Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңа заңның жаңа талабы

0 44

Қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету шеңберінде қоғамның тұрақты дамуының кепілі – «Заң және тәртіп» принципін сақтау екені белгілі. 2025 жылғы 30 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңға қол қойды.

Жаңа заң қолданыстағы бес заңды біріктірді. Ол мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар мен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Заңның негізгі мақсаттары – құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою жолымен құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту.
Осы Заңда құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің қағидаттары, тізбесі мен өкілеттілігі едәуір кеңейтіліп, жаңа тетіктер айқындалды.
Осылайша, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысқа құқық қорғау органдары ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері, қорғаншылық органдары, БАҚ, бизнес өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқа да құрылымдар тартылатын болады. Олардың әрқайсысының өз жауапкершілігі мен мақсат-міндеттері анықталған.
Үкімет жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан мәртебесі жоғары Ведомствоаралық комиссиялар құру көзделді.
Заңда Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылықтардың профилактикасы) туралы Ұлттық баяндаманы қалыптастыру көзделген, оны Үкімет ел Президентіне енгізетін болады.
Заң жалпы, жеке және арнайы шаралардан тұратын алдын алу жүйесін қайта қарады. Құнды құжатта азаматтарды құқық қорғау органдарына ерікті түрде жәрдемдесу жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ белсенді азаматтарды көтермелеу шараларының жүйесі көзделген.
Құқық бұзушылықтың виктимологиялық профилактикасы енгізілді. Бұл – белгілі бір адамда немесе адамдар тобында құқық бұзушылықтан жәбірленуші болу қаупін азайтуға бағытталған шаралар.
Жеке бапта қоғамдық орындардың түсінігі мен тізбесі енгізілді (75-баптың 1,2-тармақтары).
Өткен жылдың желтоқсан айында газет бетінде жарық көрген сұхбатыма қайта орала отырып, Қазақстан Республикасы заңдарының, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерінің талаптарын орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғауда, ауа-райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын қоғамдық орындарда киюге тыйым салудың енгізілуіне оқырманның назарын аударғым келеді (75-баптың 3-тармағы), олар бойынша сол сұхбатта түсініктеме берілген болатын.
Осы баптың талаптарына қатысты «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының №247 Заңына сәйкес аталған Кодекске қосымша 434-3-бап енгізілген.
«434-3-бап. Қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын кию туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу.
1. Қазақстан Республикасы заңдарының, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерінің талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спортқа тікелей қатысатын адамдар үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда адамды тануға кедергі келтіретін киім заттарын кию туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға, – ескертуге әкеледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет, – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.»
Екі заң да 2026 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енеді.

Гүлназ Сматилдаева,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.