Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңару мен жаңғырудың бастауы

0 114

Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі – тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мұра, қазына. Жер-ана мен адамзат арасындағы үндестікті көрсететін «наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Тәңір сыйлаған тәуелсіздіктің арқасында төл мерекеміз өзгеше сипат алып, жыл өткен сайын түрленіп келеді.

Аталған мереке – ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген ұлық мейрам. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Наурыз – Халықаралық күн деп танылды. Түгел түркі жұртына ортақ бұл мереке береке-бірліктің қайнар көзіне айналды. Ежелгі заманнан бастау алатын мерекені соғдылар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған екен. Сонымен қатар Алаш ардақтысы Əлихан Бөкейханның Наурыз туралы 1916 жылы «Айқап» журналына жариялаған мақаласында: «Алғашқы айпарақ Ғайсадан 5 000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавилия (Шүмер) елінде жасалған Халдей календары. Онда жыл санау күн мен түннің теңелуінен басталған. Ұлы көштер салдарынан халдейлер ыдырап, Шумерлердің билігін парсылар тартып алды. Содан айпарақ Наурыз болып өзгерді», – деп жазады. Ал Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған күні күн мен түн теңелген деп көрсетіледі. Үлкен тойдың басы осы күннен бастау алған деседі. Содан болар, Түркістан облысындағы «кеме қалған» деп кие тұтатын Қазығұрт тауын түркінің ат байлар қазығы санауы тегін емес.
Ұлық мейрам 1926 жылға дейін қазақ жерінде тойланып келген. Алайда ілгері заманда Наурызды өз деңгейінде мерекелеудің мүмкіндігі бола бермеген сияқты. Елдің басына түскен әртүрлі ахуал, халықтың әр алуан көңіл-күйі той тойлаудан аулақтатқаны белгілі. Оның үстіне қалың бұқараны бодандықта ұстаған өктем жұрт өз бағыныштыларын ата салтынан, байырғы дәстүрінен ажыратуға тырысып бақты. Дегенмен араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, ұлы мереке өз ортамызға қайта оралды.
Наурыз тойының тарихы тым әріден бастау алады, ол туралы мыңдаған аңыз-әфсаналар бар. Атақты астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көктасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібіткен. Бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе, «Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтататын көрінеді. Өткен тарихымызға көз жіберсек, іргесін Батухан қалаған Алтын Ордада Наурыз мемлекеттік мереке есебінде саналған.
Бізге жеткен бір аңызда ерте заманда Қазақ елін әлсін-әлсін жау шауып, халық бірде олай, бірде бұлай ауып, мал-жаны қырылып, ел басына ауыр күн туыпты. Сондай қилы да қасіретті жылдың бірінде Наурыз деген қария өзіне қарасты жұртын бастап елге қамал, малға жайлы бір қоныс-қопалы аймақты қыстапты. Құдай оңдап, сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, мал-жаны қыстан аман-есен шығып, ел-жұрт мәре-сәре болыпты.
Наурыз қарт үлкен есепші, астроном екен. Ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған дәл 22 наурыз күні ерте тұрып ел аралап: «Бүгін ұлыстың басталар күні, күн мен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн. Жан-жануар, өсімдіктердің өсіп-өнетін, Жер-анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн. Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң, көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш-пен, мерекемен басталар болсын!

«Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы-қасірет торламасын!», – деп әмір етіпті. Сонымен Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып, ұлан-асыр той жасап, жадап жүрген көңілдерін көтеріпті. Ел қарияға алғысын жаудырып, той қызығын әлденеше күнге жалғастырыпты.
Әне-міне дегенше жаз шығып, күз келіп, көзді ашып-жұмғанша қыс та өтіп, тағы да көктем келіпті. Ел Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша көктем тойына ерекше әзірленіпті. Қария бұл рет жан-жаққа ат шаптырып, тойға маңайдағы алыс-жақын елдің бәрін шақырыпты. Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып: «Тақсыр, сізді ауылымызда өтетін тойға шақырып келдім», – депті. Хан одан: «Ау, бұл қай уақытта жасалған той, той деген жаз бен күзде жасалынбаушы ма еді? Ол кімнің тойы?» – деп таңдана сұрапты. Шабарман жігіт не дерін білмей сасқалақтап: «Наурыз деген қарияның тойы, наурыздың тойы», – деген екен. Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек, хан шапанын жамылып далаға шыққан екен, төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтіпті, көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылыпты. Сонда хан көкірегін кере дем алып: «Бұл бір өміршең, өлмес той болып, ғасырдан-ғасырға жалғасқалы тұр екен», – деп сүйсіне тіл қатыпты. Сөйтіп, сол той – «Наурыз тойы», жеті дәмді біріктіріп жасаған көже – «наурыз көже», той өткен ай «Наурыз айы» аталып кетіпті.
Желісі үзілмеген осындай аңыздардың бірінде осыдан бес-он мың жыл бұрын Жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғария, Сарыарқа, Ерепей, Каспий, Жетісу, Тұран, Еренқабырғада ту көтерген Мықтар елі күндей күркіреп, күн санап көркейіп, көбейіп, бір ту астына тұтастай шоғырланып, береке-бірлігі айрандай ұйып, бақ қарап, Қыдыр дарыған бір дәуірде күн мен түн теңелген Наурыз тойын тойлапты. Сол күні таңда Мық елінің Тәңірқұтылары төбе басына шығып, арайлап шыққан күнге бетін тосып, екі қолын соза жайып: «О, Күнтәңір! Мықтар елінің Көк туын мәңгі желбіретіп, жаққан отын мәңгі лаулат! О, Күнтәңір, жер-жаһанды сілкінуден сақта, жерді топан суыңнан сақта, жерді өрттен сақта, дүлей дауыл желіңнен сақта, елді жерден, ерді елден қуатын тебінді жаудан сақта! О, Күнтәңір, елімді дерт-дербез індеттен, тілден, ділден, діннен, салт-санадан айыратын жын-сайтанның өсек-аяңынан сақта!», – деп көзіне жас ала балқып, орнынан тұрған Тәңірқұтылар енді абызға жол бергендей сыңай білдіреді. Сонда абыз үн-түнсіз қылқобызда «Тоғыз қоңыр» күйін тартады. Абыздан соң алдын ала дайындалған үш жүз алпыс бес күй тартылады. Тәңірқұтылардың тілегінен кейін «Тоғыз қоңыр» атты күйдің, үш жүз алпыс бес жігіттің үш жүз алпыс бес күй ойнауы Наурыз тойын бастауға рұқсат еткендей сыңай білдіреді. Осыдан кейін бірнеше күнге созылған той-думан басталады.
Ескіден қалған сенім бойынша Наурыз күні адамдарға ұйықтауға болмайды деген наным бар. Егер адам ұйықтап қалса, қаны бұзылады-мыс. Сол себепті бұл күні адамға сергектік сыйлайтын наурыз көже ішетін болған. Наурыз көже туралы ел ішінде сақталған аңыздар да бар. Бүгінде Наурыз Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түрікменстанда, Түркияда, Тәжікстанда, Иранда, Әзірбайжанда, Албанияда, Ауғанстанда, Үндістан және Македонияда мемлекеттік мереке санатында. Оны Татарстан, Башқұртстан, Қытай және тіпті Жапонияда да жергілікті деңгейде атап өтеді. Ал 2010 жылдан бастап Наурыз Грузияда ұлттық мереке болып жарияланды.
Көктемнің алғашқы айы – қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулы айрықша күтетін ерекше маусым. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.