Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жайлы мектептің» жай-жапсары түсіндірілді

0 263

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Шөлдала» алқабының тұрғындарымен кездесті.

Бүгінде алқапта «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық білім ордасының құрылысы басталуда. Осыған орай тұрғындар мектеп құрылысына белгіленген жер аумағын өзге жаққа ауыстыру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Дегенмен қала әкімі бұл ұсыныстың қабылданбайтынын және оған бірнеше себеп бар екенін айтып өтті.
– Біріншіден, сіздер көрсеткен жер аумағының астынан жоғары қысымды, халықаралық газ магистралінің құбыры өтуде. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Екіншіден, сол жердің астымен су құбыры жүргізілген. Үшіншіден, ол аумақ теміржол торабына жақын орналасқан. Бұл да заңмен белгіленген нормаларға сай келмейді. Мектеп салудың да өз заңдылығы бар. Біз әуелі осыған баса мән беріп отырмыз. Әрине, сіздердің де алаңдаушылықтарыңыз орынды. Балалардың қауіпсіздігі – біздің де басты назарымызда. Мектеп құрылысы аяқталған соң, онда жаяу жүргіншілер жолы, асфальт жол, жарық орнатылады. Сондықтан бұл мәселе әбден таразыға салынып, тиісті шешім нақты қабылданған. Дегенмен халықтың өтініш-тілегін тыңдауға арнайы келіп отырмын, – деген шаһар басшысы өзге мәселелер бойынша да тұрғындар сауалына жауап берді.
Жиын барысында шөлдалалықтар заманауи мектептің өз аумақтарынан салынатынына ризашылықтарын білдіріп, облыс, қала басшылығына алғыстарын жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.