Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңарудың жаршысы, жақсылықтың бастауы

0 458

Ежелгі заманнан жалғасын тапқан жыл басы, ұлтымыздың ерекше мерекесі, қазақтың жаңа жылы, көктемнің күлімдеген күндерімен жарыса жететін төл мерекеміз – әз-Наурыз! Бұл күллі мұсылман халқы ерекше тойлайтын ұлы мереке. Наурыз – жақсылықтың бастауы, жаңару мерекесі. Барлық жұртшылық ерекше асыға күтетін, ынта-ықыласпен дайындалатын, алысты жақындатып, өкпе ренішті ұмыттыратын, үлкен-кіші бақытқа бөленіп, күн мен түн теңесетін бұл асыл мерекеміздің тарихы да тым тереңде жатыр.

Наурыз-әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі.Ұлыстың ұлы күнін  Орта Азияда 5000 жылдан аса уақыттан бері тойлап келеді. Бұл мерекені көпшілік тазару, күнәдан арылу, реніштерді ұмыту, барлығын жаңадан бастау деп түсінеді.Түпкі тарихында  араздасқан жандар, жауласқан ру-тайпалар татуласатын болған.

Бүгінгі болмысымыздың бүтін бір бөлігіне айналған Наурыз мерекесі тар жол, тайғақ кешуі көп қилы кезеңнен өткені баршаға мәлім.Наурыз – көпшілігі ойлап жүргендей, діни мереке емес. Сонымен қатар, көптеген ислам елдерінде бұл мерекені атап өтуге тыйым салынған. Сирияда және Иранда Наурыз мейрамы тойланбайды, ал Түркияда мерекені 1991 жылға дейін атап өтуге шектеу қойылған еді. Шамасы, наурыз мейрамын мұсылман мерекесі ретінде қабылдау халықтың этникалық тамырымен тығыз байланысты. Осы уақытқа дейін Орта Азияның негізгі байырғы халқы, яғни қазақтар, қарақалпақтар, өзбектер, қырғыздар, тәжіктер және түркімендер этникалық мұсылмандар ретінде саналады. Соның нәтижесінде, бұл халықтардың барлық ұлттық мейрамдарыдіни ретінде қабылданады.Бұл мереке кезінде ислам діні тарапынан қудалауға ұшырап, Кеңес Одағы кезінде атап өтілуге тыйым салынғанына қарамастан, қазақ халқының ең маңызды мерекелерінің бірі болып қалды. Біздің елімізде де 1926 жылдан бастап бұл мерекені тойлауға қатаң тыйым салынды.Бірақ қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлаған – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов болатын.

1988 жылы Мұхтар Шаханов коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған еді. Хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде берді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады. 2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мереке БҰҰ тарапынан мойындалды.

Наурыз мейрамы мүмкіндігінше көңілді және қызықты атап өтіледі. Ежелде мейрам 13 күнге жалғасқан. Сонда адамдар ауыл-ауылды аралап, наурыз көжеден дәм татып, «Наурыз» әнін айтып, бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, жақсылақтар тілейтін. Барлығына ортақ мейрам. Бұл ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы күні. Қазақ халқы бұл мерекеге Ұлыстық ұлы күні деген екінші атау берген. Наурыз мерекесі заманауи өмірге үйлесімді түрде өзгертіліп келіп, қоғамда достық пен келісімнің нығаюында үлкен рөл атқара бастады.

Наурыздың ықылым заманнан бері келе жатқан ұғым екені, әр дәуірде сипаты біршама өзгеріп отырғаны туралы деректер жеткілікті. Оның атауы ең көне деген рухани құндылықтарымызда да ұшырасады. Бұл – айтулы мейрамның ғұмырының ұзақтығының дәлелі.

Ұлттың көзін ашып, санасын сергіткен «Қазақ» ұлыстың ұлы күні – Наурыздың тарих бедеріндегі өз орнын табуына, тілегі бір туыс халықтардың ортақ мерекесі ретінде жадымызда жатталуына үлес қосайық!

Жанерке   Жанұзақ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Web-журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.