.

Мамандардың сөзіне сенсек, масылдық психологияның кең етек жаюына паразиттік өмір салтын ұстанып, басқа адамдардың ресурстары есебінен өмір сүретіндер легінің қалыптасуы әсер етуде. Салдарынан ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбеу, жеңіл табыс табуға ұмтылу секілді жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесіріне айналды. Бұл жерде масылдық психологиядан бұрын, «Масыл адам дегеніміз кім?» соны анықтап алайық. Масыл адам – жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған, басқа адамдардың тарапынан тұрақты түрде материалдық немесе ақшалай қамтамасыз етілген жан. Яғни практикалық психологияда тәуелді адам өзін ұстауға және қамтамасыз етуге дайын емес, біреудің есебінен өмір сүреді және соны жақсы көреді. Одан бөлек, масылдық әлеуметтік психологияда әдетте нәрестелік-патерналистік кешен ретінде анықталатын көзқарасқа негізделген. Мұнда масыл адамның екі түрі бар екенін білген жөн. Бірі – көп жағдайда бала болып қалатын, күнделікті өмірден бастап, жалпы қоғам деңгейіне дейін мемлекет түріндегі «ата-анасының» қамқорлығына, қорғауына мұқтаж адамдар. Мұндай адамдарды инфантиль деп атайды. Яғни жасы бойынша ересек болғанмен, психологиялық тұрғыдан балалық қасиеттерді сақтайтын адамдар. Ал екінші түрі – жетілмеген адамдарға ата-ана ретінде қатысты әрекет етіп, оларды қорғау және қамқорлықпен қамтамасыз ететін күштерден құралады. Сондықтан мұндай көзқарас патернализм деп аталады, яғни «әке» қажеттілігімен, оны қорғау мен қамқорлық қажет етумен байланысты көзқарас. Бұл масылдық психологияда қорғау мен қамқорлықты қажет ететіндер және оны қамтамасыз ететіндер деп бөлінеді.
Бүгінгі таңда патерналистік құндылықтар Қазақстан үшін экономикалық жетістіктерге жетуіне тежеу болып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстанды құру еліміздің алға ілгерілеуіне кедергі келтіретін кейбір құндылықтарды жоюды, соның ішінде патернализмді ауыздықтауды талап етеді. Өркендеу даңғылына тек қана «қамқоршы мемлекет және белсенділігі төмен азамат» сынды патерналистік схемадан бас тарту арқылы қадам басуға болады. Қазақстандық қоғамның бұқаралық санасында кәсіпкерлік қызметтің құндылықтарын, өз бетінше әрекет етудің және өз ісіңде адал жолмен жетістікке жетудің маңыздылығын мойындау ұғымы бекуі тиіс.
Үкімет осы бағыттағы шараларды ретке келтіруді қолға алып отыр. Демек, бүгінгі күні патернализмнен ада болып, ел қатарлы өмір сүру үшін мемлекеттің қамқорлығы емес, қолдауы да жеткілікті. Ал мемлекет пен халық арасында әлеуметтік қатынастарды қалайша дұрыс жолға қоюға болады? Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын қалайша ажыратамыз? Қазақстанда патерналистік көңіл-күй қаншалықты күшті? Осы мәселе жөнінде сарапшылардың пікірі әртүрлі. Қалай болғанда да, түйін біреу – қазақстандықтарды масылдықтан түбегейлі ажырату керек, әйтсе де, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін босаңсытып алуға болмайды. Өйткені қазір екеуі де өткір тұр. Бұл ретте Германияның Фридрих Эберт атындағы қоры таяуда еліміздің 14 пен 29 жас аралығындағы жастарының өмірлік құндылықтары мен не күтетіні туралы зерттеу жүргізгенін айта кеткен жөн. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстыра зерделенген бұл зерттеуде біздің жас буынның патерналистік көңіл-күйі өте жоғары болып шыққан. Олар бұрынғысынша мемлекеттен түрлі жәрдемақы, жеңілдіктер түрінде, тіпті несиелік рақымшылық сипатында көмек күтеді екен. Әсіресе мемлекет еңбекпен қамтып, қызметке орналастырады деп күтетіндердің қатары өте көп көрінеді. Ал зерттеуде қарастырылған жас санаты Қазақстан халқының жартысын құрайтын контингент екенін ескерсек, бұл жақсы ахуал емес.
– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсе- ту – басты міндеттердің бірі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс, – деген Мемлекет басшысы тиісті азаматтарға арнайы тапсырма берген еді.
Қазіргі қоғамға дендеп кірген дертке Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент депутаттарын, Үкімет мүшелерін, әкімдерді осыған баса назар аударуға шақырып отыр. Бұл түйткілдің «Аманат» партиясы съезінде де қадап айтылғанын жеткізді.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында: «Абай атамыз үшінші қара сөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз, надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған. Еңбекпен келген дәм тәтті болады. Дәметуде дәм болмайды. «Сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар» тым көбейген қоғамның күйі қандай болады?» – деп жазды. Расында, қой бағып күн көруге намыстанатын жалқаулардың «мемлекет жұмыс бермейді» деп масылдық санаға бейімделуі қоғамды кері тартпай ма? Сонымен, бұл тығырықтан шығар жол қандай болмақ? Абзалы, таразы басына мемлекеттік қолдау мен халықтың табыс табу мүмкіндігін қатар қойып, тең ұстау. Мәселен, мемлекет жыл сайын әлеуметтік қолдауға қарайған қаржы бөліп, критерийлер аясын кеңейтіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз жандарға және тағы да басқа халықтың аз қамтылған бөлігіне көмектесіп жатыр. Оның ең бір маңызды бөлігі – атаулы әлеуметтік көмек (АСП) тағы бар. Бір мысал, 2019 жылы сәуір айынан бастап кедейлік шегі өзгертілді. Бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы болса, осы кезден бастап 70 пайызы болды.
Бізде «онда бар ғой, берсе болады ғой», «ол бар болса да бермейді», бермей қалса бітті, «ол сараң» деген жаман масылдық психология бар. Берісі – масылдық, әрісі – көре алмау, іштегі қызғаныш. Сізді тани-тын әркімнің алдыңызда белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Ауырсаңыз халіңізді сұрауы, басыңызға іс түсіп, қатты қиналсаңыз қол ұшын созуы, қайғыңызға ортақтасуы, қуанышыңызды бөлісуі – ағайын-туысқанның, дос-жаранның, аралас-құралас таныстың туысқандық, адамдық парызы. Бірақ ел аман, жұрт тынышта, екі қол, екі аяғыңыз сау бола тұрып, 12 мүшеңіз бүтін бола тұрып, өз басыңызды өзіңіз алып жүре алмасаңыз, тірлігіңізді тиянақтай алмасаңыз, өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес. Айдың-күннің аманында не единицаға, не тиын-тебенге жарымай жүрсе, адамның өз обалы өзіне. Бұл – жай ғана намыссыздық деген сөз.
Неге сізге олар бере беруге, көмектесе беруге, сұраншақтығыңызды жомарттықпен жарылқай беруге міндетті? Өзінің арман-мақсатына қарай талпынып, тынбай еңбектеніп, тірнектеп жинап жүргенін неге көрінгенге шаша беруі керек? Қымбат уақытын сіздің шаруаңызды шешуге неге жұмсауы керек? Сіздің оған өткізіп қойған неңіз бар? Онда бар бас, екі қол мен екі аяқ сізде де бар. Негізі, барлығы адамның өзінен. Ұсақ-түйек болса да шама келгенше кісіге салмақ салмау, күніңді түсірмеу деген дүниені жадыға жақсылап түю керек-ақ. Әсілі, ешкім, ешкімге, ештеңе міндетті емес! Әр адамға әке-шешесі ғана міндетті. Дүниеге әкелген соң ержеткізіп, тәрбиелеп, оқытып, өз қолын өз аузына жеткізгенше барын беруге міндетті. Бірақ бұл әке-шеше өлгенше міндетті деген сөз емес. Әке-шешенің баланың алдындағы соңғы міндеті – аяқтандыру, ата-аналық парызын орындау. Болды. Менің түсінігімде. Өз қолы өз аузына жеткен соң, әркім өз нанын өзі табуы керек. Керісінше, ата-анаға қарайласуы қажет. Ал басқалар сізге тіпті де ештеңе міндетті емес. Екі қол, екі аяғыңыз сау бола тұра, он екі мүшеңіз бүтін бола тұрып, өз басыңызды өзіңіз алып жүре алмасаңыз, тірлігіңізді тиянақтай алмасаңыз, өзіңізден басқа ешкім кінәлі емес. Танымал психолог Анна Құдиярова бір пікірінде: «Масылдықтың туындауын кішкентай баланың сұрағанын бірден беруге бейімдеу есейген шағында сол әрекетті қайталауға себеп болады», – дейді. «Мысалы, бала қыңқ етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпештейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сондықтан мұндай балалық психология әрқайсысымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен масылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық», – деген екен.
«Қазақстандық қоғамда патерналистік және масылдық қатынастың қаншалықты терең тамыр жайып кеткендігі туралы әзірге дөп басып айту қиын. Өйткені дәл қазіргі жағдайда ел экономикасының геосаяси жағдайлардың салдарынан қандай күйге ұшырайтыны әзірге белгісіз. Әйтсе де, мұндай көңіл-күйдің өсе түскендігін зерттеулер көрсетіп отыр. Оның бір себебі Қаңтар оқиғасынан соң түрлі түйткілдер, соның ішінде әлеуметтік өткір мәселелер бойынша мемлекетке талаптың күшейе түскендігінде болуы мүмкін. Халықтың бір тобы несиені кешіру, жәрдемақыны көбейту, тегін баспанамен қамту сияқты базалық сұраныстарды талап етсе, басым бөлігі саяси-экономикалық шынайы трансформацияны күтіп отыр», – дейді Орталық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Анна Гусарова.
Мұндай көңіл-күй кез келген елде әсіресе дағдарысты кезеңдерде күшейе түседі. Мәселен, бұл туралы Халықаралық валюта қорының бұрынғы өкілі, экономист Дуглас Редикер былай деген: «Мемлекеттің экономикадағы рөлі анағұрлым арта түскен сайын ол өмірдің әр саласында нарықтық қатынастарға соғұрлым араласа түседі, бұл азаматтардың патерналистік көңіл-күйін арттыра түседі». Ал бұл өз кезегінде тоқырауға алып келеді. Өйткені мұндағы басты критерий – жұмыстың нәтижелілігі емес, билікке лоялдылық. Билікке қарсы шықпасаң болды, сенен еңбек өнімділігі талап етілмейді». Бұл жағдайды аргентиналық экономист Мариано Грондон: «Патерналистік сипаттағы қатынастар – дамуға емес, тұрақтылыққа негізделген мәдениеттің бір бөлшегі», – деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Сондықтан да билік халық үшін барлық шешімді өзі қабылдап, оларды өз өміріне жауапкершілік алудан тыс қалдыра беретін болса, сәті туғанда азаматтар өз бетінше болған жағдайдан шығудың орнына мемлекеттен жеңілдіктер мен қолдауды екі есе талап ете түсетін болады», – дейді әлеуметтанушы Шынар Сүйіншалиева.
Қазіргі қоғамға жабысқан дерт – біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру, жеңіл табыс табуға ұмтылу. Оған дәлел де көп. Мәселен, соңғы жылдары күн сайын тіркелетін алаяқтық қылмыс әрекеттері де – соның жемісі. Жаңа технологияның мүмкіндігін пайдаланып, үйден шықпай-ақ оңай «олжаға» кенеліп отырғандар жетерлік. Мамандардың айтуынша, елімізде әлеуметтік масылдықтың бір себебін әлеуметтік әділеттіліктен іздеушілердің қатары көп. Бұл – қате ұғым. Өйткені елімізде жолын тапсаң, табыс табудың мүмкіндігі мол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де кәсібін дөңгелетіп отырған мысал көп. Басты мәселе «Масыл болма, қатарыңнан қалма!» деген ұстаныммен, өзін алға сүйрер әркімнің жеке басының психологиясында жатыр.
«Масылдық психология неден пайда болады?» деген сауалға психолог Ақнұр Тәуекел оның сан түрлі себебі болатынын атап көрсетті.
– Бұл тұста бір айта кететін жайт, елімізде халықтың басым бөлігі үнемі мемлекеттің көмегіне жүгініп, жауапкершілікті Үкіметке артып отырады. Олар өздері тұрған жағдайға, өмір сүру тәсіліне жауапкершілікті сыртқы факторларға аударуға бейім. Олар кейбір нәрселер үшін мемлекетті, ата-ананы кінәлап, өздері үшін жауапкершілікті алмайды. Екіншіден, қазақстандықтарға оппортунизм тән. Пайдалану мүмкіндігі пайда болған кезде, соның ішінде әлеуметтік жүйелерді алайық, адамдар мұнда барынша пайдаланып қалуға тырысады және мұны ұят деп санамайды. Неге екені белгісіз, біздің қоғамда «Үкімет үй беруі керек, пәтер беруі керек, мемлекет бағуы керек» деп қалыптасқан ұғым әлі бар. Одан арылмасақ, қоғам мен мемлекетке масыл болғанымыз болған. Мұның бәрі – инфантилизм мен масылдықтың тамыры. Одан бөлек, мұндай адамдар «істейін десек, жұмыс жоқ» деген негізсіз сылтауларды жиі айтады. Немесе мұндай адамдарда мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланып, жұмыссыздың жәрдемақысын, я болмаса үйдегі балалардың әлеуметтік төлемақысын қанағат етіп жүру әдеті бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын адамдар барын айтып, масылдықты сөккен еді. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», – деді ол.
Еңбекке деген сұраныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда масылдық психологиясын туындатуы да мүмкін. Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам.
Әрине, әркімге дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Мемлекет кедейлікті, әділетсіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жүзеге асыруға, әділ сот төрелігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шынымен мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауға міндетті. Мемлекет негізінен алғанда, халықтың аз қамтылған яки объективті себептермен мүмкіндіктер шеңбері шектеулі бөлігіне ғана әлеуметтік қолдау көрсетуі қажет. Онда да мұндай қолдау барынша тиімді болуы тиіс және қаржыны тек пассивті түрде беріп қоюға ғана бағытталмауы керек, керісінше, осындай азаматтардың өз ісін ашуы үшін білім алуы, жаңа машықтарға ие болуы, оның өзін-өзі жүзеге асыруға, дамытуға қаншалықты мүмкін екеніне қарай көмектесуі тиіс.
Әлем толассыз дамыған өркениет көшін қалыптастырды. Әр адамның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды жақсарту – отбасындағы әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бостан-босқа қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артуда. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында тасыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі қолынан іс келетін адамды жұмыс өзі іздеп табуда. Сондықтан да жағаға жармасқан жалқаулықтан арылып, табанды еңбек ету – заман талабы.
Жалпы көпшілік арасында масылдық психология қалыптасқаны қынжылтады. Әркімнің белгілі бір деңгейде адамдық парызы бар. Дегенмен жасаған ісіне көреалмаушылық таныту – масылдық көзқарастың алғашқы сатысы. Адамның жомарттығын пайдаланып, өз бойындағы ауыртпалықты жеңілдету дұрыс емес. Сұраудың да өз әдебі, мақсаты бар. Ал масылдық жолды таңдағандарға бәрі міндет секілді. Олар өтірік дәрменсіз күйде болып, қымбат уақытты құр босқа өткізумен әлек. Ел аман, жұрт тынышта, он екі мүшесі сау бола тұрып, тиянақты іспен шұғылданбауға ешкім кінәлі емес. Бастысы – адамның бойындағы қауқарсыздық. Қашанда масылдық психологиядан арылу үшін үздіксіз алға қарай ұмтылу керек.
Бақшадағы жемістің бітік шығуы – еңбекқордың адал еңбегінің нәтижесі. Ал масыл адамның сәтсіздігі болашаққа деген сенімінің жоқтығынан. Өзгенің бергені азғантай азық болғанымен, оны өзіңнің маңдай тер еңбегіңмен тапқанға жетпейді. Сондықтан масылдық көзқарастан әрбір адам ада болуы қажет.
Қазіргі таңда бір ғана атаулы әлеуметтік көмек алу барысында отбасындағы тұрақтылық сақталмай, түрлі жағдай орын алып жатыр. Бірі ажырасып, бірі жанжалдасып, бірі табысын жасырып, бірі ата-анасынан бөлек кетуде. Кей азамат әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін тұрақты жұмыстан бас тартуда. Бұл – масылдықтан туындап отырған жағдай. Әйтпесе ерінбей еңбек еткен еш нәрсеге мұқтаж болмайды. Ата-бабамыз талай нәубетті күннен аман шығып, ұрпағын жеткізгенін ескерсек, бұл қазаққа тән қасиет емес.
Бізде тіпті туған-туысының қам-қорлығына сеніп, мойнына мініп алатындар да жоқ емес. Қол ұшын созғанға әбден үйірсек болып, «сенде бар ғой, берсең болады ғой» деп тілемсектену де масылдыққа жатады. Екі қол, екі аяғың сау бола тұрып, біреуге кіріптар болсаң, оған адамның өзі ғана кінәлі. Десе де, масылдарға бәрі міндетті сияқты көрінеді: беруге, жағдайын жасауға, көмектесуге. Үкімет, әке-шешесі, ағайыны, тіпті тамыр-танысы. Бірақ олар өздеріне ешқашан «Мен оларға не бердім?», «Неге олар маған беруі керек?» деген сұрақтарды қоймайды. «Тепсе темір үзетін соқталдай азаматпын, өз қолым өз аузыма жеткен ересек адаммын, мен беруім керек қой, олар маған міндетті емес қой» дегенді ешқашан ойламайды. Бұл тақырып бойынша терең қаузап, талай дүниенің басын ашып айтуға болады. Ықылым заманнан қазақ халқы еңбеккеш, маңдай терімен ырзық-несібесін тауып келеді. Қарапайым еңбектің арқасында нәубетті жылдарды артта қалдырып, ел еңсе тіктеді. Ал қазір күнделікті тұрмыстағы ахуалдың күрделенуі кез келген адам арасындағы ортақ түсініспеушілік туындатуда. Отбасындағы тұрақсыздық көрінісі енжарлық, жалқаулық орын алғанда белең ала бастады. Осы ретте жекелеген тұлға ретінде үйдегі жауапкершіліктен жалтарып, өзгенің есебінен өмір сүру нағыз масылдыққа әкеліп соқтырды.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.