Жалған ПТР тестілері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 іс қозғалды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған вакцинациялаудың жалған паспорттарын және ПРЦ-тестілеудің жалған нәтижелерін тарату фактілерінің жолын кесу және тергеу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топтың кезекті отырысы өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Отырысқа мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары (Бас прокуратура, ҰҚК Шекара қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қаржы монгиторингі жөніндегі агенттік, Денсаулық сақтау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) қатысты.
Кеңес барысында мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралды. Жыл басынан бері ішкі істер органдары ПТР-тестілеу мен вакцинация паспорттарының жасанды нәтижелерін қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 қылмыстық іс тіркелгені атап өтілді.
Сонымен қатар, алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жалған медициналық құжаттарды дайындаумен және пайдаланумен байланысты бұзушылықтар жалғасуда.
Мысалы, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысының полицейлері жалған вакцинациялау жүргізгені үшін (ақшалай сыйақы үшін 30 мың теңге) сегіз адамды, оның ішінде 4 медицина қызметкерін ұстады. Олардың көрсеткіштеріне сәйкес жалған төлқұжаттар 150-ден астам азаматқа берілген. Елордада 15 қыркүйекте қалалық емхананың 2 медбикесі және осы жылдың маусым айынан бастап жалған вакцинация жүргізген мектептердің бірінің делдал – оқытушысы ұсталды.
Алдын ала ақпарат бойынша 100-ге жуық азамат жалған төлқұжат алған. Барлық анықталған фактілер бойынша жалған екпе алған адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды, 17 адамға қатысты 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, айыптау үкімі шығарылды.
Мәселен, Ақтөбе қаласындағы жеке клиниканың медицина қызметкері мен оның делдалдық қызмет көрсеткен жұбайына облыстық соттың шешімімен әрқайсысына 200 АЕК (583 мың теңге) айыппұл салынды.
Кеңес қорытындысы бойынша жалған медициналық құжаттарды дайындаумен және пайдаланумен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру бойынша қажетті іс-шаралар белгіленді.