Шетелге жұмыс істеймін деп барып, елге қайта алмай қалған отандасымыз Әнел Бермағанбетке көмек қажет, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Бойжеткен әлеуметтік желіге Лаоста жұмыс берушілердің өзін қамап ұстап отырғанын жариялаған еді. Ол 4 күннен бері төрт қабырғаға қамалып отырғанын айтты. Қазір Әнел секілді жалақысы жоғары жұмыс іздеп шекара асқандар көп.
Әнел Бермағанбет – қытайлық компанияда жұмыс істеп, өз брендін қалыптастыру үшін Таиландқа ұшып барған. Содан кейін оны жұмыс берушілер қайыққа отырғызып, басқа жағаға алып кетіпті. Бұл туралы отандасымыз желідегі парақшасында жазды.
“Мен негізі бұл жаққа менеджер болып жұмысқа келгенмін. Бірақ, мен жұмыс істеймін деп келген компания өкілдері алаяқ болып шықты. Бірнеше күннен бері бөлмемнен шыға алмай отырмын. Жұмыс берушімен сөйлесіп, бұл жерде қалмайтынымды айттым. Елге ораламын дедім. Ал, олар мені жібермейміз деп отыр. Маған 1 жыл осында болуын керек деген шарт қойды”, – дейді отандасымыз Әнел Бермағанбет.
Жанайқай Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне де жеткен. Олар Лаос Сыртқы істер министрлігіне Әнел Бермағанбетті құтқаруға барынша көмек көрсетуді сұрап, тиісті нота жолдағанын хабарлады. Қазір отандасымыздың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, ол дипломаттармен және өз туыстарымен үнемі байланыста – дейді министрліктің баспасөз қызметі.
“Лаос полициясы бұл мәселемен қазірдің өзінде айналысып жатыр, Лаос Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі. Бұл мәселе Вьетнамдағы елшілігіміздің ерекше бақылауына алынған. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы елшілігі Қазақстан азаматының еліне оралуына қажетті көмек көрсетеді”, – дейді сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство өзге елге жұмысқа орналаспас бұрын барлық құжаттармен толық танысып, мұқият зерттеуге кеңес береді. Әйтпесе, сан соғып, сандалып қалуың бек мүмкін екенін жасырмайды. Жылпы былтыр Әнел секілді жақсы жалақысы бар жұмыс іздеген 8 мыңға жуық қазақстандық шекара асқан. Олардың басым көпшілігі 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыс күші. Айлықтың аздығы шетелге кетуге әсер етті дейді олар.
”Менің Кореяға келгеніме, міне, төртінші ай болып жатыр. Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлық аз болды. 1 айда тапқанымыз Қазақстанда 3-4 айда табамыз. Тұратын үйіміз, жұмысымызда азанғы, түскі, кешкі тамақ береді. Жататын жеріміз тегін”, – дейді Кореяға кеткен жұмысшы.
Жақсы өмір аңсап, сыртқа кететіндердің көпшілігі білімді жастар. Тіл білетін болған соң, мұндағы жалақы олардың оң жамбасына келе бермейтін көрінеді. Тығырыққа тірелген Әнел Бермағанбетке қатысты ІІМ тексеру жұмыстарын бастады.