Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жайнаған Жамбылым

0 805

Әл-Фараби бабамыздың ғұламалық ілім-білім трактаттарында ізгі адамдардың қалада тұратын өмірін ардақтап, бөлектеп айтқаны – бір керемет дүние.

Өркениет өрісінің өркен жайып, өрелі ой – тартылыс күшінің ерекше толқынысы тауып айтылған сөз бен ақылды түйінмен тазалық тұнығын сақтап қалатынына қатты мән берген.

Музыка әлемінің нақыштар әуені – нотаны ойлап тапқан ойшыл бабамыз ішкі түйсіктерді нәзіктікпен сезінуі, жан жүрегімен ырғақты түйсінуі, адамдардың қабылдауы мен құштарлығын арқау етуі де поэзия құдіретінен деген. Ибалы иманнан иіні қанып бас идірген. Рух еркіндігі өлмес жыр туғызған.
Көнеден көкжиек тартқан ұлы ғұламаның адамзат ақылының ең таза әрі күрделі де тұнық құбылыстарын толық ұқтырған өшпес, мәңгілік игеру білімін қажетсінетін мұраларына аздап көз жібергенімізге себеп болған қисын бар.

Әлімсақтан әйгілі Әл-Фараби мен данышпан Абайға дейінгі аралықта қаншама дәуір өтті. Адамдар үшін озып туған жандардың ісі мен сөзінен ұлықтайтын ұлағат пен өнеге, алтыннан да бағалы аманат қалды. Ғасырлар өтер, жылдар жылжып өтер, уақытты ешкім ұстап тұра алмайды.

Қазақ баласы бабалардың алтын сандықта ауыз әдебиетімен ұрпақтан ұрпаққа аялап жеткізіп отырған өлең-жырларындай ғажайыптарды, еш ескірмейтін көне жазбалар мен шығармаларды оқып, жаттап өскен.

Мөңке, Қорқыт бабалар… Жиембет жыраулар мен шешендер, Қазтуған, Ақтамберді, Бұқар, Махамбеттің өрлік пен ерлік рухындағы отты жырлары… Көрнекті билердің алмас қылыштай аталы, кесімді сөздері 100 томдық кітапқа арқау болған. Кешегі ХХ ғасырдың тұтас тұлғалары, кілең таланттылардың тағдырлы кезеңі және ұлттық әдебиеттің алтын дәуірінде мәдениеттің мәйегі делінген өлмес, өшпес туындылары дүниеге келді. Бұл енді сүбелі де тарихи еңбектер сөз өнерінің дамыған жауһарлары мен маржандары. Түбегейлі зерттеулердің еншісінде.

Бұл мәселені қозғауымызға бір кісінің «қала мен ауылдарға арнап ертеден бері жазылған өлең-жырларды көзге көрінетін жерге, көше бойына жазып қойса, оны бір көз жүгіртіп оқыса да пайдалы болар еді» деген жанашыр бір ауыз сөзі түрткі болды. Дұрыс айтады, қазақ баласы өлең-жырмен қанаттанып өседі, еркіндік рухпен есейеді. Жамбыл өңірінен үн қатқан ағайындікі жөн. Жүректен шыққан жыр қай заманда жазылса да жаңғырып тұрады, жүрекке жетеді. Міне, сонау 1963 жылы жазылған өлең! Тура осыдан 58 жыл бұрын лирикалық туындыларымен әдебиет қауымын жалт қаратқан жас ақын Күләш Ахметованың «Жайнаған Жамбылым» деп аталатын өлеңін оқып көрелік…
Ғашық болсаң ерен еңбек, ән-жырға,
Келіп қайт, дос, жазғытұрым Жамбылға.
Кейде көңілің құлазыса елеңдеп,
Хат жаз, құрбым, тез арада келем деп.
Әуес болсаң дымқыл тұман жаңбырға,
Келіп қайт сен, күздігүні Жамбылға.
Ақ шекерді талай шайға салдың ба,
Шыққан жерін көрем десең,
Келіп қайт, дос, Жамбылға.
Қызықтырса көп жаңалық күнде бір,
Сені аңсап аяулы бір жан мұнда,
Келіп қайт сен, сағындырмай Жамбылға.
Көңілі жаз, көсегесі көгерген,
Жамбылға кел, ақ көңілмен,
өнегеңмен, өнермен.
Бір келген соң жақсысы мол Жамбылға,
Келіп тұрғын келе берер әр жылда.
Қасиетті Жамбыл жері туралы небір ақындар жыр жазды, өлеңмен ән туды. «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» деген Жамбыл атамыз бастап. Бәрі де жақсы. Күләш әпкенің өлеңінің өрнектері мен иірімдерінде сезімталдық басым. Жүректе тез жатталады, санаға құйылып тұр.

Бұл күндері қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алатаудай Алаштың ақыны, қазыналы Қаратаудың қызы Күләш Ахметова Тараз қаласында тұрады. Адалын айтайықшы, ақынның шығармаларын оқыған сайын жарқын жырларына куә боласың.

Тараз бен Жамбылын жырлаған өлеңдерін жастар сүйсініп оқиды. Бұл – рухани жаңғыру мәселесінде өте әсерлі, жанды тәрбиенің төресі. Ақынның туған жер киесі мен қасиетін жүректе жаңғыртқан Жамбыл жырын төрге жаздырып қойсақ, көрнекі тағылымның үлгісі болады.

Айтқандай, кезінде Әл-Фарабидің шығармаларын алғаш зерттеген ғалымдардың бірегейі Ауданбек Көбесов ағамыз ауылдас бауыры Күләш әпкенің өлеңдерін қуана оқыған кезінде ұлы ойшыл бабаның трактаттарынан мәдениетке қатысты үзінділер келтіргенді ұмытпаған екен. Бұл да тегіннен-тегін емес. Өлеңнің биік парасатын пайымдай біліп отырғаны білімпаздың. Ғалымдар айтса, дәлдікпен айтады.

Қоғам құндылықтарын қастерлеу өнер-біліммен жасалатын жасампаздықты ардақтай білуден басталады. Бұл – жаһандану заманында өте керекті іс.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.