Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалған ақпарат жарға жығады

0 646

Елімізде терроризм туралы жалған ақпарат таратқандарға қатаң жаза белгіленген. Алайда облыста террорлық акт туралы хабарлама таратушылардың саны азаяр емес. Күні кеше ғана Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне бомба қойылғаны туралы ақпарат бұқараның үрейін алды. Алайда арнайы тексерістен кейін оқу орнынан ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Жамбылполитехті жармақ болған кім?

Бәрін басынан бастасақ, Тараз қаласындағы «Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне жарылғыш зат қойылды» деген ақпар өткен жетіде тарады. Оқу орнын тәртіп сақшылары қоршауға алғанын естіген ата-аналар балаларының амандығын білуге асықты. Алайда арнайы мамандардың тексерісінен кейін білім ордасынан жарылғыш зат табылмады. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеді.
«21 қарашада Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына Жамбыл политехникалық колледжінен Тараз қаласының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесіндегі оқу орнының барлық корпустарына жарылғыш заттар қойылғаны және 1 сағатта жарылатыны туралы «Telegram» парақшасына белгісіз абоненттен хат түскендігі туралы хабарлама келген.
Шақырту орнына жедел түрде полиция департаментінің 22 автоэкипажы, 100 полиция қызметкері, арнайы саперлер мен кинолог мамандары, Төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды.
Колледж қызметкерлері мен студенттер және басқа да азаматтар қауіпсіз жерге көшірілді.
Тексеру жұмыстарының нәтижесінде жарылғыш зат анықталған жоқ.
Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) тергеп-тексеру амалдарын бастады», – делінген ресми хабарламада.
Әрине, жарылғыш заттың табылмағаны қуантады. Алайда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Телеграм» чатына белгісіз нөмірден мынадай мәтінде хабарлама келіп түскен: «Во всех корпусах колледжа есть заложенная мною ВЗРЫВЧАТКА. Детонация – ровно через час. Ваши собаки вам не помогут. Тик-так, у вас мало времени…».
Байқап тұрсаңыз, үрейді алатын хабарлама. Ал, ең қорқыныштысы, ертесіне Тараз тағы шулады. Екінші күн қатарынан Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқу орнының «Telegram»-дағы ресми парақшасына келген анонимді хат мәтінінде білім ордасының Төле би даңғылы мен Домалақ ана көшесінің бойындағы ғимараттарына бомба қойылғаны жазылған. Оқиға орнына полиция департаментінің жеке құрамы, саперлер, кинологтар, ТЖД қызметі мен дәрігерлер жедел жеткен. 1 700 студент пен колледж қызметкерлері жедел эвакуацияланған. Алайда колледждің корпустарынан жарылғыш зат тағы табылмады. Полиция қызметкерлері «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді одан әрі күшейтті.
Осылайша белгісіз қаскөй екі күн бойы тәртіп сақшылары мен оқу орнының мазасын қашырды. Бұлай істеу кімге керек болғаны белгісіз. Және құзырлы органдар жалған ақпарат таратушыны әлі таба алмай жатқаны да түсініксіз. Бәлкім, құпия операция жүргізіліп жатқан шығар. Әйтеуір арнайы құрылымдар бұзақыны жақын арада табады деп сенеміз. Әйтпесе күн сайын адамдарды эвакуациялап, үреймен жүру ешкімге оңай соқпайды.

Қалалық сотқа граната алып кірді

Жалпы бұл облыста орын алып отырған бірінші жағдай емес. Естеріңізде болса, өткен жылы Тараз қаласындағы сот ғимаратын шаһар тұрғыны жармақшы болып, дүрбелең туған. Қалалық соттың алды қоршауға алынып, арнайы жасақтың сарбаздары көлік қозғалысын тоқтатты. Мұндай көріністі көрген көпшілік 2011 жылғы терактіні еске алды. Алайда облыстық полиция департаменті жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
«5 қараша күні сағат 09.10-да облыстық полиция департаментінің кезекші бөліміне №2 Тараз қалалық сотының кіреберісінде белгісіз азамат граната жарылғыш затын жармақшы болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары 49 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Тексеріс барысында одан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Одан бөлек, ұсталған күдікті ақыл-есі кем ретінде психикалық диспансерде тіркеуде тұрғаны белгілі болды.
Облыстық полиция департаменті қала тұрғындарын жалған ақпарат таратпауға шақырады», – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша тұрғындардың үрейін алған оқиға абырой болғанда тыныш аяқталды.

Мұғалім мектепке бомба қойды

Бұл аз десеңіз, Шу ауданында мектеп мұғалімі ашық сабағын өткізбеу үшін «білім ордасында бомба бар» деп жұрттың жағасын тағы ұстатты. Ұстаз ашық сабаққа дайын болмағандықтан, «мектепте бомба бар» деп полицияға хабар берген. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Ең қызығы, жалған хабар берген мұғалім балаларды эвакуациялауға көмек беріп жүрген.
Жалпы жас мұғалім басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай сұмдық қулыққа барған. Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып ғимаратты тінтіп шыққан. Алайда күдікті ешқандай зат табылмаған. Есесіне жалған мәлімет берген ұстаз жылдам анықталған. Ол мектептің 25 жастағы жас маманы болып шықты. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қызметінен қуылып, «қылжақбастың» үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Гродеково ауылындағы «лаңкестік»

Өңір тұрғындарының үрейін алған тағы бір оқиға Жамбыл ауданына қарасты Гродеково ауылындағы орта мектепте орын алды. Мұнда да белгісіз адам білім ордасына жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған ақпарат таратқан.
Оқиға орнына жедел жеткен мамандардың жүргізген арнайы іс-шарасы барысында жарылғыш зат табылмаған.
Төтенше оқиғаның алдын алуға ҚР ТЖМ Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 30 маманы мен 9 техникасы жұмылдырылған.

Меркі шипажайынан шыққан шу

Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат Меркі шипажайына қатысты да орын алды. Тараз қалалық ПБ-ның Жедел бақылау орталығына белгісіз адам 33 жастағы тұрғын Меркі шипажайына сөмкесіне жарылғыш зат салып апара жатқанын хабарлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен аудандық полицейлер тексеріс барысында ешқандай жарылғыш зат пен күдіктіні анықтамаған.
Меркі аудандық ПБ және ҰҚК қызметкерлерiнiң жедел iздестiру шаралары нәтижесінде жалған ақпарат берген 41 жастағы тараздық тұрғын ұсталған. Күдікті кінәсін толық мойындап, аудандық уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстiң 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша іс қозғады.

Мамандар не дейді?

Байқап тұрсаңыздар, жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат таратушылардың саны көбеймесе, азаймаған. Жалпы мұндай ақпарат естігенде не істеу керек? Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бұған қатысты тұрғындарға нұсқама хабарлама беруде.
«Мектепте, балабақшада, сауда дүкенінде жарылғыш зат қойылды деген мағынада көп анонимді хабарлама келіп түсіп, бақытымызға орай, көбіне ол жалған болып жатады. Дегенмен жарылғаш зат тауып алған немесе сондай қауіпті жағдайға тап болған адам не істеуі керек? Бұған ел азаматтарының көбісі нақты жауап бере алмасы анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін төтенше жағдайларды жою қызметі ұдайы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.
Күдік тудыратын затты тапқан жағдайда іс-әрекет ету тәртібі:
– Қол тигізуге, ашу, қозғау немесе тапқан затпен басқа да іс-әрекет жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады.
– Заттың қасында ұялы телефонды қолдануға және басқа да радио байланыс құралдарын пайдалануға болмайды.
– Күдікті затты тапқан жағдай бойынша полицияға немесе құзырлы органдарға дереу хабарласу қажет.
Егер Сіз қоғамдық көлікте иесіз немесе ұмытылған затты тапқан жағдайда:
1. Қасыңызда тұрған адамдардан сұраңыз, кімдікі және кім оны қалдырып кетуі мүмкін екенін анықтауға тырысыңыз.
2. Егер де заттың иесі анықталмаса, дереу жүргізушіге хабарлаңыз.
Егер Сіз белгісіз затты өз үйіңіздің подъезінде тапқан болсаңыз:
1. Көршілерден сұраңыз. Мүмкін, зат оларға тиесілі шығар.
2. Егер заттың иесі анықталмаса, шұғыл түрде табылған зат бойынша құзырлы органдарға хабарласыңыз.
Егер Сіз белгісіз затты мекемеде, ұйымда тапқан болсаңыз:
1. Дереу әкімшілікке немесе мекеме күзетіне табылған зат бойынша хабарлау қажет.
2. Белгісіз заттың табылу орнын және уақытын белгілеп қойыңыз.
3. Адамдардың қауіпті аймақтан және күдікті заттан алыс тұруына шаралар қабылдаңыз.
4. Құзырлы органдар өкілдерінің келуін күтіңіз, күдікті заттың орналасқан жерін, табылған уақытын көрсетіңіз.
5. Үрейленбеңіз. Болуы мүмкін жарылыс туралы болған жағдайды білуі тиіс адамдарға ғана хабарлаңыз.
Сондай-ақ есте болу қажет, заттың сыртқы келбеті оның шынайы мақсатын жасыруы мүмкін. Болуы мүмкін жарылғыш құралдарының, басқа да қауіпті заттарға келесі белгілер көрсетілуі мүмкін:
Жарылғыш құрылғының белгілері:
– Сымдардың болуы, кішігірім антенна, изолента, шпагат, жіп, пакеттегі скотч немесе пакеттен шығып тұрған скотч.
– Табылған күдікті заттан шығатын дыбыс (пакет, сөмке және т.б.)
– Сағаттың тықылы, шерту және т.б.
– Табылған күдікті затта қуат көздерінің элементтерінің болуы (батарейка).
– Сым керілгі, жіп, шпагат, леска;
– Заттың өзгеше орналасуы;
– Аталған жерге тән емес заттың болуы;
– Аталған жерге тән емес өзгеше иістің болуы, – дейді мамандар.

P.S. Міне, мамандар осындай ақыл-кеңесін беруде. Бұл, әрине, әрбір тұрғынның жадында жүргені абзал. Себебі «Сақтансаң, сақтайды!» дейді. Ал, ең бастысы, жалған ақпарат таратпай, заңсыз әрекетке бармаған жөн. Өйткені ойнап жүріп от басуға болатындығын ұмытпайық!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.