Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жаңатас ЖЭС» – Орта Азиядағы ең ірі жоба

0 1  284

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов облысымызда жұмыс сапарымен болып, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге бірқатар нысандарды аралады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Қонақтар «Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамына барып еліміздің оңтүстік өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған алып стансаның  жұмысымен танысты.

«Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі Владимир Мележик энергия көзін өндіруші кәсіпорынға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Аймақтағы қуатты электр стансасына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қолбайлау болып отырса керек. Бұл мәселелерді шешу үшін электр энергиясының тарифін көтеру халықтың қалтасына оңай тимейді.

Жалпы, экономиканың көтерілуі, өнеркәсіп өндірісінің өсімі секілді кез келген жетістікке қол жеткізу электр энергиясымен тікелей байланысты екені анық. Әсіресе электр қуатына  деген сұраныс артқан мына заманда стансаның әлеуетін көтерудің де маңызы зор. Осыны ескерген министр  электр энергиясын өндiретiн компанияны шығынға батырмаудың жолын қарастыру, энергоблокқа келетін газ тарифін қайта қарастыру секілді бірқатар мәселелер жөнінде кеңесті.

Келесі кезекте министр Сарысу ауданындағы «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС жұмысымен танысты.

Стансаның жұмысы туралы бас директоры Гуо Ким баяндады. Оның айтуынша, China Power – State Power Investment Corporation Ltd-тің негізгі еншілес кәсіпорны. China Power-тың негізгі кәсіпкерлік қызметіне ірі электр стансаларын дамыту, салу, иелену, пайдалану және басқару кіреді. Компания өткен жылы әлемде жалпы қуаттылығы 176 миллион кВт-ты құрайтын электр стансаларын орнатқан.

Бас директордың айтуынша, жүзеге асып жатқан жел электр стансасының қуаттылығы 100 мегаватты құрайды. Мұнда жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше аймақты жарықпен қамти алады.

Бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары толықтай Қытайдан әкелініп орнатылған. Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды.  Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған. Бүгінгі таңда орта есеппен 15 миллион кВт/сағ. электр энергиясын өндіруде.

– Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Қажетті жел көзі болғандықтан, үш жылда осындай айтулы жобаны жүзеге асырып отырмыз. Ендігі жерде тек жел электр стансаларын ғана емес, күн электр стансаларын да салғымыз келеді. Жалпы Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да желден де, күннен де электр қуатын өндіруге ыңғайлы. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – деді Г. Ким.

Сондай-ақ серіктестік өкілі осы аймақтан зауыт салуды жоспарлап отыр.

– Зауыт салып алсақ, жел және күн электр стансаларына қажетті құрал-жабдықтарды шет мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде жасап құрастыруға мүмкіндік алар едік, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жобаға министрлік тарапынан қолдау көрсетуді сұрап.

Сонымен қатар, аймақ басшысы осында жергілікті компания өкілдері тағы да 400 мегаваттық жел электр стансасын салғалы отырғанын, оларға 130 гектардан астам жер бөліп берілгенін айтты.

Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС мен басқа да жобалармен таныса келіп, ел игілігіне бағытталған жобаларға қашанда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандармен сөйлесіп, олардың осы кәсіпке маманданып, болашақта отандық компаниялардың тұтқасын ұстайтын азамат болуларына тілектестігін білдірді.

Жалпы бұл жоба болашақта оңтүстік өңірдің электр энергиясына тапшылығын жойып қана қоймай, тау-кен өндіруші кәсіпорындардың да жұмысының тиімділігін арттырмақ.

Бұдан бөлек, Сарысу ауданы аумағында кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Yildirim Group» компаниясының президенті Юксель Йылдырымның қатысуымен ірі жобаның іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.