Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңғырған тұрғын үйлер – шаһар шырайы

0 87

Соңғы бірер жылдың бедерінде көне шаһар – Таразды көркейту бағытында ілкімді істер қолға алынып келеді. Бұл мәселе қаланы өркендетуге арналған үш жылдық даму жоспарында да айқын көрініс тапқан. Осы бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Осыған орай аймақ басшысы Тараз қаласында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі әуелі «Қарасу» алқабындағы №4, 5, 10, 11, «Аса» (11) шағынауданындағы №11, 12, 19, 21, 23, 32 үйлерді аралап шықты. Көпқабатты үйлердің жертөлесіне түсіп, шатырына шығып, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді.
Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде сапа мен мерзім кестесінің сақталуын қатаң бақылауда ұстау керектігін міндеттеп, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарын межелі уақытта аяқтауды, тұрғындардың пікірін назардан тыс қалдырмауды талап етті.
Айта кетейік, қазір шаһардың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес, ал 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өтсе, қалған 614-і жөндеуді қажет етеді.
Осы мақсатта 2024 жылы Тараз қаласындағы 53 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Бүгінде 40 көппәтерлі үйде құрылыс жұмыстары аяқталып, қалған он үшінде жалғасуда.
Сондай-ақ қайтарым қаражаты есебінен Төле би даңғылындағы №11, «Қаратау» шағынауданындағы №37 «А», 39 үйлер және «Салтанат» шағынауданындағы №29 «А», 29 «Б» үйлер күрделі жөндеуден өтті. Коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» шағынауданындағы үш үйдің қасбеттері боялды.
Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді.
Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен қаланың орталық көшелеріндегі 28 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылған еді. Осыған сәйкес өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Сонымен қатар Желтоқсан көшесіндегі №71 үй жөнделуде. Ал биыл қалған 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.