Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа саябақ – жанға сая

0 390

Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері аясында ауылдың атымтай жомарт азаматтарының демеушілігімен салынған «Көктерек» саябағы пайдалануға берілді.

Саябақтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, өңірдің тумасы Берік Асылов, Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков, еңбек ардагері Пермен Алдабергенов пен ауданның Құрметті азаматы, «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергенов қатысып, нысанның лентасын қиды. Сондай-ақ шара қонақтары Ұлы отан соғысы кезінде Берлинді алу шайқасында ерен ерлік көрсеткен Көктерек ауылының тумасы, майдангер Омар Исабековтің құрметіне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін исламтанушы, дінтану магистрі, Алматы облысы Іле ауданының бас имамы Досан Сенбеков әруақтар рухына құран бағыштады.
Алғашқы болып сөз алған Берік Ноғайұлы «Көктерек» саябағының ашылуы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретініне сенім білдірді. Бірлік ауылының тумасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Шаймұрат Отарбаев та өз кезегінде ізгі тілегін жолдады.
Келесі кезекте Әлихан Әбіләшұлы сөз сөйлеп, өңірде ұлтжанды кәсіпкер азаматтардың қолдауымен көптеген істер атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгін туған жерлеріне ту тіккен ауыл азаматтары саябақтың ашылуына демеушілік жасап, игі іске мұрындық болуда. Бұл аудан жастарына да үлгі екені анық. Туған өлкесінің дамуына үлес қосып жүрген өзге де азаматтарымыз жетерлік. Оларға шынайы алғысымды айтамын, – деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Исабековтің ұрпағы Пермен Алдабергенов, ауданның Құрметті азаматы, ақын Қалибек Шайжан, «Биназар» қорының төрағасы Сағат Алдабергеновтер көпшілікті жаңа саябақтың ашылуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Шара барысында бірліктіктер саябақтың айналасына тал көшеттерін ексе, аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
журналист
Мойынқұм ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.