Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаһандық мәселені әлем елдерімен бірлесе шешеміз

Шетелдік әріптестермен 4 келісім және 20 меморандумға қол қойылды

0 270

Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Бірақ әлем халқы көбейіп, экология мәселесі туындаған сайын таза су тапшылығы да байқала бастады. Бұл – әсіресе, Орта Азия елдеріне тән құбылыс. Сусыз тіршілік, өмір жоқ. Табиғат биосферасы, азық-түлік өндірісі және әлемдік экономикалық дамуы түгелдей дерлік суға байланысты.

Шынында да, халық санының өсуі мен ел экономикасының қарқынды дамуын ескерсек, 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына 12-15 текше шақырымға жетуі мүмкін. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді. Біріншіден, климаттың өзгеруі, ол мұздықтардың азаюына әкеп отыр. Өз кезегінде бұл өзендердің су қорына әсер етті, яғни жыл сайын олардың ағыны төмендеп бара жатқаны байқалады. Тағы бір маңызды фактор – судың 48 пайызын Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей секілді көршілес мемлекеттерден алып отырмыз. Бұл трансшекаралық өзендер арқылы сумен қамтамасыз ету көбінесе көршілерімізбен келісімшарттық қарым-қатынастарға байланысты деген сөз.
Сол себепті де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған өзекті мәселенің бірі ретінде еліміздегі су шаруашылығын дамытуды көрсеткен еді. Президент құнды құжатта аталған олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қабылдануы қажет екенін нықтап айтты.
Нәтижесінде елімізде мемлекет үшін аса маңызды өз алдына жеке Су ресурстары және ирригация министрлігін құру қолға алынды. Су тапшылығы жылдан-жылға артып отырған қазіргі таңда көптеген ел су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуде. Оларда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай вертикалы ретінде мамандандырылған мекеме дербес жұмыс істейді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы бері халықаралық әріптестермен 4 келісім және 20 меморандумға қол қойды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында сала министрлігі Франция, Германия, Нидерланды, Испания, Жапония және ҚХР сияқты елдердің халықаралық ұйымдарымен, су саласы мекемелерімен, даму агенттіктерімен және компанияларымен әріптестік орнатты. Су саласын дамытуға гранттар түрінде 14 млн доллардан астам қаржы тартылған.
Былтыр желтоқсан айында Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) Балқаш көлін сақтау жөнінде үшжақты ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Келісім аясында көл бассейнін зерттеу және Балқашты сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеу үшін 1,35 млн еуро көлеміндегі грант қарастырылған.
Осылайша Франция тарапы көлге зерттеу жүргізген соң, 2040 жылға дейін су бассейнін дамытудың бас жоспарын жасайды. Осылайша олар көлді сақтау шараларын жасамақ.
Келісім судың жай-күйін өлшеу және талдау, климаттық және антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейінгі су балансын болжауды көздейді. Жобаның мақсаттарының бірі– Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандыру үшін Қапшағай су қоймасының жұмыс режимін оңтайландыру. Зерттеу нәтижелері бойынша өзендерді тазарту, топырақтың тозуы мен судың ластануын болдырмау, балық шаруашылығы мен экологиялық туризмді дамыту, көлді қорғаудың нормативтік-құқықтық базасын құру бойынша шаралар қабылданады.
Сондай-ақ биылғы маусым айында Алматы облысының Балқаш ауданында отандық ғылыми институттар мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Француз ғылыми консорциумы ұйымдастырған ауқымды далалық экспедиция өтті.
Осы жылы наурыз айында Қазақстан мен Қытайдың су шаруашылығы ведомстволары өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта суды ұтымды әрі тұрақты пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ тәжірибе алмасу және кадрларды бірлесіп даярлау көзделген.
Биыл Қытайда отандық су саласының 121 маманы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатыр. Келесі жылы бұл көрсеткіш шамамен 200 адамға жетпек.
Ал тамыз айының басында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Қытайдың ең ірі компанияларының бірінің басшылығымен кездесті. Еліміздің су саласы мамандарын даярлаудың бірлескен бағдарламасын жалғастыру жайы сөз болған кездесуде 2026 жылы да Қытайда курстар ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Айта кетер жайт, аталған курс шығыны толығымен Қытай тарапынан төленеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, курстардың негізгі бағыты – су ресурстарын басқаруды цифрландыру болады.
«Біз Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Онда су саласында жоғары білікті кадрларды даярлауда жүйелі тәсілдің қажет екені атап өтілген еді. Сондай-ақ алдымызда су шаруашылығы саласын цифрландыру және автоматтандыру міндеті тұр. Бұл бағытта да қытайлық әріптестеріміздің тәжірибесі отандық мамандар үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын», – дейді вице-министр А.Абдраимов.
Сонымен қатар осы тамызда Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 90-шы отырысы өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Джамшед Шоимзода, Түрікменстан Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, сондай-ақ бақылаушы ретінде Қазақстандағы Қырғызстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев қатысты.
Тараптар биылғы вегетациялық кезеңде Әмудария және Сырдария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының лимиттері мен жұмыс режимін талқылады. Сондай-ақ мемлекет басшылары – Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшылары белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды.
Сондай-ақ Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған пікірталас өтті. Оған Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) сияқты халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
«Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы өңір үшін өзекті су мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Соңғы екі жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен су ресурстарын басқару саласындағы өзара іс-қимылы айтарлықтай күшейді. Су дипломатиясы жалпы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады, сондықтан біз өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып, өңір алдында тұрған сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға ниеттіміз. Соңғы жылдары атқарылған жұмыстар бұл бағыттың дұрыстығын көрсетіп отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осы қатарда Қазақстан мен Нидерланды су тасқынына қарсы күрес және су саласы мамандарын даярлау бағытында меморандумдарға қол қойды. Бірінші құжатта тасқын суларды реттеу және пайдалану тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ өзен ағыстарын басқаруда Нидерланды тәжірибесін зерделеу қарастырылған. Екінші меморандум Делфт су ресурстарын оқыту институтымен (IHE Delft) жасалып, су саласында мамандар даярлауды, ғылым және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Осы келісімдер аясында нидерландтық сарапшылар елімізде су тасқыны қаупін басқару бойынша оқыту семинарларын өткізді. Сондай-ақ Қазақстанда су тасқынын болжау және модельдеу жүйесін құру үшін Delft-FEWS цифрлық платформасы қолданылып жатыр. Биыл қазан айында Нидерландының Астанадағы Елшілігімен бірлесіп гидрологиялық модельдеуді бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша тренинг өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек жапониялық әріптестермен де берік байланыс орнатылған. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуы бойныша, Жапония Үкіметімен елімізде бөгеттерді кешенді басқару арқылы су тасқынына қарсы шараларды жетілдіруге 2 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу туралы келісім жасалған
Ал Испания Үкіметі Батыс Қазақстандағы жерасты су кен орындарын зерттеуге грант бөлуді жоспарлап отыр. Мұндай халықаралық келісімдер Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындауға бағытталған.
Сонымен қатар Ислам даму банкі де Қазақстанның су саласын дамыту жобаларын тиімді жүзеге асыруға мүдделі екенін анық аңғартып отыр. Бұл мақсатта аталған ұйым Астанада Ислам даму банкі бес күндік семинар өткізген болатын. Бұл іс-шараны Ислам даму банкінің Аймақтық хабы ұйымдастырды.
Семинарда сатып алу, қаржыны басқару, адалдық пен этика мәселелері қозғалды. Мақсат – халықаралық қаржы институты қаржыландыратын жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру, сондай-ақ сатып алу мен келісімшарттар рәсімдеріндегі ашықтық пен сенімді нығайту.
Банк қолдауымен Қазақстанда «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы іске асырылып жатқанын еске сала кетейік. Жобаның бірінші кезеңінде үш жаңа су қоймасы салынып, екі су қоймасы мен 156 канал реконструкциядан өтеді. Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астанада жүргізіледі.
Семинарға қатысушылар банк ұсынған жаңа сатып алу ережелерімен, кеңесшілер мен мердігерлерді іріктеу рәсімдерімен, келісімшарттарды басқару және шағымдарды қарау тетіктерімен танысты. Сонымен қатар адалдықты сақтау, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мәлімет берушілер мен куәгерлерді қорғау саясатына да ерекше назар аударылды.
Шараға мемлекеттік органдардың, орындаушы агенттіктердің, тендер өткізуге жауапты комитеттердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін кеңесшілер мен мердігерлер қатысты. Ал семинардың соңғы күнінде, жекеменшік секторға арналған арнайы сессия өтті. Онда бизнес қауымдастық Ислам даму банкінің тендерлеріне қатысу мүмкіндіктері мен ашықтық пен этика стандарттарын қамтамасыз ету талаптарымен танысты.
«Семинарға 40-тан астам адам қатысты. Оның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да уәкілетті орган өкілдері бар. Соңғы күні мердігер компанияларға арналған арнайы семинар өтті. Бірлескен жобалар Ислам даму банкінің ережелері бойынша қаржыландырылады және барлық рәсім ұйымның регламентіне сай болуы керек. Бұл семинар Қазақстанның Ислам даму банкімен бірлескен жобаларын сапалы іске асыруына ықпал ету мақсатында өткізіліп отыр», – деді «SK Water Solutions» ЖШС комплаенс-офицері Айдын Саттаров.
Аталған бағыттағы жұмыстарды халықаралық сарапшылар жоғары бағалап отыр. Олардың пікірінше, жаһандық проблемаға айналып отырған су тапшылығы мәселесін шешуге бел буа кіріскен Қазақстаның үлгісі өзге елдерге өнеге боларлықтай деңгейде екен.
Мәселен, Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-зерттеу орталығы директоры Динара Зиганшина Қазақстандағы су шаруашылығы саласын трансформациялау бағытындағы Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын ерекше атап өтті. Сарапшының айтуы бойынша, ведомство болашақта саланың дамуына негіз болатын маңызды жүйелі өзгерістердің іргетасын қалаған.
«Министрліктің құрылуы судың Қазақстан үшін басым маңызға ие екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде ауқымды өзгерістер байқалып отыр. Бұл – гидротехникалық құрылысжайларды жаңғырту бағдарламасы, су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру, цифрлық мониторинг пен есепке алуды енгізу, кадрлардың біліктілігін арттыру мен су саласы қызметкерлерін материалдық ынталандыру бойынша кең көлемді бағдарлама. Сондай-ақ трансшекаралық су қатынастарының дамуы да оң бағытта жүріп жатыр. Бұл – ұзақ мерзімді үдеріс, дегенмен болашақ дамуға негіз болатын маңызды жүйелі өзгерістердің іргетасы қазірдің өзінде қаланды», – дейді МСШҮК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Динара Зиганшина.
Сарапшының айтуынша, министрлік енгізіп жатқан өзгерістер су саласының барлық даму бағытын қамтып отыр.
«Жүйелі және кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған дәлел болатын мысалдар да жеткілікті. Соның ішінде экологиялық бағытты күшейткен жаңа Су кодексінің қабылдануы, одан кейін қабылданған әдістемелік ұсыныстар – соның айғағы. Меніңше, министрлік бұл бағытта үйлестіруші ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Жалпы өзгерістер барлық бағытта жүріп жатыр. Ең маңыздысы – қабылданып жатқан шешімдер жүйелі әрі кешенді, және олардың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады», – деп атап өтті сарапшы Д.Зиганшина.
Сол секілді Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігінің Blue Peace Орталық Азия жобасының жетекшісі Александр Николаенко су дипломатиясы саласындағы Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысына жоғары баға беріп отыр.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда аталған министрліктің құрылғанына небәрі екі жыл ғана болса да, ол елдің су шаруашылығын дамыту үшін қажет көптеген бағытты қамтыған.
«Солардың ішінде аса маңызды құрамдас бөлік – су дипломатиясы. Яғни Орталық Азия елдері арасындағы диалог алаңдары мен келіссөздер процестерін қамтамасыз ету, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы Қазақстан алдында тұрған мәселелерді шешу үшін мүдделі әріптестерді тарту. Бұл – өте күрделі үдеріс, алайда соңғы екі жылда Қазақстан республика мен халықтың су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекетаралық әріптестікті дамытуға көп күш салып келеді», – дейді Александр Николаенко.
А.Николаенко Қазақстан мен Өзбекстанның Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы он гидробекетті автоматтандыру жөніндегі бірлескен бастамасын ерекше атап өтті.
Сарапшының пікірінше, министрліктің құрылуы Қазақстандағы су мәселелерін жоғары саяси деңгейге көтеріп, елдің алға қойған мақсаттарын іске асыруға деген ниетін айқындады. Мысал ретінде жаңа Су кодексінің дайындалуы мен қабылдануын келтірді.
«Қазақстанда Су кодексін әзірлеу бірнеше жыл бойы жүргізілді. Дәл осы министрліктің құрылуы жобаны Парламент пен өзге де мемлекеттік органдар деңгейіне шығаруға мүмкіндік берді, өйткені келісу – өте күрделі процесс. Қазақстанның жаңа Су кодексінде тек ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де өзекті, жаңа әрі қызықты нормалар бар. Біз бұл нормалар Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің заңнамалық базасында да көрініс табады деп үміттенеміз», – дейді сарапшы.
Халықаралық байланыстың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап су шаруашылығы саласында 1 805 маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
2023 жылы бассейн инспекцияларының штаты 98-ден 281 адамға дейін өсіп, еліміздің 10 өңірінде коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған мекемелер құрылған. Бүгінгі таңда онда 1 197 маман еңбек етіп жатыр.
2025 жылдың басынан бері «Қазсушар» РМК-ның 425 маусымдық қызметкері тұрақты жұмысқа орналастырылып, еліміздің өңірлерінде гидротехникалық нысандарды қалпына келтіру және салу жобаларын жүзеге асыру барысында 892 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр екен.
Сондай-ақ осы уақыт аралығында «Қазсушар» РМК-ның техника паркін жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, қазіргі таңда жаңа құрал-жабдықтар мен автокөліктер кәсіпорынның барлық арнайы техникасының шамамен 31 пайызын құрап отыр.
Бүгінде ел бойынша «Қазсушар» РМК филиалдары 524 жаңа арнайы техника алды. Олар қазірдің өзінде гидротехникалық құрылысжайларды механикалық тазарту және жөндеу жұмыстарына пайдаланыла бастады. Жалпы кәсіпорынға 757 автокөлік пен құрал-жабдық беру жоспарланған.
Министрлік ұсынған техникалар қатарында экскаваторлар, тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, самосвалдар, тартқыш көліктер, автокрандар, жанармай тасымалдағыштар, қосалқы құрал-жабдықтар мен дизельді генераторлар бар.
Жағымды жаңалық Жамбыл облысында да жетерлік. Айталық, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының «Құлан» өндірістік бөлімшесінің мамандары Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы суару каналында механикалық тазалау және жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осы шаралардың нәтижесінде бұған дейін су бармаған егістік алқаптарына су жеткізуге мүмкіндік туды.
Бүгінде ауданда 2 000 гектардан астам егістік суарылып, жергілікті диқандар шыққан өнімге көңілдері толып отыр. Олар атқарылған жұмыстар үшін «Қазсушар» мамандарына ризашылығын білдіріп жатыр.
«Биыл бұл жерлерге алғаш рет жүгері ектік. Бұрын мұнда ештеңе егілмейтін. Қазір жүгері жақсы өсіп тұр, су уақытылы жеткізіліп жатыр. Болашақта егіс көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Министрлікке, «Қазсушарға» және «Құлан» бөлімшесіне алғыс айтамын», – дейді жергілікті шаруа қожалығының иесі Талғат Құдайбергенов.
Сонымен қатар суару кезеңі басталғалы бері Шу ауданының диқандары 120 млн текше метр су алған. Бұл – «Қазсушардың» жергілікті филиалымен жасасқан келісімшартта көрсетілген көлемнен 6,1 млн текше метрге артық.
Жалпы аудан бойынша 836 келісімшарт жасалып, «Тасөткел» су қоймасынан 113,9 млн текше метр су беру жоспарланған болатын. Бұл көлем 13 207 гектар егістік жерді суаруға арналған.
Қазіргі уақытта Шу ауданының шаруа қожалықтарына су жеткізу жалғасып жатыр. Жергілікті диқандар өнімдерін жинап, «Қазсушардың» Жамбыл филиалына атқарған жұмысы үшін алғыс білдіруде.
«Биыл 20 гектарға пияз ектім, су үздіксіз берілді. Қатты ыстыққа қарамастан, су тұрақты жеткізілді. «Қазсушар» қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері судан еш қиындық туындаған жоқ», – дейді шаруа Асылхан Даданбаев.
Ал диқан Науатбек Әділов 20 гектар жерге қарбыз еккенін, қыркүйекте өнім алуды жоспарлап отырғанын айтады.
«Жақында соңғы рет суарамын. Егістік алқабымыз ауылдың ең шетінде орналасқан. Соған қарамастан егістігімізге су жеткізіп беріп отырғаны үшін «Қазсушарға» және Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс айтамын. Олардың еңбегінің арқасында бізге су толық көлемде жетіп отыр», – дейді ол.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасында 128,3 млн текше метр су бар. Бұл көлем вегетация кезеңін тұрақты өткізуге жеткілікті. Нысан жыл басында бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Су тапшылығының туындау қаупі жоқ, шаруалардың суға сұранысы толық көлемде қамтамасыз етіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, қыркүйек айында Тасөткел су қоймасында су жинау жұмыстары басталады.
Иә, осындай өмірін қара жермен байланыстырған қарапайым шаруалардың ізгі тілегінен-ақ еліміздегі су шаруашылығы саласының алға басып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Бұл ретте, әрине, Мемлекет басшысының салаға серпін беру мақсатында жүктеген тапсырмаларының септігі тиіп отырғанын айтпай кетуге болмас. Соның нәтижесінде әлем елдерімен, шетелдік әріптестермен байланыс орнатылып, оның жемісін де көретін күн алыс еместігіне сенеміз.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.