Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жадымда жаңғырған Желтоқсан

0 639

Жыл сайын желтоқсан айы жақындай түссе, жүрегім сыздап, мұңым мен қуанышым қатар оянады. Соңғы жылдары Тәуелсіздік күніне орай алаңға жиналған жастарды еске алып, бақилық болған боздақтарға құран бағыштау дәстүрге айналып келеді. Әрине, бұл өте құптарлық іс.

Сол кездегі солақай саясаттың жалған санағының салдарынан санамыз уланып әлі күнге дейін алаңға жиналған халықтың нақты саны да анықталмағаны өкінішті. Алайда алаңға жиналған халықтың наразылығын басу үшін 60 мың әскери күш, 20 мың полиция қызметкері және 16 мыңға жуық жасақшылар күші жұмылдырылған деген деректерге сүйенетін болсақ, Л.И. Брежнев атындағы алаңға жиналған халықтың саны да аз болмағанын аңғаруға болады.
Алаңға жиналған халықтың, билік құрылымы коммунистік режиммен арпаласып жүріп, жарақат алып, мүгедек болып қалған және жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшырап, психикалық ауруға шалдыққан, ұрып-соққан жарақаттан қайтыс болғандардың нақты саны бар деп те сеніммен айта алмаймыз. Өйткені сол кездегі саясаттың салдарынан жабулы қазан сол күйінде қалып, әлі күнге дейін ашыла қоймады.
Қазіргі таңда Желтоқсан көтерілісіне зейін аударған жас тарихшылардың ізденісінің арқасында және Желтоқсан ардагерлерімен бірлесе дөңгелек үстел ұйымдастыру арқылы ашылмаған деректер табылып, мәліметтер белгілі болуда.
Алаңға жиналған халықтың арман оты лаулап, «Болашақта елімізді не күтіп тұр, ертеңгі күніміз не болар екен?» деген оймен бейбіт шеруге шыққан жастар намысты қолдан бермеу үшін қорқыныш, үрей сезімінен арылып, өз талаптарын айқын және батыл айтып, алға қойған мақсаттарына бет алды. Халықтың мұндай бірлігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі алаңдағы жағдайды күрт өзгертті. Себебі тамырын тереңге жіберген қызыл империя жастардың алған бағыты мен іс-әрекетін ұната қоймады. Сол себепті «Құйын-86» арнайы операциясы арқылы еркіндікті аңсаған қазақ халқының ұл-қыздарын итке талатып, ұрып-соғып, қақаған қыста мұздай су шашып, қарусыз бейбіт шеруге шыққан халыққа қарсы ойран салды.
Арсыз әрекеттерімен күш көрсеткен және халықтың қаһарына ұшыраған билік, алаңға жиналған жастарды өздерін-өзі қорғау әрекетіне көшуге мәжбірлеп, бейбіт шеруге келген халық қолдарына түскен затты пайдаланып қорғанудан басқа шаралары қалмады. Өкінішке орай, арнайы дайындықпен қаруланған сақадай-сай әскерге қарсылық көрсету оңайға соқпады.
КСРО саясаты билікті халыққа бермеу жолында айуандық жолмен алаңға жиналған халықты итке талатып, «черемуха» газ баллоны мен түтін шашатын гранатаны пайдалана отырып улады, сапер күрегімен аяусыз шауып, арнайы су атқылайтын көліктермен бейбіт шеруге жиналған халықтың быт-шытын шығарды.
Өмір мен өлімнің ортасында қалған жастардың намысы мен ашу-ызасы халықтық көтеріліске алып келуіне үлкен себебін тигізді, алаң қанға боялып, 3 тәулік бойы тәуелсіздіктің ұшқыны сөнбеді, керісінше, ұшқын лаулап жалынға айнала бастады.
«Құйын-86» операциясы халықты қара күшпен басқаны болмаса, жастардың рухы мен болашаққа деген сенімін сындыра алмады. Керісінше, тәуелсіздікке ұмтылған өрімдей ұл-қыздарымыз жазадан да, өлімнен де қорықпай, қызыл империяның жүрегіне найзадай қадалып, бір сілкіп алды…
Он бес мемлекеттің басын қосып, билік үстемдігін жүргізіп отырған коммунистік саяси режимі, тәуелсіздіктің бұлағы Желтоқсан көтерілісінен кейін көп ұзамай құлдырап, тарағаны баршамызға мәлім. Айта кетсек, 1989 жылы 9 сәуірде Тбилисидегі халық көтерілісінің нәтижесі Грузия елінің 1991 жылы тәуелсіз мемлекет болуына әкеп соқты. Нәтижесінде, 1992 жылы Грузия мемлекеті БҰҰ-ның толыққанды мұшесі болу Грузияда тәуелсіздік жолында алаңға шыққан азаматтар мемлекет мәртебесіне ие болды. Сол кездегі саясаттың салдарынан жалпы қазақ халқын қорлайтын шешім қабылданып, баспасөзде қазақ жастарына «бұзақылар», «маскүнемдер», «нашақорлар» деген баға беріп, айып тағылды. Уақыт өте аудио-видеоға жазылған бейнелер мен фотосуреттерді пайдалана отырып, Желтоқсан қатысушыларын жаппай қуғын-сүргінге ұшырату жұмыстары жүзеге асырылды. Соңғы жылдары Желтоқсан көтерілісі жайлы ашылмаған парақтар мен жазылмаған деректер жазыла бастағаны қуантарлық жағдай, бірақ толығымен ақиқаттың түбіне жету уақыттың еншісінде болып тұр.
Желтоқсан көтерілісі халықаралық деңгей мен тарих толқынында лайықты орнын ойып тұрып алмағаны және тәуелсіздік жолында алаңға жиналған халыққа «Желтоқсан қатысушысы» деген мәртебе берілмегені өкінішті жағдай.
Желтоқсандықтардың жан-айқайы айтылғаны қай заман, өзінің тарихи мәртебесіне ие бола алмай келе жатқан Желтоқсан көтерілісіне биыл 37 жыл толады екен, уақыт шіркін зымырап өтті де кетті.
Жылдар өте «Кімнің алдында, не үшін, қандай жасаған қылмысымыз үшін біздер, Желтоқсан қатысушылары ақталуымыз қажет?» деген сұрақ та туындайды. Алаңға шыққан кезде тұла бойымызға сіңірген ұлттық идеологиямыз бізге рухани күш берді, болашаққа деген көзқарасымызды өзгертті. Ұлттық идеологияны насихаттау арқылы мемлекет дамиды, өркендейді.
«Мәңгілік ел боламын» деген мемлекет ұлағатты ұрпақ тәрбиелейді. Қазіргі таңда жоғары, арнайы орта және орта білім беру мекемелерінде оқитын студенттер «Желтоқсан көтерілісінің болуына не себеп болды?» деген сұраққа қызығушылық танытуда. Әрине, ол қуантарлық жағдай, себебі халық, әсіресе жастар өз елінің тарихын білуі қажет және міндетті.
Осы жолда жастарға бағыт көрсетіп, рухани тәлім-тәрбие беру мақсатында жұмыс атқарып жүрген қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшелері де өз үлестерін қосуда. Ендеше, еліміздің үміті болашақ жас ұрпағымыз аман болсын, тұғырымыз биік, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

Сәкен Мырзабай,
Жамбыл облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.