Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсылық Үшкемпіровтың турнирінде 341 бала жүлдеге таласады

0 527

Таразда Олипиада және әлем чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған республикалық турнир басталды. Грек-рим күресінен ұйымдастырылған жарысқа 2005-2007 жылы туылған 341 жасөспірім қатысуда,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Өздеріңіз білетіндей, жуырда қаладағы еңселі «Тараз-Арена» спорт кешеніне белді балуан Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілген. Енді осы кешенде есімі аңызға айналған Жақсылық Үшкемпіровтің турнирін өткізуге грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы және облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының үлкен қолдау көрсеткені байқалады. Жарыста қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрінген балалар 300 мың теңге, екінші орын еншілеген спортшылар 200 мың, ал үздік үштіктен көрінгенген балалар 100 мың теңге ынталандыру сыйлығын алады. Сондай-ақ әр салмақ бойынша жеңімпаз атанған спортшылардың жаттықтырушысына 100 мың теңге таңайындалған. Айта кетелік, еліміздің әр аймағынан келген балалар 10 салмақ бойынша жүлдеге таласады.

Турнирді тамашалауға Олимпиада, әлем чемпионатының жүлдегерлері де арнайы келді. Олардың қатарында Юрий Мельниченко, Ермахан Ыбыраймов, Болат Жұмаділов, Елдос Сметов, қазақ күресінен талай мәрте топ жарған Бейбіт Ыстыбаевтар және еліміздің Еңбек сіңірген жаттықтырушылары да. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, спортшыларға табыс тіледі.

–Бүгін Әулиеата топырағында осыдан 41 жыл бұрын еліміздің атын әлемге танытқан белді балуан Жақсылық Үшкемпіровтың турнирі басталғалы тұр. Біз осындай жеңіс жолында барын салған азаматтарды қашан да құрметтеуіміз керек. Оның есімі грек-рим күресінің тарихында қалды. Бүгін белді балуанның ізін жалғаған балаларымыздың көп екенін көріп отырмыз. Оның үстіне Олипиада ойындарының трихында бокс және күрестен жүлде алған жампоздарымыз да келіп отыр. Бұл әрине қазақ спортшыларының Жақсылық Үшкемпіровке құрметі ерекше екенін аңғартады. Спорт тарихындағы маңызы бөлек төрнирге қатысып отырған балаларға табыс тілеймін,–деді Бердібек Машбекұлы.

 Балуандар үшін маңызы бөлек турнирге облыстан 36 жас қатысуда. Оның ішінде жасөспірімдер арасында әлем, ел чемпионатынан жүлде алып жүрген өрендер бар. Мысалы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, бүгінде өзі басқарып отырған облыстық спорт-интернатының намысын қорғайтын 16 балаға сенім артатынын айтуда.

–Қазақтан шыққан белді балуан, аты аңызға айналған Жақсылық ағамыздың турнирі бірінші рет осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Жарысқа еліміздің барлық облыстарынан және көрші Қырғызстан мен Тәжікстаннан балалар келді. Шынтуайтында Жақсылық Үшкемпіровтің спорттық мансабын үлгі етіп, талмай еңбек етіп жүрген балаларымыз баршылық. Олар әлем чемпионаттарында да тәп-тәуір өнер көрсетіп келеді. Бүгінгі жарысқа келген жасөспірімдердің арасынан да болашақта еліміздің мерейін үстем ететін жастар шығады деп ойлаймыз. Болашақта осы турнирді ерлер арасында да өткізсе дейміз. Себебі Жақсылық ағамыз бозкілемге шыққанда күллі қазақ елі шаруасын шетке ысырып, белдесуді тамашалаған. Біз де қолдан келгенше осы турнирді жыл сайын өткізуге күш саламыз. Мен басшылық етіп отырған облыстық спорт интернатынан 16 бала жүлдеге таласып көреді. Олардан жеңіс күтеміз,–дейді Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Достықұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.