Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсылық жаса адамға!

0 2  466

Кейіпкеріміз Шәріп Дәулетбаев қолынан келсе, кісіге жақсылық жасағысы келіп тұрады. Бұл – әке өсиеті. Шәріп осы өсиетті қатаң ұстанды.
– Біздің ата-бабаларымыз тұрған атақонысымыз Ақтөбе облысының Байғанин ауданында екен. Қазақша таратып айтар болсам, Кіші жүздің Табын руынанбыз. Тағдырдың тауқыметі шығар, әкем Қантай Әулиеата өңіріне 1932 жылы келіпті. Адамдардан жақсылықты көп көрсе керек, «қолыңнан келсе, адамға жақсылық жаса» дегенді көп айтып отыратын, әйтеуір. Жарықтық өмірден осы ұстаныммен өтті. Анам Сәден батыл, өткір, ділмәр, іскер кісі еді. Қазақтың қайсар ұлы Асау Барақтың руынан. Батылдығы атасынан тартқаны шығар, – деп шыққан тегі, ата-анасы туралы бастады әңгімені Шәріп аға. Бұл – тектіліктің белгісі.

– «Тегін білмеген – тексіз», «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген қағидалар бұрыннан бар. Тек туралы сөз рулық қарым-қатынастарға байланысты болса, жеті ата туралы қағида қан тазалығын сақтаудан шыққан. Одан зиян шеккен қазақ жоқ.
Денсаулығы жақсы, қуатты, қайратты ұрпақтары өсіп-өніп, ұлан-байтақ даланың ұлтарақтай жеріне дейін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, көзінің қарашығындай сақтап, бізге мұра етіп қалдырып кетті. Шыққан тегін, жеті атасын білуді өсиеттеген қазақ «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» (Төле би) деген қатаң үкіммен бірлікке де шақыра білген. Қазақтың рушылдық қасиетін тиімді пайдаланған орыс отарлаушылар қызуқанды аталарымызды бір-біріне айдап салып, оларға болысқан болып «бөліп ал да, билей бер» саясатымен не көрсетпеген ұлтымызға?! Сол сұрқия саясаттың салдарынан «Бөлінгенді бөрі жер, жарылғанды жау алар» дегеннің кері келіп, ғасырлар бойы өзгенің бодандығында болмадық па?! Құдайға шүкір, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп жырлағанындай, тағдырдың талайын бастан кешкен қазақ феникс құстың күлден қайта тірілгеніндей қайта түлеп, бүгінде айрандай ұйыған ұлт болып отыр. Еліміз – тәуелсіз Қазақстанымызды әлем таныды, мойындады. Дегенмен жастарымыз жаһандануға жұтылып кетпес үшін тілін, ділін, дінін, басқа да қазаққа тән ұлттық құндылықтарды білуі, құрметтеуі, ұстануы керек! – деген ұранға бергісіз сөздермен тұздықтап қойды әңгімесін.
Әулиеата өңірінде Дәулетбаевтар әулеті қалаға іргелес Үшбұлақ стансасында барак үлгісіндегі үйлерде тұрған. Әкесі Қантай – теміржолшы, анасы Сәден – үй шаруасында. Науқан кезінде іргедегі колхоздың жұмыстарына қатысып тұрады. Қолда азын-аулақ мал бар. Оларға қыстық азық дайындау да оңай емес. Шәріп ойын баласы болса да, үй шаруасына көп көмектесетін. Алқаптан қызылшаның, көкөністің, арпа-бидайдың масағын теру, ауыл іргесіндегі қолат-қойнаулардан шөп шабу, оны сыртта шөмелелеу, үйге әкеліп маялау, малға қарау сынды ауыл баласының міндетіне жататын жұмыстардың бәрін де атқарды. Бірақ жүрдім-бардымы жоқ, өте тиянақты болатын. Тілалғыш, кісімен тіл табысқыш. Көп жерде осы қасиеттерінің көмегі де тиген.
Алғашында ауылдағы бастауыш мектепке барған Шәріп жетінші сыныпқа дейін Михайловкада (қазіргі Сарыкемер), жоғары сыныптарда Жамбылдағы (қазіргі Тараз) №320 теміржол мектебінде оқыған. Ә дегенде жоғары оқуға түсудің реті келмей, екі-үш жыл теміржолда оны-мұны жұмыс істеді.
1967-1969 жылдар аралығында әскерде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан. Ресейдің Мәскеу, Горький, Пенза қалаларында әскери қызметте болғанында мектепте орысша оқығанының көп пайдасын көрді.
Әскерден кейін тағы бір жыл әртүрлі жұмыстар істеді ауылда. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының экономика факультетіне оқуға түсудің сәті 1970 жылы бір-ақ туған. Онда да кешкі бөліміне. Сақайып қалған жігіттің кешкі бөлімде оқығанының бір пайдасы күндіз өндірісте жұмыс істеуге мүмкіндігің бар.
Шәріп басында солай жасаған. Үйдің тірлігі, одан кейін сол баяғы үйреніп қалған теміржолдың төңірегінде реті келген жұмысты атқара берді.
Білімге сусап түскен адамның оқуға құштарлығы артып, ынталана түсетіні заңдылық. Кешкі бөлімде оқыса да, Шәріп бір сабақты да жібермеуге тырысатын. Оқыған сайын мамандығына деген қызығушылығы арта түскендей. Үнемдеу, қаржы нарығы, бюджет туралы там-тұмдап көзі ашыла бастады. Айналып келгенде, бәрі де ақшаның айналасында. Ақшаға кім қызықпаған? Бірақ ақшаның қорын жасай, оны орынды жұмсай, мүмкіндігіне қарай үнемдей де білу керек. Қысқасы, есептей білгеннің есесі кетпейді.
Осындай ойдың жетегіне ерген Шәріп енді мамандығына қатысы бар жұмыс іздеуге бел байлаған. Құдай қайдан батылдық бергенін қайдам, ол жұмыс сұрап Жамбыл қалалық қаржы бөлімінің меңгерушісі Ықсан Керімқұловтың алдына барды. Жүзі жылы кісі екен. «Түсі игіден түңілме» деген бастықтың жылы қабылдауынан батылдығы арта түскен Шәріп үлкен кісінің алдына институттың кешкі бөлімінде оқитынын, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетінін жайып салған. «Талапты ерге нұр жауар» қағидасын ұстанды ма, әлде «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қамқор ойға келді ме, бастық Ықсан Керімқұлов жас жігітті алты ай сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдауға бұйрықты берді де жіберді. Бірақ жартымды айлығы жоқ. Мейлі ғой, Шәріпке жұмысқа қабылданса болғаны. Әрі қарай бәрі де өзіне байланысты. Ол мамандығы бойынша қызметке – қаржы бөлімінің инспекторлығына осылай қабылданған.
Міне, содан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі 40 жылда Шәріп Дәулетбаев талай жауапты қызметтер атқарған. Бәрінде де абыройлы болды. Жұмысты жақсы істемеген адам қызметте де өспейді. Ал Шәріп үнемі өсу үстінде. Демек, жақсы қызметкер болғаны ғой. Ә дегенде экономист, одан аға экономист, одан бөлім бастығы… осылай сатылай келе 1974 жылы Орталық аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалған. Осының бәрінде оның «Есептей білгеннің есесі кетпейді» ұстанымы мен елмен тіл табыса жұмыс істеуінің пайдасы болмай қалған жоқ.
Алғаш жұмысқа кірген кезінде ғой, оған қаладағы №12 учаске бекітіліп берілген. Учаскесінде 400-500 түтін шамасында бар. Тұрғындарының барлығы дерлік өзбек ағайындар. Әр отбасынан жер, мүлік салығын жинауы керек. Кешке дейін көше кезіп үй аралау. Салық қолма-қол ақшамен төленуі керек. Біреу береді, біреу бермейді. Шын мәнінде де, табанасты ақшасы болмай қалғандар кейінге сілтейді. Осындай сабылудан шаршаған Шәріп әкесінің ақылымен өзбек махаллалары ақсақалдарының көмегіне жүгінген. Сол-ақ екен, жұмысы жүріп бергені. Әкесі марқұм: «Балам, өзбектерде махалла деген болады. Әр махалланың сөзі өтімді ақылшы ақсақалы болады. Барлық ұлтта бар ғой, үлкенді сыйлау, сөзін тыңдау. Міне, сен сол үлкендердің көмегіне жүгін. Сонда ісің ілгері басады», – деп ақыл берген. Әке ақылымен жұмыс істеп еді, көрсеткіш екі-үш айда-ақ көтерілді де кетті.
Орталық аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүргеніне 3 жыл болғанында-ау шамасы, Шәріп аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне ұсынылған. Сәл жүрексінгендей болған жас коммуниске сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Лидия Абылғазықызы Ахметова дем берді. «Бар. Еш нәрседен қорықпа. Қорықпаған адам ғана жетістікке жетеді. Тек ынта, ықылас болсын», – деді ол кісі. Бірінші хатшының қайрауы күш берген Шәріп шын мәнінде де жұмысқа білек сыбана, батыл кірісіп кеткен.
Бұл қызметте сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті. Міндеттіге қаладағы барлық мекеме, кәсіпорындар жатады. Құдай бетін аулақ қылсын, оларда бір бақытсыздық, төтенше жағдай, апат бола қалса, шығын мемлекет қаржысы есебінен қалпына келтіріледі. Тек орын алған оқиға түбегейлі, жете тексерілуі керек. Адам аласы ішінде, төтенше жағдайды қолдан жасайтындар да бар ғой.
Тағы да өсу. Араға 5 жыл салып, Шәріп Қантайұлы Орталық аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалған. Қызметіне қарай, ауатком мүшесі, әкімшілік комиссия төрағасы. Аудан аумағындағы барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеменің жұмысы қалыпты жүруін қамтамасыз ету керек. Бәрі де ақшаға байланысты. Таразы басын тең ұстап, бәріне де ақшаны жеткізу керек. Ол үшін қаланың қаржылық кіріс-шығыс жағдайы қатаң қадағалауда болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ең керегі – әділеттілік. Қызметте әділетті болғандығынан шығар, Шәріп халық қалаулысы атанып, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Сайлаушылар сенімі жауапкершілікті арттыра түсті.
Тағы да өсу. Шәріп Дәулетбаев облыстық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне тағайындалды. Байқауға қатысқан бес үміткердің ішінен таңдау осыған түскен. Бұл лауазымға 1985 жылы келген ол сақтандыру саласында табаны күректей 8 жыл қызмет атқарған. Салада бұрын да жұмыс істеп әжептеуір тәжірибе жинақтаған Шәріпке онша қиын соққан жоқ. Бірақ оңай да болған емес. Қанша дегенмен бүкіл облыс бойынша ғой. Аудандарда аумақтық мемлекеттік сақтандыру инспекциялары болғанымен, негізгі жауапкершілік – облыста. Әсіресе шаруашылықтарда жұқпалы мал ауруларына байланысты болатын мал шығыны, ауа райының қолайсыздығына байланысты егістік алқабын есептен шығару, тұқымға, жер өңдеуге кеткен, тағы басқа шығындарды мемлекет есебінен қалыпқа келтіруде қиындықтар көп. Ондайда мәселе жергілікті жерден асып, облыстық деңгейде тексеруге тура келеді. Нағыз «қиналған Жамбыл жері – осы» қиындығына тірелетін жағдай да осындайда туындайды ғой өзі.
Былай қарасаң, адамдар бар ынта-ықыласымен жұмыс істеп-ақ жатыр. Бірақ төтеннен пайда болған індет немесе ылғал жетіспеушілігінен туындаған құрғақшылық шарасыздыққа ұшыратып жатады. Кейде қора-қопсының бүтінделмеуі де, жердің дұрыс өңделмеуі де – шығынға апаратын жол. Ондайда ұпай жинап қалғысы, ұнамайтын қызметкерлерден құтылғысы келген басшылар барлық кінәні солардың төбесіне үйіп-төге салуға тырысады.
Қай жылы екені есінде жоқ, әйтеуір, партияның тақтан таймаған кезі, Сарысу ауданының шалғайдағы бір шаруашылығында, «Шығанақ» кеңшары болуы керек, мал шығынына жол беріліп, бөлімше меңгерушісіне кінә артылған. Тіпті, ісі аупарткомның бюросында қаралып, «партбилетті үстелге қой» деген де қаһар төнген. Ана байғұс ауа райының қолайсыздығын алға тартып шыр-пыр. Партиядан шығарылған соң, ісі сотта қаралады. Содан жанайқайы шығып, араша сұрайды ғой тиісті орындардан.
Осы мәселенің ақ-қарасын ашуға барған беделді комиссияның құрамында облыстық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы Шәріп Дәулетбаев та бар еді.
Әу баста ауданда айқайға аттан қосқандардың мәселені қомпайтып жібергендеріне имандай иланғандар кінәлаушы жақтың ыңғайына ауып бара жатқан сияқты. Мәселенің мәнісі, кінәлі саналған маманның ертеңі ешкімді де ойландыратын емес.
Шәріп осы жерде бір мәселені ашына айтты және ашығын айтты.
– Қойлардың қырылу себебі қатты соққан желдің екпінінен қамыс қораның қабырғалары құлап, отардың қар аралас боранның өтінде, қораның төбесін дауыл алып кетіп малдың нөсер жауын астында қалуынан. Табиғаттың дүлей күшіне бөлімше меңгерушісі де, шопан да қалай қарсы келмек. Оның үстіне мал төлдету науқаны да жақындап қалған. Буаз мал аңғал-саңғал қораның ашық-тесігінен соққан суық желге қалай шыдасын! Бірен-саран ерте төлдеген қойлардың қозылары шопандардың үйлерінде адамдармен «бірге» тұрып жатыр. Малшылардың өздерін былай қойғанда, балаларының қолында емізік кигізілген бір-бір бөтелке сүт. Қоғам малына осындай жанашырлықпен қамқорлық жасап жатқандарды жазықсыз жазалауға болмайды ғой. Керісінше, оларға келтірілген шығынды міндетті мемлекеттік сақтандыру қорынан төлеу керек. Менің ұсынысым – осы. Оған келіспейді екенсіздер, онда мал қыстату қарсаңында қора-қопсыны кез келген жағдайға төзетіндей етіп дайындамаған жоғары тұрған басшыларды жазалаңыздар! Қысқы маусымға дайындықты тексеру кезінде партияның бақылау тобының қырағылығы қайда? Сонда дабыл қағылса, мұндай келеңсіздікке жол берілмес еді. Табиғаттың тосын мінезіне қарсылық көрсете алмағанмен, дәл мынадай орасан шығын орын алмас еді ғой.
Комиссияның қорытындысында облыстық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы Шәріп Дәулетбаевтың айтқан дәлелді дәй бөлімше меңгерушісі партиялық жазадан да, қылмыстық жазадан да аман қалған.
Осы жолы Шәріп өзінің қызметтік міндетіне адалдық танытты. Ол әрі әкесі әрқашан қадап айтатын «Жақсылық жаса адамға!» қағидасын ұстанған.
Ой, ондай оқиғалардың талайы кездесті ғой қызмет бабында. Ондайда біреудің обалына қалмау керек, мемлекет мүлкінің талан-таражға ұшырауына да жол бермеу керек. Ең бастысы – адалдық.
Еліміз жаңа қоғамдық жүйеге көшкеннен кейін мемлекеттік сақтандырудың мәнісі кете бастаған кезде Шәріп Дәулетбаев облыстық әкімдікте мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысқан. Одан кейін біршама уақыт сыртқы инвестициялар комитетінің төрағасы қызметінде сырттан инвестиция тартуға атсалысты. Уақыт талабына сай комитет тарағаннан кейін облыс әкімдігі экономикалық жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.
Түсіне білген кісіге қызметтің үлкен-кішісі, жауапты-жауапсызы жоқ. Лауазым – атқарған қызметіңе, сіңірген еңбегіңе қарай. Қандай лауазымда болса да, саған жүктеген жұмыс жауапты. Шәріп жұмыстағы жауапкершілікті жоғары қоятын. Ұстанымы – әділдік, адалдық, адамдарға жақсылық жасау.
Міне, үш жыл болды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Облыс ардагерлер ұйымының кезектен тыс болған конференциясында делегаттар Шәріп Қантайұлы Дәулетбаевтың осы қызметке кандидаттығын қолдап дауыс берген. Міне, содан бері міндетті қызметін мінсіз атқарып келеді.
Қызмет дегенде не, ардагерлер ұйымдарының негізгі мақсаты қоғамның алға басуына барынша үлес қосу ғой. Бұл ретте қариялар – негізінен ақылшы, кеңесші, бағалы бастама көтеруші. Ондайда олар өздерінің өмірлік бай тәжірибелеріне сүйенеді. Жастарға істің көзін көрсетеді. Істің көзін тапқанды табыстың өзі табатынын айтады ақылмен. Сондайда ғой, кейбір сабырсыз жастардың «Қазір жаңа заман, жұмыста жаңа технология, шалдар оны түсіне бермейді. Өздері түсінбеген соң, тыныш отырса қайтеді?!» дейтіндері бар күйгелектеніп. Иә, заман жаңа, технология жаңарғаны рас, бірақ жұмыста бәрібір тәжірибе керек. Қариялар осыны сабырмен түсіндіргенде ғана сабасына түседі әлгі қызбаланғандар. Ол үшін қариялардың өздеріне сабыр керек. Олар сабырмен ұтымды ұсыныс, пайдалы пікірлерін айтқанда ғана іс ілгері баспақ.
Шәріп – осындай ойлы пікір айтатын қариялардың бірі. Жастардың жанашыры.
Отан отбасынан басталады. Адам Отанға, елге жақсы қызмет етуі үшін оның отбасында береке, қалыпты жағдай болуы керек. Бұл ретте, Құдайға шүкір, Шәріп – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Асят жеңгей екеуі жарты ғасырдан асты бір шаңырақтың астында әке-шеше ошағының отын сөндірмей, түтінін түзу шығарып келеді.
Олар Құдайдың берген бес ұл-қызын заманға сай өсіріп, тәрбиеледі. Бәрінің де білім алып, мамандық меңгерулеріне жағдай жасады. Үш ұл, екі қызы бәрі де жоғары білімді. Қызығы сол, бәрі де экономист, бухгалтер мамандықтарын таңдаған. Бұл «Есептей білгеннің есесі кетпейді» ұстанымындағы әке жолын ұстанғандар шығар? Әрине, қазір әрқайсысы заман ағымына сай әр салада. Шәріп пен Асят – олардан немере-шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Бүгінде 75 жасқа толып, тамыры тереңге кеткен бәйтеректей жапырақтары жайқалып отырған Шәріп Қантайұлы туралы айтудай-ақ айтқан сияқтымыз. Дегенмен, оқырман қауым «Осынша дәріптеген Дәулетбаевы мақтаулы қызмет үшін марапатталмағаны ма?» дейтіні сөзсіз. Қазір өзі кейбіреулер елге сіңірген еңбегіңді алған марапаттарыңмен бағалайтыны бар ғой.
Мәселе оған тіреліп тұрған болса айтайық. Шәріп Қантайұлы Дәулетбаев – мамандығының ең жоғары марапаты «КСРО-ның үздік қаржыгері» төсбелгісінің иегері. Кеңестік кезеңде КСРО Қаржы министрлігінің, КСРО Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар кеңесінің, облатком, қалаатком, ауаткомның Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Тәуелсіз Қазақстан тұсында ел Президентінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Омырауында «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі жарқырайды.
Ең бастысы – ардагер-әріптестерінің сый-құрметі, қошеметі. Одан да бастысы – ол облыс ардагерлері сенім артып, міндет жүктеген басшылардың бірі.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.