Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңа зауыт аймақ әлеуетін арттырады

Жылына 36 миллион дана кірпіш шығаратын кәсіпорын іске қосылды

0 311

Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Байзақ ауданының Диқан ауылдық округінде заманауи кірпіш зауыты іске қосылды.

Жаңа өндіріс ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсер ететінін атап өткен аймақ басшысы инвестициялық жобаның бастамашысы, кәсіпкер Берік Жүсіповке алғыс білдірді.
Құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауыт
жылына 36 млн
дана кірпіш шығара
алады.
Өндіріс ошағында 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 15 адамға дейін көбейеді.
Зауыттың құрал-жабдықтары Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады.
Әуелі топырақ, су және көмір арнайы станокта араластырылады. Кейін қоспа тығыздалып, кірпіштің пішініне келтіріледі. Бұдан соң кірпіштер пешке салынып, 400 градус ыстықта кептіріледі. Кейін 800 градус температурада күйдіріледі. Суыған кірпіштерді арнайы роботтар жинап, реттейді.
Дайын өнімдер еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, жақын шетелдерге де экспортталады.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстың негізгі капиталына 245,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,5 пайызға артық.
Жалпы, биыл 115 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылады деп күтілуде.
Былтыр өңірге құйылған инвестицияның жалпы құны 214 млрд теңге болатын. Нәтижесінде 35 жоба іске қосылып, 1 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Еске сала кетейік, 2025-2028 жылдар аралығында облыста жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.