Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңашыл жобаларға – жан-жақты қолдау

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады

0 683

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһар көлемінде жанданып жатқан жобалар барлық салаға серпін беріп, көкжиегін кеңейтуде. Әлеуметтің әлеуеті артып, бұқара мен билік арасында берік байланыс орнай түсті. Ал 2023-2025 жылдарға арналған қаланың даму жоспары жаңа белестер мен тың бастамаларға жол ашты. Бүгінде оған жемісін берген жұмыстар мен жүйесін тапқан жобалар дәлел.

Нәтижесінде облыс орталығындағы біраз жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерге ден қойылып, бірқатар жоба жүзеге асуда. Жұмыстың жоспарлы жүргізілуінің арқасында мүлдем асфальт төселмеген жолдар тақтайдай тегістеліп, күн батса, түнек құшағында қалатын көшелер мен шағынаудандар самаладай жарқырап тұр. 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген жылу желілері жаңғыртылып, тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтуде.
Күн өткен сайын көркейіп, өркендеп келе жатқан көне шаһардағы осындай толайым тірлікті көргенде көңіл қуанады. Алайда істелген іске тоқмейілсуге болмайтыны анық. Өйткені алда атқарылар жұмыстар әлі көп. Сол себепті олардың барлығын бақылауда ұстау аса маңызды.
Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралап, жұмысымен танысты. Әуелі аймақ басшысы Әулиеата ауданына қарасты «Шайқорық» алқабындағы көтерме көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты.
Аталған қойма бір мезетте 2 мың тонна тауарды сақтауға шақталған. Ал аумағы 1 мың шаршы метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыруға 312 млн теңге бағытталған. Оның ішінде 100 млн теңге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қаржыландырылған.
Қоймада -18°С-тан +1°С-қа дейінгі температура режимінде көкөніс және басқа да өнім түрлері сақталады.
Ербол Қарашөкеев көкөніс сақтау қоймалары баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін алға тартып, кәсіпкердің бастамасына алғыс білдірді.
– Өнімді ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар арқылы маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының күрт өзгеруінің алдын алуға болады. Біз мұндай қойма салуға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Содан соң өңір басшысы ардагерлердің игілігі үшін бой көтерген Белсенді өмір сүру орталығын аралап көрді. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.