Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Жібек жолы

0 248

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айындағы аймаққа сапары барысында өңірдегі туристік әлеуетті дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.

Толғанай АТАБАЙ

Соның бірі – Алматы, Шымкент, Түркістан, Жамбыл облыстары аумағынан өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық бағытын дамыту жобасы. Осыған орай, облыстық туризм басқармасы «Жаңа Жібек жолы» атты жаңа туристік маршрут жобасын әзірледі. Өткен аптада аталмыш басқарманың ұйытқы болуымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан облыстарынан келген сала өкілдерінен жұмысшы тобы жасақталып, трансшекаралық экспедицияның даму бағытын талқылады.
– Ел Президенті өңірге іссапары барысында әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты екендігін айтып, бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керектігін алға тартты. Сондай-ақ Әулиеата өңірінде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті деген болатын. Жаңа жоба – Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция. Экспедиция алты бағыт бойынша алты туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы жүргізіледі. Бір ерекшелігі, жаңа жол бағыты Қытай және Өзбекстан мемлекеті арқылы өтеді. Экспедицияның мақсаты – жаңа туристік бағыттарды жасау үшін ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту және киелі мекендерді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал етеді. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылады, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Маршрут бағыты Қытайдың Ұйғыр автономиялық ауданынан басталып, Алматы облысын қамтып, өңірде жалғасын табады. Облыстың тарихи-мәдени орындарын аралаған соң, туристер Түркістан облысына ат басын бұрып, Өзбекстан елінде сапарды қорытындылайды. Арнайы құрылған жұмысшы тобы ағымдағы жылдың соңына дейін елімізде өтетін маршруттың бағыттарын анықтайтын болады.
– Жобаны көне керуен жолының қайта жаңғыруы деп есептеуге болады. Экспедиция бағытына Түркістан өңірінен әзірге 13 туристік нысан қосылды. Алдағы уақытта жұмыс тобының ықпалымен бұл бағыттар өзгеруі мүмкін. Түркістан облысында бүгінде 100-ден аса тарихи-мәдени орын бар. Негізгі бағыт Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан баб кесенесін аралау арқылы Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыда жалғасады деп жоспарлануда. Елімізге келетін туристердің талғамымен барынша санасу қажет. Мәселен, Еуропа халықтарын қалалық мәдениетпен қызықтыру оңай емес. Оларды тарихи-архитектуралық нысандар қызықтыратыны сөзсіз. Ал спортшыларды тауға, табиғат аясына шығару арқылы ынтықтыра аламыз, – дейді Түркістан облыстық туризм басқармасының бас маманы Жамбыл Қожамбеков.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.