Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа жоба Жамбылдан бастау алады

0 262

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жасаған алғашқы жұмыс сапары «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытының жұмысымен танысудан басталды.


Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Бұл зауыт ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарумен айналысып келеді. Серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров Президентке өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп берді.

2016 жылы зауытқа жүргізілген қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріпті. Биыл зауыт 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Оның ішінде 24 мың тонна азот, 122 мың тонна фосфор тыңайтқышы бар. Ішкі нарықты өніммен толық қамтамасыз ете отырып, тыңайтқышты Қытай, АҚШ, БАӘ, Ресей елдеріне де экспорттаған. Бүгінгі таңда кәсіпорында 1000-нан аса адам жұмыс істесе, олардың 344-ін әйелдер құрап отыр.

Жалпы алғанда республика бойынша Жамбыл өңірі химия саласының ең дамыған аймағына жатады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы аса қауіпті лаңкесті ұстау барысында қайтыс болған тараздық полицей, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың шаңырағына барып, батырдың жанұясымен танысты. Президент Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, оның есімі ел жадында мәңгі сақтала беретінін жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаланың орталығындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, саябақ аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты. Бұл орталық Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ашылып, бүгінде шаһардың маңызды мәдени-тарихи орындарының бірі саналады. Аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келіпті. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың саяхатшы келіп, тарихи жәдігерлермен танысқан.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстағы зиялы қауым, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен кездесті. Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, алғашқы сөзді баяндама жасау үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берді.

– Сан ғасырдың куәгері – көне Тараз бүгінде құтты мекенге айналды. Ұлттық тарихтың жауһарына айналған шаһардың мәні мен маңызын ұмытпау – біз үшін парыз. Хандықтың қазығы қағылған Әулиеата өңірінде ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Шу мен Талас аймағы, шын мәнінде, бабалар ізін сақтап, ел қуатын арттыруға зор үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Сондықтан елдің жағдайымен танысып, халықтың тұрмысын өз көзіммен көру үшін Жамбыл облысына арнайы келіп отырмын. Облыстың қазіргі тынысы қандай, халықтың көңіл-күйі қалай деген мәселелер мен үшін өте маңызды. Жалпы өңірде бірқатар оң жұмыстар атқарылған. Соңғы жылдарда Жамбыл облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсы, айтарлықтай өсім бар. Облыстың әлеуеті мол. Оны бәріңіз білесіздер. Сондықтан әділетті және әлеуметтік мемлекет құру ісін біз одан әрі жалғастыруымыз керек. Ендігі міндет – барымызды сақтап, еңбек ету, жаңа белестерге ұмтылу. Еліміздің әрбір тұрғыны осы маңызды іске атсалысады деп сенемін, – деген Президент өз баяндамасында тоғыз түрлі мәселеге тоқталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші өңірдің әлеуметтік дамуы және тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін қозғады. «Аймақтың өнеркәсіптік және аграрлық мүмкіндіктері зор. Дегенмен аймақ республикалық бюджетке айтарлықтай тәуелді болып отыр. Облыстағы орташа жалақының мөлшері елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі – 112 (жүз он екі) мың теңге. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жамбыл облысының кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Азаматтардың табысы лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты. Қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші тұрғын өзін-өзі қамтыған. Олардың табысы жоғары деп айту қиын. Президент ретінде барлық деңгейдегі әкімдерге ескертемін. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Жақында өткен Ұлттық инвесторлардың кеңесінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 35-40 пайызға жеткізуді тапсырдым. Бұл мақсатты орындауға әр аймақ үлесін қосуы керек.

Әкімдер және кәсіпкерлермен ортақ талқылаған тағы бір мәселе – ол құрылыс жұмыстарының ұзақ жүруі, әсіресе бюджеттік жобалардың созылуы. Сондықтан менің тапсырмама орай әлеуметтік, тұрғын үй, транспорттық нысандардың инфрақұрылымдары құрылысын жүргізуде жаңа бастамалар енгізу үшін Жамбыл облысы пилоттық облыс болып анықталды. Бұл жоба аясында бюджеттік, сатып алу, жобалық-сметалық құжаттар және өзге де құжаттар оңтайланады. Пилоттық жоба биыл бастау алады. Аталған жоба Жамбыл облысында ойдағыдай жүзеге асса, тәжірибе өзге де облыстарға таратылады. Үкімет пен облыс әкіміне тапсырмамды жұмысында басшылыққа алуын тапсырамын», – деді.

Екінші кезекте өнеркәсіптің зор мүмкіндіктерін толық пайдалану мәселесін көтерді. «Индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске басымдық беру керек. Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Облыста 2016 жылы «ЕуроХим» компаниясының жобасы бойынша фосфор өндірісінің бірінші кезеңі аяқталды.

Минералды тыңайтқыш өндірісінің екінші кезеңі Жаңатас қаласында іске асыру 2021 жылға шегеріліп отыр. Сонымен қатар 2020 жылға қарай химия кешенін газбен қамтамасыз ету үшін «ЕуроХим» жобасының екінші кезеңін мерзімімен аяқтау керек. Бұл – химия саласындағы өте ірі инвестициялық жоба, сондықтан Үкімет пен әкімнің назарында болуы керек. Үкімет пен әкімдік қажетті инфрақұрылымдардың тартылуын бірге қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылымдар тартылмай жоба жүзеге аспайды.

Аймақтағы «Тараз» химия паркі» еркін экономикалық аймағы өндірістің «Даму нүктесі» болуы керек еді. Бүгінгі күнге тек бір ғана жоба жүзеге асып отыр, ендеше еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымына 27 миллиард теңге қалай жұмсалған?

Сондықтан Үкімет пен әкімдік аталған еркін экономикалық аймақта жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек. Алдымен құрылысы жоспарланған қант зауытының жұмысын ширату керек», – деп нақты тапсырма берді.

Үшінші кезекте Мемлекет басшысы аграрлық секторды сапалы дамыту мәселесін қозғады. Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе ұлғайту туралы мақсат қойды. Облыстың географиялық жағдайы жаңа нарықтарды игеруге қолайлы. Бұл – өте жақсы мүмкіндік.

Облыста қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының көлемін көбейтуге мол мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы және жеміс-көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайту және өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырды.

Төртінші мәселенің түйіні облыста туризм индустриясын дамыту болды. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек екендігін айта келе Қ.Тоқаев: «Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне үш облыс аумағымен өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек», – деп тапсырма берді.

Бесінші маңызды мәселе облыстың білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын көтеруге қатысты болды.

Жаңа тұрғын үйлерді салу барысында оқушылар үшін орын тапшылығын, үш ауысымды мектеп пен апатты жағдайдағы ғимараттар мәселесін ескеруді, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін халыққа жақын жерге орналастыруды, медицина саласы қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, ауылға келген жас дәрігерлерді ынталандыруды, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды тапсырды.

Алтыншы мәселе аймақтар арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталды. Жамбыл облысының әкімдігіне перспективалы ауылдар тізімін анықтап, оларды дамыту бойынша Үкіметке ұсыныс жасау керек екенін айтты. Алдымен ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға назар аудару қажет: жергілікті маңызы бар жолдар, байланыс, интернет және білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілері.

Жетінші мәселеде Президент облыстағы жемқорлық жайын сөз етті. «Елбасының «Жемқорлықтан азат өңірлер» жобасын тиімді жүзеге асырудың маңызы зор. Жемқорлықты жою барлық деңгейдегі әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Әкімдерге жеке жауапкершілік жүктеледі. Жемқорлықпен күрес – менің Президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі», – деді.

Облыстағы қылмыс көлемін азайту сегізінші мәселеге арқау болды. Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды. Бұған тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет.Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып қатаң жазалау керек. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім.

Сондықтан әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін.

Облыстағы келесі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда есірткі бизнесінің дәурені жүріп тұр. Есірткі сататын астыртын жарнамалар қаптап кетті. Тіпті арнайы сайттар ашылған.

Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет. Жол бермеу керек. Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды. Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек. Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Тоғызыншы мәселе жастарды жан-жақты қолдау туралы болды. Президенттің айтуынша, жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болған және бола береді. Биылғы Жастар жылының аясында қолға алынған тың бастамалар кейін де жалғасын табады.

Ұрпақтың лайықты білім алуы, жалақысы еңбегіне сай болуы, баспанаға қол жеткізуі – бәрі мемлекеттің назарында. Тағы бір өзекті мәселе – жастар үшін ашық әлеуметтік лифт қалыптастыру. Ол үшін Президент тапсырмасы бойынша «Президенттің кадрлық резерві» жасақталады. Оған арнайы байқау арқылы ең үздік 300 жас маман іріктеледі. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қолдау табады.

Баяндамадан соң Қасым-Жомарт Кемелұлы залға жиналған жұртты еркін пікір алаңына шақырды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы жиын тізгінін қайта қолына алып, жарыссөзге жазылған азаматтарға ретімен сөз берді.

Алғашқы болып мінберге облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген көтерілді.

– Құрметті Президент, кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғайтын ұйым болғандықтан еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Айталық, еңбек қауіпсіздігінің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы елімізде 200-ден астам адам өз жұмыс орнында қаза болған. Біздің облыста да 48 жазатайым оқиға орын алып, 60 адам жарақаттанса, 10 адам қайтыс болды. Осының басым көпшілігі жұмыс берушінің тікелей кінәсінен болып отыр. Сол себепті біз еңбекті қорғауды басқару жүйесін заң деңгейінде енгізуді, қауіпсіз жұмыс орнын қамтамасыз етуді, жұмыс берушілерге алдын алу шараларын жасауды және еңбек талаптарын бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды қажет деп санаймыз, – деді.

Келесі сөз жеке кәсіпкер Анар Бексұлтановаға берілді. Ол: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығы деп білемін. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазіргі таңда мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың арасында да жұмыс істеймін деген азаматтар өте көп. Бірақ І және ІІ топтағы мүгедектерге несие берілмейді. Осы орайда айтқым келгені, екінші деңгейлі банктер осы топтағы мүгедектерге бір кәсіппен айналысуына, өз кәсібін ашуына қолдау танытып, қамқорлық көрсетсе», – деді.

Ал келесі сөз алушы Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Евгений Кравчук:
– Құрметті Президент, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылға мұғалім болып орналастым. Сондай-ақ жұмыс барысында республикалық жас ұстаздар байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Менің ойымша, ХХІ ғасырда ауыл мен қала арасында айырмашылық болмауы тиіс. Өйткені бүгінде ұстаздарға деген барлық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұғалімдерге жасалып жатқан жағдай да барлық жерде бірдей. Елбасы педагог мәртебесін анықтау, заңмен бекіту туралы мәселені орынды көтеріп отыр. Біз де оған өз ұсынысымызды білдірдік. Біздің ұсынған ұсынысымыздың мұғалім мәртебесін анықтау туралы заңға енетіні қуантарлық жағдай. Педагог мәртебесі тек заңнан тұрмайды. Ол өзімізге де байланысты. Бала тәрбиесі ұстаздарға ғана емес, ата-аналарға да байланысты. Заң аясында ата-аналарға да жауапкершілік жүктеу керек деп санаймын, – деді ол.

«Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек: «Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. Бұл – Тұңғыш Президентіміздің жастарға деген үлкен қамқорлығының айқын белгісі. Осыған сәйкес жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, тұрғын үймен қамтылуына елеулі көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ өңірімізде жыл басынан «Қамқор» қайырымдылық еріктілер жобасы қолға алынды. Жоба аясында 2000-нан астам ерікті 1000-нан астам отбасына азық-түлік, киім-кешек таратты. Үй шаруашылықтарына қолдау көрсетті. Мұнан кейін де бұл шара тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Жоба аясында Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды. Дәл осындай дүкендер аудандарда да ашылып жатыр. Біз Сіздің «2020 жылды Еріктілер қозғалысы жылы» деп жариялау туралы ұсынысыңызды қолдаймыз. Бұл еріктілерді жаңа бір деңгейге көтереді деп ойлаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өңірімізде жастар кәсіпкерлігін шыңдауға үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Жастарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Алдағы уақытта да жастарға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдау арттырылса деген ұсынысым бар», – деді.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов: «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы өңірімізде бірқатар мәселелердің оң шешілуіне мүмкіндік туғызды. Үндеуде көрсетілген жоғары білімнің қолжетімділігін, студенттерді жатақханамен қамту туралы Елбасының алға қойған тапсырмасын Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. Бұл мақсатта сыйымдылығы 500 адамға арналған ғимарат сатып алынып, бүгінгі таңда студенттер үйі ретінде қолданысқа беріліп отыр. Сонымен қатар қолтаңбалық және ғылыми зерттеушілік қызметті дамыту мақсатында университет жанынан аграрлық және биологиялық ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Өңіріміздің аграрлық аймақ екенін ескере отырып, маман тапшылығын жою мақсатында университеттен қосымша агрономия-өсімдіктану және карантин ветеринариялық-санитариялық мамандықтарды ашқан болатынбыз. Биылғы жылдың қыркүйек айында ветеринария және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Өңірдің өзекті мәселелерінің бірі – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан ірі іргелі ғылыми-зерттеу институттарының филиалдарын облыс орталығынан ашса дұрыс болар еді. Бұл өз кезегінде, біріншіден, әлі күнге дейін шетел селекционерлеріне деген тәуелді болып келе жатқан отандық өсімдік шаруашылығының дамуына серпіліс берер еді. Яғни селекционер жүйесі қалыптасады. Екінші мәселе, отандық өсімдіктанушылардың жер жағдайына мониторинг жасау арқылы өнімді еселеп арттыруына жол ашқан болар еді. Құрметті Президент, алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен байланысты нығайта отырып, бүгінгі күнде аграрлық және техникалық сала бойынша бірқатар жетістіктерге де қол жеткіздік. «Шеберліктің шыңына шықса, мамандықтың бәрі жақсы» демекші, біз қазір жастарға ерінбей еңбек етуді, талмай ізденуді, техника тілін меңгеруді үйретудеміз», – деді.

Жарыссөзге шыққан азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрқайсысына жеке-жеке тоқталып жауап берді. Жиын соңында: «Бүгін өңірдегі біраз мәселені бірге жан-жақты талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Жамбыл облысы – Қазақстанның дамуында өзіндік айрықша орны бар аймақ. Басты мақсат – тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттырып, өңір экономикасын жаңа деңгейге шығару. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Осы маңызды кезеңде ел болып, халық болып, жұмыла еңбек етуіміз керек. Еліміз үшін әр азаматтың үлесі маңызды. Арамызда облыс дамуына ерен еңбегімен үлесін қосып жүрген бірқатар білікті мамандар отыр. Осы сәтті пайдаланып, мен оларды Алғыс хатпен марапаттағым келеді, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жандар Айтишев, «Кнаур-гипс Тараз» ЖШС директоры Мырзабай Бекназаров, «Агроспецстрой» ЖШС бас директоры Марат Рахымбердиев, «Jasau Taraz» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анар Бексұлтанова, облыстық «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Пейішкүл Озықбаеваларды Президенттің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Жамбыл жұртшылығымен кездесуден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әулие-ата» халықаралық әуежайына барды. Президентке Тараз қаласындағы халықаралық әуежайдың еліміздегі жаңа, қазіргі заманға сай әуе айлақтарының бірі екені таныстырылды. Сондай-ақ әуежайдың әлеуеті артып, жаңадан халықаралық және аймақтық бағыттар ашу жоспарланып жатқаны туралы айтылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.